Өскемен қаласында полиция қызметкерлері жоғалған 7 жасар қызды тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Ертіс полиция бөліміне 35 жастағы қала тұрғыны жүгінген. Өз сөзінде ол мектептен шыққан 7 жасар қызының үйге келмегендігін жеткізіп, іздеу жариялауды сұрады.
«Жедел тергеу тобы оқиға орнына шұғыл жетіп, іздестіру жұмыстарына кірісті. Бір сағат ішінде полиция қызметкерлері жоғалған қыздың орналасқан жерін анықтады. Ол аулада балалармен ойнап жүрген. Қазіргі уақытта оқушы аман-есен ата-анасына табысталды», - деді басқарма бастығы Андрей Мула.
Өз кезегінде қыздың анасы жедел-іздестіру шараларына қатысқан барлық тәртіп сақшыларына алғыс білдірді.