Түркі әлемінің ортақ әліпби үлгісі жарияланды. Түркі Академиясының сайтында бұл үлгіні қабылдау туралы декларация да жарияланып отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Біз, Түркі әлемі ортақ әліпби комиссиясының (бұдан әрі – Комиссия) мүшелері Түркі Академиясы мен Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих жоғары кеңесіне қарасты Түрік тілі құрымының ұйымдастыруымен және Түркі мемлекеттері ұйымы хатшылығының үйлестіруімен ұйымдастырылған үшінші отырысын 2024 жылдың 9-11 қыркүйегінде Бакуде өткіздік. Бұл жиынымыздың мақсаты – түркі тілдері үшін ортақ әліпби бойынша келісімге келу және түркі халықтары арасындағы қарым- қатынас пен мәдениет және білім беру салаларындағы тәжірибе алмасуды арттыру жолындағы ортақ талпынысымызды одан әрі жалғастыру.
Біз, Түркі әлемі ортақ әліпби комиссиясының мүшелері Нахчыван келісімшарты мен Turkic World Vision 2040 бағдарламасында атап көрсетілген және түркі халықтары арасында тілдесуді одан әрі жеңілдету үшін әліпби және терминологияда бірізділікке қол жеткізуді көздейтін мақсаттарға сәйкес, Түркі Академиясын құру туралы келісімшарттың 2-бабында белгіленген барлық түркі тілдеріне ыңғайлы ортақ әліпби құрастыру міндетіне сай, Түркі әлемінің лингвист ғалымдары, ағартушылары мен мәдениет өкілдерінің түркі халықтарына ортақ әліпби әзірлеу бойынша осы уақытқа дейін атқарған орасан зореңбегін мойындай отырып, Түркі халықтары арасында бірлік, өзара түсіністік пен ынтымақтастық рухын нығайтуды көздей отырып, Бәріне ортақ стандарт жазу жүйесіне ұмтылу барысында бірегей тілдік ерекшеліктерді сақтаудың маңыздылығын ескере отырып, 2023 жылғы 29 мамырда Астанада және 2024 жылғы 6 мамырда Бакуде өткен Комиссияның алдыңғы екі отырысының қорытындыларын назарға ала отырып, Ортақ түркі әліпбиін пысықтап, соңғы нұсқасын әзірлеу жолында ыждағаттылықпен жұмыс атқардық», - делінген құжатта.
Комиссия мүшелері пікірталас барысында ортақ әліпби бастамасына қатысты түрлі аспектілерді жан-жақты талқылағанын айтқан.
«Нақтырақ айтсақ, біз:
1. 1991 жылы ғалымдар ұсынған, түркі тілдерінің фонетикалық алуандығы ескерілген және үйрену мен қолданудың жеңілдігін қамтамасыз ететін латын графикасына негізделген 34 әріптік ортақ түркі әліпбиі жобасын қарастырдық,
2. заманауи лингвистикалық зерттеулерге негізделген тұғыр ұстана отырып, 34 әріптен тұратын ортақ түркі әліпбиі жобасының күшті жақтары мен жетілдіруді қажет ететін тұстарына назар аудардық,
3. түркі тілдерінің әрбіріне тән тілдік ерекшеліктеріне мұқият көңіл бөле отырып, ерекше фонетикалық белгілерді бір әліпбиде қамтуға тырыстық,
4. бір фонемаға бір әріп деген қағиданы басшылыққа ала отырып, үйрену мен қолдануға ыңғайлы, әрі барынша анық әліпби жасауды мақсат еттік,
5. негізгі латын әліпбиінде таңбаланбаған дыбыстарды дәл көрсету үшін арнайы таңбаларды енгізу қажеттілігін мойындай отырып, осы белгілер үшін стандарттарға сай тәсілдерді қолдануға келістік.
Декларацияның негізгі мақсаты – Комиссия қол жеткізген келісімді рәсімдеп, латын графикасына негізделген Ортақ түркі әліпбиінің қабылданғандығын растау:
IPA: Халықаралық фонетикалық әліпби
ST: «Советская тюркология» журналының (1974) редакциялық алқасы қабылдаған латын графикасына негізделген”, - дейді ғалымдар.
Осылайша комиссия мүшелері бұл құжатпен барлық мүдделі тарапты осы ұсынысты белсенді түрде қолдауға шақырып отыр.
«Декларация түркі халықтары арасындағы ынтымақтастық пен интеграцияны ілгерілету жолындағы ынта-жігердің бір көрінісі ретінде Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы мемлекеттің тиісті мекемелеріне таратылады. Декларация ағылшын тілінде дайындалған және оны басқа тілдерге аударуға болады. Декларацияға 2024 жылғы 11 қыркүйекте Бакуде Комиссия мүшелері атынан Түркі Академиясының президенті қол қойды», - делінген құжатта.