Жарты ғасырлық тарихы бар Алматы қаласындағы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығындағы Республикалық институтқа барып, қысқа мерзімдегі оқу курсынан өткендердің таным-түсінігіндегі өзгерістерді бірден байқауға болатындығына көзіміз жетті.
Ағымдағы жылдың қазан айында аталған оқу орнында болып, «Заманауи педагогикалық технологиялар» тақырыбында жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтар оқытушыларының біліктілік арттыру курсынан өттік. Отанымыздың түкпір-түкпіріндегі ЖОО-дан келген ұстаздар қауымының басын қосып, шет елдің айтулы университеттерін бітіріп келген оқытушылар дәрістері, семинар сабақтарымен зертханалық жұмыстардың жаңаша өткізу жолдарына қатысты мәселелердің көтерілуі көңілден шықты.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында, өміріміздегі оң өзгерістер негізі мемлекетіміздің дамыған отыз елдің қатарына ену мәселесі арқылы жүзеге асып жатқандығы белгілі. Осы істе ең алдымен ұстаздар қауымына үлкен міндеттер, жауапты істер жүктелетіндігі мәлім. Әсіресе, жоғары оқу орнындағы мамандардың біліктілігі бітіруші студенттер мен ғылыми ізденуді жалғастыратындарды тұлғалық деңгейге жеткізу уақыт талабы екендігі айқындалған. Бүгінгі өмір ұстаздың заманауи білім мен озық технологияларды меңгеруін қажет етеді. Білім берудегі жаңаша көзқарас, жаңартылған стандарттарды санаға сіңіріп, іс жүзіне асырғанда, бәсекеге қабілетті әлемдегі алып елдердің қатарынан көрінеміз. Әр заманның басты байлығы – ұрпақ сабақтастығы. Ұрпақты жетілдіру – қоғам мен мемлекеттің өсуі. Осы бағытта мемлекеттің «Мәңгілік ел», «Үш тұғырлы тіл» сияқты ауқымды жобалары бойынша қалыптасқан құндылықтарымызды сақтап, келешек ұрпаққа «Өзін-өзі тану» теориясын түсіндірсек, білім беруде де жетер жетістігіміз мағыналы да мәнді болмақ. Мұның байыбына барып, ұлан-байтақ қазақ елінің әрбір облыстарынан келген тыңдаушылардың таным-түсінігін тереңдетіп, тиянақты тәжірибе жинақтауға жаңа жол сілтеген «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Алматыдағы республикалық институтына, ұжым директоры Ж.Мақатоваға, білікті оқытушылар С.Оспанов, Н.Қойлық, С.Абдыгаппарова, С.Каупенбиева, кафедра меңгерушісі С.Зейнолла мен жас мамандар Ә.Байқоныс, А.Қуандыққа және сабақ берген басқа да ұстаздар қауымына айтар алғыс шексіз. Мұны біз және бізден бұрын бітіріп кеткендер тарапынан естіп, іштей «ұзағынан сүйіндірсін» дегенді қайталай бердік.
Сөзсіз, бұл «Өрлеудің» өрелі өнегесі дегенді көңілге түйдік.
Берік РАХЫМОВ,
академик Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің профессоры, филология ғылымдарының докторы,
Әлімжан ЖАҚАН,
аға оқытушы, ғылым магистрі
Қарағанды