Елордада «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» жұртшылыққа таныстырылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
21 ақпанда Ұлттық академиялық кітапханада 3 томдық іргелі еңбек - «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» таныстырылады.
Атласта Еуразия Ұлы даласына үш ғасыр бойы билік жүргізген, өздерінің тарихын, дүниетанымын, даналығын, ой-санасын, болмысын, жазу өнерін, ел басқару жүйесін, ата дәстүрін өшпестей етіп тасқа қашап кеткен, өркениетке, адамзат мәдениетіне асыл қазына қосқан байырғы түріктердің мұралары түгел қамтылған.
Алтай, Орхон, Селеңгі, Керулен бойынан табылған Көк түрік империясы дәуіріндегі (500-900 жж) тас ұстынға 2000 жыл бұрын қашап жазған түпнұсқада тарих, тіл әдебиет (сөз өнері), сөз аспабы, байырғы архитектура және философиясы мен салт-дәстүрлерінің мұралары қамтылған.
Атласта Моңғолия-Чехия, Моңғолия-Түркия (ТИКА), Моңғолия-СССР біріккен экспедицияларының, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті экспедициясының материалдары, сондай-ақ әлем түріктанушыларының ғасырдан астам уақыт жүргізген зерттеулерінің қорытындысы пайдаланылған.
«Атлас авторы байырғы түрік мәтіндерін қайта көшіріп, қайта оқыған, бұрынғы зерттеушілердің қателері түзетілген, түпнұсқа мәтінінің жаңа транскрипциясы, жаңа аудармасы жасалған, жаңа түсініктемесі берілген; жартылай көшпелі дәуірдің тарихи-мәдени мұралары атласта тегіс қарастырылып, олардың археологиялық сипаттамасы, планы, фото, сызба суреттері тұңғыш рет толық берілген», делінген хабарламада.
Атлас тілші, тарихшы, этнограф, археолог, философ, әдебиетшы және мәдениеттанушы мамандарға, сондай-ақ студенттерге, магистранттарға, аспиранттарға, ізденушілерге арналған.