Елбасының 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын өңірде іс жүзіне асыру үшін жетісулық ғалымдар да өзіндік үлесін қосуға ұмтылуда. Басты мақсат – ел экономикасын нығайта отырып, өркениетті дамыған 30 елдің қатарынан өз орнымызды айқындау болып табылатыны мәлім. Осы игіліктің негізі қаланып, сенімге сенім қосылғандығыны еліміз Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде қол жеткен табыстарымыздың нәтижесі айқын айғақ болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан халқымыздың әл-ауқатын көтеруге, тұрмыс-жағдайын жақсартуға бағытталған сан-салалы іс-шаралар, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы ел көңіліне медет.
Мемлекет басшысының Қазақстанда 2017 жылдан бастап барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білімді енгізу идеясы қоғамда өзіндік қажеттілігімен қолдау тапты. Техникалық кадрлар даярлау қажеттігіне ерекше тоқталып, техникалық және кәсіби білім беру инвестициялық саясаттың негізгі бағыттарының бірі болуы тиістігін де нақтылағаны халықтың көкейіндегі көп ойды дөп басты. Германия, Канада, Австралия, және Сингапур сияқты мемлекеттермен бірге кадр дайындау орталықтарын бірлесіп құру керектігін де айқындап берді. Біле білсек, бұл жарқын өмірге жол ашып, әр қадамды нық басуға көрсетілген айқын жол ғой. Осы орайда І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің атқарып жатқан іс-шаралары да жеткілікті. Қаңтар айының басында «Жаратылыстану – техникалық бағыттағы мамандықтар даярлаудың өзекті мәселелері» деген тақырыпта Талдықорған қаласының колледждері, «Казгидромет» республикалық мемлекеттік мекемесі, «Стандарттау және бағалау» орталығы, Алматы облысының экологиялық департаменті қызметкерлерімен кездесу өткізіп, заман талабына сай екіжақты келісім жасалып, техникалық мамандықтар бойынша білім алатын білімгерлердің оқу траекториясына өзгеріс енгізу мәселесі де шешілді.
Сонымен қатар, университет жоғары білікті кадрлары, заманауи оқу-әдістемелік және материалдық базасы бар, көп салалы бағытта үш деңгейлі жүйемен мамандар даярлайтын (бакалавриат, магистратура, PhD докторантура), аймақтың және еліміздің инновациялық дамуын барлық жағынан қамтамасыз ететін, Болон декларациясы қағидаларына сәйкес білім беру жүйесінің жаңғыртылуын Алматы облысында іске асыратын ғылыми білім беретін ірі орталық болып табылады.Университет ұжымының сапа саласындағы саясатының негізгі қағидаттары да Елбасының «Ұлт Жоспары қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласына сәйкес келіп отыр. Атап айтқанда, жетекші ғалымдардың бастамасымен университетте ғылым мен білім саласының әртүрлі бағыттарындағы зертханалардан тұратын ғылыми-зерттеу кластері құрылып, бүгінгі күні нәтижелі жұмыс жүргізуде. Жалпы, кластердің негізгі қызметі іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесін тәжірибе жүзінде қолдануға енгізу, интеллектуалдық меншік нысандарына құқықты жүзеге асыру, сонымен қатар, университеттің профессор-оқытушылық құрамының инновациялық, ғылыми-зерттеу қызметін жүзеге асыруға жағдай жасау болып табылады.
Кластердің ғылыми-зерттеу жұмысына мемлекеттік, аймақтық бағдарламаларды, университеттің қызмет бағытына сәйкес инновациялық- білім беру жобаларын дайындау мен жүзеге асыруға қатысу кіреді. Сонымен қоса, кластер негізінде ҚР БҒМ Ғылым комитетінің және ЖМУ ректорының гранттары бойынша зерттеулер жүргізіледі.
Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыру мақсатында университет жыл сайын ректор грантына «Инновация» атты аймақтық ғылыми-зерттеу жобаларының байқауын өткізеді. Оның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасындағы білім мен ғылымды дамыту бағыттарындағы басым сипатты практикалық инновациялық маңызы бар жобаларды іріктеу, аймақтық ғылыми-зерттеуді дамыту, ғылым және жоғары білім берудің қоғамдық-экономикалық түрде Алматы облысындағы даму интеграциясына қолғабыс ету. Ректор гранты бойынша аймақтық ғылыми байқаулары «Инновация-2014»-ке 18 млн теңге, «Инновация-2015»-ке 9,9 млн теңге мөлшерінде қаражат бөлінуі ректор бұйрығымен бекітілді.Бұл ғылыми жобалар байқауына 2014 жылы 15 жұмыс қатысса, 2015 жылы ғылыми жоба 35 жұмысқа артты. Негізінен, ғылыми жобалар қоғамдағы, нарықтағы сұранысты бағдарлауды, Қазақстан Республикасының ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметіне бағытталған басымдықтарын жүзеге асыру үшін қолданбалы және іргелі зерттеулерді жүргізуге, инновациялық технологияны пайдалану және университет қызметінің мониторинг сараптамасына арналған. 2015 жылы Алматы облысы әкімінің «Very Innovative People-2015» атты инновациялық ойлар, жобалар гранты байқауына «Биология» мамандығының 3-курс студенттері Фарида Мұқанова, Назым Хамитова және Гүлжаухар Төленді «Қант қызылшасы тұқымын капсулалау арқылы егу сапасын және өнімділігін арттырудың жаңа технологиясын дайындау» тақырыбы бойынша қатысып, Алматы облысы әкімінің грантын ұтып алды.
Университетте білімгерлердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына баса назар аударылып, көңіл бөлінуі ғылымда өркениеттің бір жолын ашуда.
Ерлан АНДАСБАЕВ,
І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті жаратылыстану-техникалық факультетінің деканы.
Алматы облысы