Фото: Артур Нығметтің кітабынан алынған
Жас қазақ журналист-зерттеушісі Артур Нығметтің кітабы 1991 жылғы Орал оқиғаларының белгісіз беттерін ашады.
4 тарау: «Казактардың 400 жылдық» жиыны өтетіні анық болды
5 тарау: Орал обкомы әрекет етуде
Кіріспе және 1 бөлім: ОРАЛДАҒЫ ТЕКЕТІРЕС. 1991 ЖЫЛ
ОРАЛДАҒЫ ТЕКЕТІРЕС. 1991 ЖЫЛ ‒ 2,3 ТАРАУ
4 ТАРАУ. «КАЗАК ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ 400 ЖЫЛДЫҚ» ЖИЫНЫ ӨТЕТІНІ АНЫҚ БОЛДЫ
Оралдағы қыркүйек оқиғалары Кеңес Одағы басшылығының ықпалымен орын алғанына облыс басшылығының ешбір күмәні болмаған еді. Орал облысының бұрынғы басшысы Нәжімеден Есқалиев бізге 1991 жылдың 13-15 қыркүйегіне жоспарланған казактардың жиынын барынша кейінге шегермек болып, оған салмақты себеп, негіз табуға тырысқанын айтты. Казак депутаттары үстем болған халық депутаттарының Орал қалалық кеңесі облыс басшылығына қарсы шығып, «Орал казактарының патшаға қызмет етуінің 400 жылдығын» тойлаудан бас тартпады. Одан бұрын Коммунистік партияның Орал қалалық комитетінің бірінші хатшысы Валерий Джунусов өз еркімен жоғары лауазымды қызметін босатып, қаланың әскери зауыттарында мыңдаған қолдаушысы бар «Демократиялық Орал өңірі» қозғалысын құрған болатын. Олар «Возрождение» қозғалысымен бірігіп, облыстық биліктің жаңа мүшелерін сайлауды мақсат етеді.
Казактардың жетекшісі, сол кездегі Қазақстан парламентінің депутаты Виктор Водолазов 2011 жылы «Азаттық» радиосына берген сұхбатында «Мәскеудегі әлдебір экономикалық күштер» олардың қолымен Қазақстан территориясының бір бөлігін, нақты айтқанда, мұнай мен газ қоры бар батыс облыстарын бөліп алуды жоспарлағанын мойындады. Алайда біздің казактардың мерейтойының ешқандай астыртын саяси мақсаты болмаған», - деп сендіреді Виктор Водолазов.Болат Молдашев басқарған Орал қалалық халық депутаттары кеңесінің атқару комитеті 1991 жылдың 24 сәуіріндегі шешімінде оған бірнеше қайреткерлерден, атап айтқанда депутат Маркин, Водолазов; жазушылар Корсунов, Зовский, Святынин; ғылым кандидаттары Фокин, Щелоков; казактар атаманы Качалиннен казактардың мерейтойын өткізу туралы ұсыныс түскенін тіркейді. Осылайша олар мерекелеуге ресми түрде рұқсат алады. Орал казактарының көшбасшылары Орал қалалық халық депутаттары кеңесінің атқару комитеті 1991 жылдың 28 мамыр айындағы шешімінде 15 қыркүйекте «Орал казактарының Отанға қызмет етуінің 400 жылдығын» мерекелеуге рұқсат берілгенін жариялады. Осылайша, Орал өңіріндегі казак қауымдастығын жандандырудың ең бір драмалық кезеңі басталды. 91-ші жылдың жазы бірден қайнап сала берді.
«Азат» қазақ ұлттық қозғалысының жергілікті ұйымы «казактардың мерейтойына» қарсы болып, бірнеше өткір мәлімдеме жасайды. Сол жылдың маусым айында ІІМ мен Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі қызметкерлері алдында сөз сөйлеген облыс басшысы Нәжімеден Есқалиев казактардың тек әскери форма киіп қана қоймай, қарулы отрядтар құру, тіпті өздеріне қарасты барлау қызметін құру ниеттері бар екенін айтып, алаңдаушылығын білдірді. Сонымен қатар Есқалиев «Орал казактарының 400 жылдығын» атап өтуге кедергі болған жағдайда қанды қақтығыс болуы мүмкін екенін ескерткен казак атаманы Качалиннің қоқан-лоқысын да айтып өтті.
Кеңес заманында 15 қыркүйек Орал қаласының «Қала күні» ретінде аталып жүрді, сол кездегі қалыптасқан үлгі бойынша қала күнінде партия жиналыстары, фольклорлық шаралар өтетін. Орал казактарының апологеттері сол кезде казактар патшаға әріптестік тұрғыдан қызметті етті деп айтқанды жақсы көретін. Бірақ Оралдағы ахуал «тіл мәселесіне» қатысты онсыз да ушығып тұрған еді. Казактардың үлкен жиын өткізу, оған Кеңес Одағының осылай қайта жанданған казак қауымдастығынан қонақтар шақыртуы Оралдың өзінде және сол кездегі ел астанасы Алматы қаласында да қазақ демократиялық қоғамының наразылығын тудырды. Жанжал туындап, іштен де, сырттан да тез ушыға түсті.
Орал казактарының қазіргі атаманы, «Жайық-Орал казактары Одағының» төрағасы Вячеслав Солодилов сол мерекенің атауын «Орал казактарының Ресей патшасына қызмет етуінің 400 жылдығы» деп аталғаны сол уақыттағы казак жетекшілерінің қателігі болғанын осы кітап авторына айтқан. Сонымен қатар ол жергілікті казактардың басқа да белсенділері секілді казактарда ешқандай сепаратистік пиғылдың, Орал облысын Қазақстаннан бөліп алу туралы үндеуді жариялау жоспары болмағанын, тек «100 жылда бір келетін мерейтойларын атап өту» ниеті ғана болғанын айтып ақталады.
Алайда Орал қаласы емес, облыс басшылығы бұл жағдайды басқаша қабылдаған болатын. «Қолымызда казактар мерейтойында өздерінің автономия болғанын жариялау немесе облыс басшылығы қауіпсіздігіне қатер төндіру ықтималдығы туралы нақты да бұлтартпас дәлелдер болды, ал бұл Орал облысына әскер кіргізуге жетерлік сылтау еді», - дейді Нәжімеден Есқалиев автормен әңгімесінде:
- Сол күндердің райы расымен де өте қауіпті болды. Казактар, бәрі емес, ішіндегі жауынгерлері Жайық өзенінің оң жақ жағалауын бөліп алып, казактардың автономиялық республикасын құру қаупін төндірді. Біз де Орал облыстық кеңесінде казактарға мерекесін өткізуге рұқсат берген жоқпыз. Депутаттардың қалалық кеңесінде казактарды жақтаушылар көп болды, олар мерейтой туралы шешімді қалалық кеңес арқылы алып шықты. Алайда халық депутаттарының облыстық кеңесі ол шешімнің күшін жойып, 5 қазан жалпы мереке – Орал өңірі халықтарының Күнін белгіледі. Сол мереке қарсаңында егін жинау науқанының табысты аяқталуын атап өту де көзделді.
Бұл «400 жылдыққа» қатысты туындаған өткір мәселелерді ушықтырмау жолындағы әрекет болатын. Халық депутаттарының облыстық кеңесі 1991 жылдың 5 шілдесінде «Орал өңірі халықтарының Күнін өткізу туралы» қаулы қабылдады. Оны Республика күніне сәйкестендіріп 1991 жылдың 5 қазанына белгіледі. Халық депутаттары облыстық кеңесінің бұл шешімін казак қауымдастығының жетекшілері елеген жоқ. Мерекені өткізу мерзімі Мәскеуде бекітіліп қойды деп мәлімдеген олар Орал Ресейдің барлық аймақтарынан казак атамандарын күтіп отырғанын, мерекелік шараларға бүкілодақтық мәртебе берілді деген уәждерін алға тартты.
Облыстық атқару комитетінің ымыралы шешімі жергілікті қазақ зиялыларының да өткір қарсылығын тудырды. Казак қауымдастығының қайта жандануына, олардың өз «мерейтойын» атап өтуге деген құлшынысынан сезіктенген Оралдағы қазақ зиялы қауымы облыс және қала басшылығынан Мәскеу тарапынан басқарылып отырған бұл науқанды тоқтатуды талап етеді. 1990 жылдың жазында Оралда жалпыұлттық «Азат» қозғалысының жергілікті ұйымы құрылған болатын. Орал оқиғасынан кейін Президенттік комиссия қорытындысында айтылып келгендей, Орал өңірінде казак қауымдастығының жандануы экстремистік, шовинистік және сепаратистік сипатқа ие бола бастағанын айтып, дабыл қаққандардың алғашқысы «Қазақ тілі» қоғамы облыстық бөлімінің басшысы, «Азат» қозғалысының белсендісі, ақын Айсұлу Қадырбаева болды. Өзімен қатар серіктестері Аманжол Зинуллин, Орынбай Жәкібаев, Алтай Зейнуллин және басқа белсенділер Орал облысы басшылығына, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне, Республика прокуратурасына бас көтерген казактарды тоқтатуды талап етіп хат жолдады. Айсұлу Қадырбаева Оралдың орыс тілді тұрғындары арасында сепаратизм мен шовинизм насихаттала бастады деп мәлімдеді.
Қазақ ұлттық қозғалысының жетекшілері елдің барлық аймақтарында казак қауымдастықтарын қайта жандандыруды «ұлттық аймақтарды» отарлау құралын қалпына келтіру деп қабылдады. Сол себепті олар парасаттылықпен Қазақстанда ұлтаралық келісімді сақтау үшін казак құрылымдарына тыйым салуды талап етті.
Орал оқиғаларының куәгері болған қазақ белсенділері өз естеліктерінде сол күндері казактар әскери дайындықтарын ашық көрсете бастағанда қаладағы ахуал шиеленісе түскенін жазады. Жергілікті «Азат» қозғалысы жетекшілерінің бірі, Орал оқиғалары туралы трилогия авторы Орынбай Жәкібаев өз еңбегінде қала ішінде казактардың жасырын түрде қарулана бастағаны және әскери дайындықтары арта түскені жайлы хабар тарағанын жазған.
«Зенит», «Металлист», «Омега», «Гидроприбор» зауыттары мен таксомотор паркінде сол мезетте қарулы казак топтары құрылып үлгерген еді. Олардың басшылары Оралға басып кіруге дайын тұрған Приволжск-Орал әскери округінің танк полкінен хабардар болғаны анық еді», - дейді Нәжімеден Есқалиев. Бірде оған жергілікті құқық қорғау құрылымының басшылары округ қолбасшысы, генерал Альберт Макашовтың өзіне тапсырылған аймақты әуеден бақылау барысында ұшаққа май құю деген сылтауды алға тартып, Орал әуежайына қонғанын, сол жерде Орал казактары атаманымен кездесіп, әңгімелескені туралы хабарлаған болатын.
Орал оқиғасынан кейін жұмысқа кіріскен Президенттік комиссия «Казачий вестник» газетінде 1991 жылы қазақтардың ар-намысын қорлайтын материалдар болғанын және де егер Қазақстанда казактарға қарсылық болса, Ресей аймағында тұратын қазақтарға қарсы геноцид болатынын ашық ескерткен казак қауымдастықтарының Назарбаевтың атына жазған қоқан-лоқы сипаттағы ақпараттардың жарияланғанын көрсетті.
Әңгіме барысында Нәжімеден Есқалиев Мәскеудің жоспарына ешкім бөгет болмауы үшін оны Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінен шеттету амалы қарастырылғанын тілге тиек етті. Бұл баяғы сол «қайта сайлау» номенклатуралық әдісімен іске асырылуы тиіс болатын. 1986 жылы желтоқсанда Кремль Қазақстанды жылдар бойы басқарған Дінмұхамед Қонаевты орнынан алып, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы лауазымына Ресейден Геннадий Колбинді әкелгенде осылай болып еді. Ауыс-түйіс формалды түрде Орталық комитеттің (ОК) пленумында болды, ОК мүшелері Мәскеу ұсынған кандидатқа бірауыздан жақтап дауыс берген болып саналды. Авторитарлық жүйеде ешкім қарсы шығуды ойламайтын да еді.
Алайда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасындағы халықты аяусыз басып-жаншып, ақыр соңында Қонаевтың қудалануына соқтырған Горбачевтың әрекеті Батыс адам құқығын қорғау ұйымдары тарапынан айыпталып, сынға ұшыраған болатын. Қайта құру кезіндегі демократизация да күш ала бастады, сол себепті ұстанымы берік қазақ басшысын Ресейдің марионеткасына ауыстыру тәсілі жарамайтын еді. Оның үстіне Нәжімеден Есқалиевтың облыста және Қазақстан астанасында беделі де айтарлықтай жоғары болды. Мәскеу оны қозғауға асқан сақтықпен қарады.
Кремль Ресеймен шекаралас Қазақстан облыстарындағы обкомның бірінші хатшысы қызметіне әдетте, сол кезде республика халқының 70 пайызын құраған славян ұлты өкілдерін тағайындайтын. Өз жоспарын іске асыру мақсатында Мәскеу Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысын славян ұлты өкіліне ауыстыруды, Орал облысы аймағында казак автономиясын құруды қолдауды, ал Қазақстанның батыс, шығыс, солтүстік облысының жерлерін «ерікті түрде» Ресей Федерациясы құрамына қосылуы туралы плебисцит ойластырған еді. Алайда Нәжімеден Есқалиев казак қауымдастығының «ояна бастағаны» туралы алғашқы қоңыраулар түсе бастаған 1989 жылдан бастап, айрықша қоғамдық белсенділік танытты, Алматы мен Мәскеудің мүмкін болған барлық кабинеттердің есігін де қақты, сондықтан оның орнына басқа басшыны қою казактардың сепаратистік ойынына Мәскеудің тікелей қатысы бар деп қабылдануы ықтимал еді.
Осы орайда Орал облысы мен көршілес Ресей облыстары арасындағы дәстүрлі экономикалық тату қарым-қатынастарың үзілмегені стратегиялық тұрғыдан дұрыс болғанын еске алады Нәжімеден Есқалиев.
- Осындай қиын жағдайда Ресейден бізді қолдайтын басшылар да табылды, олармен тұрақты әрі өте жақсы қарым-қатынаста болдық. Анатолий Гужвинмен (Астрахань), Владимир Калашниковпен (Волгоград), Сергей Белыхпен (Саратов), Евгений Муравьевпен, ал кейін Константин Титов (Самара) және Владимир Елагинмен (Орынбор) тұрақты да ықыласты байланыс орнаттық. Біз олармен ізгі ниетті көрші һәм дос бола білдік. Кездесе қалған сәттерде жолдастық әңгімелер өрбіді, өзара байланысты тереңдету жолында ортақ мүдделер талқыланды. Самаралықтар Орал өзенінен өтетін автокөпір құрылысын бастаса, орынборлықтар Қарашығанақ кен орнында Орынбор газ өңдеу зауытына қарасты газконденсатын қайта өңдеу мен тасымалдау кешенін салды, саратовтықтар болса Орал облысының Тасқала ауданында цемент зауытын салу ниетін білдірді. Арадағы ойдың ашықтығынан олардың ешқайсысының Қазақстанмен арадағы жылдар бойы шайқалмай келген тату қатынасты бұзғысы келмейтіні анық байқалатын. Шекараның екі жағында да халықтың тума-туыстары мен дос-жолдастары көп болды. Осының барлығынан казак қауымдастықтарына қатысты олардың өз мәселелері бар екені сезілетін. Бұл өз кезегінде «400 жылдық мерейтой» бастамасы Мәскеу тарапынан болғандығын дәлелдейтін.
Орал облыстық милициясының сол кездегі бастығы, кейін Қазақстанның ішкі істер министрі болған Владимир Шумов Ресейдің ІІМ журналында жариялаған «Қатерлі үш күн» мақаласында казактардың Қазақстан егемендігіне қарсы әрекеттері қаншалықты қауіпті болғанын жан-жақты талдап көрсетеді. «Саяси және экономикалық мәселелер этникааралық айрықша қауіпті жағдайды туғызды, - деп жазады Шумов өзінің мақаласында. - КСРО-ның жекелеген аймақтарында бұл қантөгіс пен адам шығынына әкелді. Бірақ осындай қайғылы оқиғалар барлық жерде түсіністікпен қабылдана қойған жоқ. 1990 жылы казак тарихи-мәдени қауымдастығы пайда болды. Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты В.Водолазов пен қалалық партия комитетінің бұрынғы мүшесі, экстремистік топ басшысы болған А.Кунаковский «Қайта өркендеу комитетін» ұйымдастырды. Олар ақ казактарды реабилитациялау туралы декларация жариялады, рұқсат етілмеген митингілер өткізді. Сырттан келген арандатушылардың ықпалымен Қазақ КСР құрамында казак автономиясын құруды талап етті». Осы екпінмен 15 қыркүйекке белгіленген «казактардың салтанатты мейрамы» да жақындады. Осы мерейтой қарсаңында Жайықтың оң жақ жағалауындағы Ресеймен шекаралас аймақта казактар республикасы құрылғанын жариялау жоспарланған болатын. Еске сала кетейік, 1991 жылдың қыркүйегінен бұрын Мәскеуде ТЖМК бүлігі басталып, сәтсіз аяқталған еді. Қанша дегенмен М.Горбачевтің КСРО-ны реформалау әрекеті бәрібір жүзеге аспайтыны анық еді. Тамыз бүлігінен кейін КСРО-ның ыдырауы тіпті жылдамдай түсті. Аяққа тұрып алған казак қауымдастықтары «ұлттық шеткі аймақтарда», Кавказда, Молдовада, Ресейдің оңтүстігінде орталықтан алыстау үрдісін тоқтату әрекеттері орын алды. Оралдағы казак жетекшілерінің сепаратистік идеялары да анағұрлым қатты естіле бастады, ал «казактар мерейтойының» жақсылық әкелмейтіні анық еді.
5 ТАРАУ. ОРАЛ ОБКОМЫ ӘРЕКЕТ ЕТУДЕ
Осыдан екі жыл бұрын ғана тыныш жатқан Орал қаласы 1991 жылдың 15 қыркүйегіне қарай құмырсқаның илеуіндей қайнап жатты. Зәулім казак ғимараттары салынған орталық көшедегі Лениннің тас мүсіні өзі құрған Кеңес мемлекетінде не болып жатқанын түсінер емес. Халықтар достығы, одақтас республикалардың ағайындық қатынастары, осылардың барлығы 1922 жылы, яғни КСРО құрылған уақытта мәңгілікке қаланған сияқты еді ғой. Алайда, дәл қазір әлемдегі тұңғыш социалистік мемлекет 70 жылдығына аяқ басар кезде қабырғасы ыдырап кетуге шақ қалып, теңселіп тұр.
Кеңес кезінде Орал мектептерінде 20 ғасырдың басындағы Азаматтық соғыста қала өзін ақ казактардан қорғаған Қызыл Әскерлердің қолында болғанын дәріптейтін. Кеңес мемлекетін құрған Ленин Чапаев дивизиясына өзінің әйгілі телеграммасын жіберді: «Оралдық жолдастарға, қоршауда қалған Оралды елу күн қорғаған батырларға ыстық сәлемімді жолдай отырып, рухтарын түсірмей, тағы бірнеше апта шыдай тұруларын өтініп сұраймын. Орал қорғанысының қаһармандары сәттілікке қол жеткізеді». Арада жетпіс жыл өткенде, 1991 жылы Орал ақ казактардың қоластында қалғандай болып көрінді. Қалада кеңес кезінде болмаған түрлі-түсті қалың матадан тігілген ерекше мундирдегі, таңбалы және таңбасыз алуан түрлі погон таққан жауынгерлер қаптап кетті. Қоршауды бұзып кіріп, Қызыл Армияны казарма мен штабтарынан қуып шығуға кірісіп кеткендей әсер қалдырған казак папахалары қала көшелерінде толып жүрді. Оралға іргелес Ресей қалаларынан, Қазақстандағы казак қауымдастықтарынан ондаған, жүздеген қонақ келді.
1991 жылдың 13 қыркүйегінде қаланың орталық алаңында «Азат» қозғалысы және басқа да қазақ ұлттық ұйымдарының жүздеген белсенділері жиналып тұрды. Митингіге жиналғандар арасында облыстың кейбір аудандарынан келгендер, ірі кәсіпорын жұмысшылары мен жергілікті оқу орындарының студенттері де болды.
Осы тұста әкімшілік ресурс іске қосылады. Облыс басшысы Нәжімеден Есқалиев мерейтойға қарсы митингтің жергілікті қатысушылары өзінің жасырын пәрмені арқылы жиналғанын мойындайды. Ал Қазақстанның өзге аймақтарынан келген қазақ ұйымдарының белсенділері «Азат» қозғалысының жетекшісі Михаил Есенәлиевтің бастамасымен келген еді.
- Мен Жәнібек пен басқа аудандардың бірінші басшыларына мықты адамдардан құралған топпен Оралға автобустармен жетуді тапсырдым және бұған жастарды араластырмауды тапсырдым, өйткені 1986 жылғы Алматыда болған Желтоқсан трагедиясы әлі ұмытылмаған болатын. Аудандық партия комитеттерінің әрбір бірінші хатшысына Оралға бес жүз-алты жүздей мықты жігіттерді жөнелтуді тапсырдым. Облыс аудандарынан барлығы бес мыңға жуық адам жиналды, оларға мыңнан астам қала тұрғындары қосылды, - дейді Нәжімеден Есқалиев кітап авторына айтқан әңгімесінде.
Әкімшілік ресурсты пайдалану жайлы сол уақытта Жәнібек ауданында мемлекеттік қызметте болған Махамбет Ихсанғали-Мәтенқожа «Азат» қозғалысы белсендісі Орынбай Жәкібаев шығарған «Азаттық» естеліктер жинағында да айтады. Оның айтуынша, 1991 жылдың 12 қыркүйегінде оған Оралдан «Азатшылардың» жетекшісі Аманжол Зинуллин телефон соққан. Ол: «Оралда казактар бас көтеріп жатыр, Орал облысын Ресей құрамына қоспақшы. Отанды қорғауға жігіттер керек», - депті. Ихсанғали-Мәтенқожа бұл хабарды Жәнібек ауданының басшысы Самат Оспановқа жеткізеді. Осыдан кейін іске Жәнібек аудандық автотранспорттық экспедициялық кәсіпорын директоры Самиғолла Оразов қосылады. Осы кәсіпорынның «қызыл бұрышында» Ихсанғали-Мәтенқожа жиналғандарға жағдайды баяндап береді. «Басшы С.Оразов Отан қорғауға аттанған жігіттерді жұмыстан босатуды, екі ПАЗ автобусын толық бензинмен және жолға қажет азық-түлікпен қамтамасыз ететінін айтты»,- деп жазады Махамбет Ихсанғали-Мәтенқожа. Осылайша, Жәнібек ауданынан Оралға 77 жігіттен тұратын топ жұмылдыра аттанды.
Жәнібек аудандындағы бір ғана кәсіпорынның өзінен Оралдағы наразылық митингісіне екі автобус адамды қалай жібергені туралы бізге Самиғолла Оразовтың өзі де айтып берді. Кәсіпорынның қосалқы шаруашылығы бар еді. Оразов үш қой сойғызады, қаладағы шығынға деп бөлек қаржы берген және азық-түлікпен қамтамасыз еткен.
Қалаға келгеннен кейін жігіттер бір жатақханаға орналасты. Қыркүйекте студенттер әдетте ауыл шаруашылық жұмысына: картоп, көкөніс, жеміс-жидек жинауға кететін, жатақханалар бос болды, тағы да Орал обкомының өтінішімен жоғарғы оқу орындарының ректорлары митингіге келген қазақ жігіттерінің жатақханаларға орналасуына рұқсат берді. Ол кезде Оралда бар-жоғы екі қонақ үй еді, оның өзі әдетте бос болмайтын.
- «Сен тұр, мен атайын» деген жігіттер арасында тәртіп сақтаудың маңызы жоғары болды, өйткені араларында қызу қандылар да болған еді. Дегенмен бәрі тыныш өтті. Бізге жүктелген екі міндет болды. Біріншісі, Нәжімеден Есқалиевтың сұрауы бойынша жігіттер тобымен қамтамасыз ету. Екіншісі, барлығымен жеке сөйлесу, олардан казактарға қарсы тұрған митингі кезінде қатаң түрде ұстамдылық танытуларын сұрау. Пышақтасып кетуден Құдай сақтасын, алда-жалда біреу қару қолданса, Құдай сақтасын, қан төгілер еді. Біз қоғамдық тәртіпті сақтай алдық, - дейді кітап авторына Самиғолла Оразов.
Ұйымдастырушылардың еңбегі мен халықтың төзімділігінің арқасында Оралдағы казактар мен қазақтар қарсы тұрған 13-15 қыркүйек күндері ешкімнің бір тал шашына зарар келген жоқ, ешкімнің мұрны бұзылған жоқ.
Орал оқиғалары жас басшыларға нағыз мектеп болды, олардың менеджер ретінде, мемлекеттік қызмет жүйесінде басшы ретінде өсуіне серпін берді. Мысалы, Самиғолла Оразов ол кезде небәрі 34 жаста еді. Орал оқиғасынан кейін Оразов Жәнібек ауданының әкімі болып тағайындалды, көлік саласында басшылық қызметтерде болды, кейін мемлекеттік қызметке қайта шақырылды да, Тасқала ауданы әкімшілігін басқарды, Орал қаласының мэрі болды.Қаладағы қоғамдық тәртіпті сақтау негізінен жергілікті милиция күшімен, жасақтардың жеке топтарымен мүмкін болды және бұл істе қалалық милиция бастығы Валерий Мақатовтың, облыстық ІІБ бастығының орынбасары Бекболат Мұқышовтың және облыстық әскери комиссардың орынбасары Геннадий Мұқатаевтың рөлдері маңызды болды. Халық депутаттарының облыстық кеңесі төрағасының орынбасары Бауыржан Тұманов пен Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Орал облысынан депутаты Серік Мұқанов сырт көзге көрінбейтін жұмыстарды жүргізіп отырды. Облыстық құқықтық құрылымдар ісі халық депутаттары облыстық кеңесінің атқару комитеті жанындағы штаб тарапынан қамтамасыз етілді. Күштік құрылымдарды үйлестіру облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Николай Мордасовқа тапсырылды. Олар облыстық милиция бастығы Владимир Шумовпен бірге Орал қаласының теміржол вокзалында пойыз, автобуспен жеткен Ресей казактарын тосып алып, экстремизм мен бұзақылық әрекеттер орын алған жағдайдағы жауапкершілік туралы ескертулер жасап, қылыштарын уақытша сақтауға өткізуге мәжбүрледі.
«Мерейтойдың» шарықтайтын күнінде облыстық әскери комиссардың орынбасары Геннадий Мұқатаев пен қалалық милиция бастығы Валерий Мақатов сенімді қызметкерлерімен екі топқа бөлініп, ресейлік казактар мінген автобустарды қарсы алу мақсатында «Орал-Самара», «Орал-Орынбор» тас жолдарына шықты. Қылышпен қаруланған ондаған казактарды Оралға кіргізбеу үшін қалаусыз қонақтарға жол үстінде дастарқан жайып, ақжарды тілек айтып, ащы сусыннан ұсынуға тура келді.
Сосын полковниктер Мұқатаев пен Мақатов олардың ішімдік ішіп, масайраған халдері мен қолдарында суық қарудың болғанын желеу етіп, бір жағдайға ұрынар деп сылтаурата көршілес Ресей облыстарындағы әріптестерімен жақсы қатынастарын пайдаланып, көптеген казакты Самара мен Орынборға қайтуға көндірді. Облыстық штабтың осындай көзден тыс әрекет еткенінің арқасында Оралдағы мерейтойға жиналған казактар саны едәуір қысқарды. Түрлі ақпарат көздеріне сәйкес, Оралға жеткен казактар саны шамамен 200-250 болды.
- Бір сөзбен айтқанда, маған кабинетімде өмір сүруге тура келді. Қасымда екі сенімді көмекшім: бұрын комсомол обкомының бірінші хатшысы болған Амангелді Дәулетжанов пен президент Назарбаевтың кеңесшісі Серік Әбдірахманов ұсынған Болат Шәкімов болды, - деп еске алады Нәжімеден Есқалиев. – Болат Шәкімов Жоғары партия мектебінде оқыған кезінде Серік Әбдірахмановпен, Алтынбек Сәрсенбаевпен тағы басқа белгілі, ірі саясаткерлермен тығыз араласқан, «Азат» қозғалысы, «Алаш» қоғамы және басқа да бейресми бірлестіктердің жетекшілерімен тығыз байланыста болған. Ол алғашқы кездесуде-ақ ағымдағы жағдайларға қатысты ұстанымымен, бейресми белсенділерді жақтаушыларымызға айналдыру туралы ұсыныстарымен мені таңғалдырды. Сол күні-ақ мен оны көмекшім ретінде жұмысқа алу туралы шешім қабылдадым. Кейін оның қылқаламға жақындығы мен республикадағы бейресми қозғалыс жетекшілерімен таныстығы 91-жылғы оқиғаға дейін де, кейін де пайдалы болды. Сол күндері менің көмекшілерім қабылдау бөлмесіндегі орындықтарда ұйықтап жүрді.
Болат Шәкімов ол кезде 35 жаста еді, партиялық-кеңестік өлшем бойынша «жас кадрлар санатына» жататын, ал жоғары лауазымға көтерілудің ауылы әлі алыста еді. Алайда Орал оқиғалары жас кадрдың деңгейіне сай келмейтін күш-қуат пен жанкештілікті талап етті. Партиялық және мемлекеттік басқару жүйесіндегі жас қызметшілерге қарқынды саясиландырылған өмір Алматыдағы Жоғары партия мектебінен кем түспейтін білім мен тәжірибе берді.
Орал оқиғасынан екі жылдан кейін Шәкімов бизнеске кетті, бірақ кейін өмір оны мемлекеттік қызметке қайта алып келді. Екі жоғары білімі бар мықты интеллект иесі, ең бастысы көпұлтты мемлекетте қоғамдық ұйымдарды басқару ісінде тәжірибесі жетерлік маман бұл жерге әлі де қажет еді. 2004 пен 2013 жылдар аралығында Болат Шәкімов әкімшіліктерді басқарды, яғни Батыс Қазақстан облысының Тасқала, Бөрлі аудандарының әкімі болды. Қазіргі таңда тағы да бизнеске кеткен, бірақ «сату-сатып алу» емес, немістің инновациялық құрал-жабдықтарымен жабдықталған құрылыс материалдары зауытын салды.
Болат Шәкімовтің тағы бір ерекшелігі – қаламгерлігі, ол қарапайым адамдар туралы, айналадағы қарқынды өзгеріске ұшырап жатқан кішкентай адамның өмірі жайлы жазады. Ресейдің әдебиет саласындағы сыйлық иегері, ал бұл салада Қазақстанға қарағанда Ресейде танылу оңай емес екендігі аян.
Оралдағы жағдайды тұрақтандырумен қатар, облыс басшылығының алдында казактар мен қазақ шерушілерінің қақтығысын болдырмау міндеті тұрды. Тіпті, кішкене ғана келіспеушіліктің өзі бірнеше жүз казактар мен төрт-бес мыңдай «азаттықтардың» қақтығысына ұласып кетуі бек мүмкін еді.
Осылайша Орал оқиғалары жас кадрларды шынықтырған мектеп болса, ескі кадрлардың да беріктігіне сын болды. Кенеттен келген бұл сынаққа олардың барлығы дерлік төтеп бере алған жоқ. Облыс басшылығының көбі екі жаққа да, яғни, бір жағынан Есқалиев бастаған обком командасымен жақсы болуға, екінші жағынан «Мәскеуге» казактардың жетекшісі әрі Орал қалалық депутаттар кеңесіндегі қамқоршысы болып көрінуге тырысып бақты. Мысалы, Есқалиевтен халық депутаттары қалалық кеңесінің төрағасы Болат Молдашев пен қалалық Коммунистік партия комитетінің бірінші хатшысы Валерий Джунусов сырт айналды. Олар казактардың тарапында болды. Валерий Джунусов «Демократиялық Орал өңірі» қозғалысын ұйымдастырды, оны казак автономиясын құруды құптаған мыңдаған зауыт қызметкерлері қолдады. Олар қала және облыс басшыларының сайлануын көздеді. Болат Молдашев өте сауатты инженер еді, халық депутаттары қалалық кеңесі төрағасы болып сайланғанға дейін 20 жылдай одақтағы ең ірі «Омега» әскери зауытының директоры болды. Зауытта жеті мыңнан астам адам жұмыс істеді, яғни зауыт қаладағы жанданған казактардың сенім артар қорғаны болды.
Мәскеудегі ТЖМК-ның тамыз бүлігі кезіндегідей, 1991 жылдың қыркүйегінде Оралдағы жетекші аппарат қызметкерлері текетіресте «Мәскеу» жеңе ме, әлде «Алматы» жеңе ме деп, әліптің артын бағып отырды. «Сол кезде бұғып қалғандар қатарына біреулер кейде Нұрсұлтан Назарбаевты да қосып жүр. Бірақ олай емес. Ол менің сұрағанымның бәрін жасады», - дейді Нәжімеден Есқалиев.
Ал облыс басшылығының Алматыдағы басшы шенеуніктермен не тыңдырғанына келер болсақ, көпшілік ол туралы жақ ашқылары келмейді, өйткені жұмыла істелген айтарлықтай жұмыс болмады. 1991 жылдың тамызындағы ТЖМК-ның үш күндік бүлігі кезіндегідей Алматыдағы жоғарғы кабинет иелерінің көбі тасаға кіріп кетіп, дағдарыстың неге апарып, немен аяқталатынын күтті. Оның үстіне, 1991 жылдың мамыр айында, дүрбелеңнен төрт ай бұрын, Алматыда өткен жиында Горбачев Есқалиевтың өтінішін өрескел түрде қайтарып, казак қауымдастығы ойындарының артында Кремльдің өзі тұрғанын көрсетті. 1991 жылдың қыркүйегіндегі қатерлі күндері оқиға қайғылы жағдаймен аяқталар болса туындайтын жауапкершіліктен қашқан Алматыдағы жоғары шенділер сол кезде «жұмыс орындарында болмай қалды», тіпті Нәжімеден Есқалиев штабымен байланысқа шықпауға тырысты. Егер сәл қателік кетіп, Оралда қантөгіс басталып, қалаға әскер кіргізілсе, жауапты Есқалиев болып қалатын еді.
1991 жылдың қыркүйектегі қауіпті күндері, тіпті Орал облысы Қазақстан құрамында қала ма, әлде жоқ па деген сұрақ қойылған кезде Қазақстанның жоғары басшылығынан тәуекелшіл батыл адамдар табылмады деуге болады. Мыңдаған «азаттықтардың» жүздеген казактармен текетіресі шегіне жеткен еді, Приволжск-Орал әскери округінің танктері Оралдан бірнеше шақырым жерде дайын тұрды, ал Қазақстан басшылығы ештеңе болып болмағандай сыңай танытты.
Қазақстан билігі соңғы 30 жылдан бері 1991 жылдың қыркүйегінде Орал облысы құрдымға кетудің шегінде болғанын түсінгісі де, мойындағысы да келмейтін секілді. Казактармен текетірес басталған кезден-ақ Есқалиевпен телефон байланысында болған Қазақстанның жоғары билігінің жалғыз өкілі Қазақ КСР Жоғары Кеңесі төрағасының орынбасары Серікболсын Әбділдин болды. 1991 жылдың 15 қыркүйегі күні қантөгіс қаупі артта қалып, бірнеше жүз ресейлік казак пойыздар мен автобустарға отырғызылып, Ресейге кері аттандырылған соң, Орал уақытымен 17:00-де Нәжімеден Есқалиев Серікболсын Әбділдинге жағдай қантөгіссіз, бейбіт жолмен шешілгенін баяндайды.
Алайда 15 қыркүйектің кешіндегі сол минутқа жеткізер жол тым ұзақ болды. 1990 жылдың басынан ушықтырылған дағдарыс ғасырға созылғандай еді. Егер Қазақстанның барлық аймағынан жиналған «азаттықтар» мен Орал облысының барлық ауданынан жиналған азаматтары, сонымен қатар Нәжімеден Есқалиев командасының жанкешті де епті әрекеттері болмағанда, бәлкім Оралда болмашы ұшқыннан өрт лаулауы әбден мүмкін еді.
Жалғасы бар...
