
Оралда кешеден бері 100 адам медициналық көмекке жүгінді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыстық көпбейінді аурухана қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі Ақылбек Бақаевтың айтуынша, соның 60-ы –көктайғаққа байланысты жарақат алғандар.
Соның ішінде аяқ-қолынан, кеудесінен және басынан жарақат алған тұрғындар бар. Сынық жарақатын алғандар травматология, миы шайқалғандар нейрохирургия бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайлары орташа.
«Көктайғаққа байланысты зардап шеккендер, әсіресе, бүгін көбейіп отыр. Түске дейін 35 науқас медициналық көмекке жүгінсе, соның 28-і – көктайғақ салдарынан құлап, жарақат алғандар», деді А.Бақаев.
Өңірде кеше жаңбыр жауып, жолдар көктайғаққа айналды.
«Қазгидромет» РМК мәліметіне қарағанда, 13 ақпан күні де облыстың кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ болады. Жаяу бұрқасын көтеріледі. Желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетуі ықтимал.
