
Оралда ауа райына байланысты Зачаган кентінің шағынаудандарын сумен қамту тоқтатылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Батыс су арнасы» ЖШС мәлім еткеніндей, қардың күрт еруінен кенттегі өздігінен ағатын кәріз коллекторындағы сарқынды сулар деңгейі көтерілген.
Сол себепті әлеуметтік нысандарға су басу қаупі төнгендіктен, сағат 14.00-ден бастап шағынаудандарды сумен қамту тоқтатылды. Жергілікті сағат 18.00-ден 21.00-ге дейін су беру уақытша қалпына келтіріледі. Сағат 21.00-ден 5 ақпан күнгі 07.00-ге дейін сумен қамту қайта тоқтатылады. Ертең сағат 07.00-ден бастап су қайта беріледі.
«Осы аралықта тұрғындар суды жинап алған жөн. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім өтінеміз», деп хабарлады «Батыс су арнасы» ЖШС-ның баспасөз қызметі.
Бүгін Оралда селдетіп жаңбыр да жауды.
