24 мам, 2022 сағат 18:10

Оралда ата-аналар балабақша тәрбиешісін балаларды ұрды деп айыптады

Сурет: uralskweek.kz

Оралда ата-аналар жеке балабақша тәрбиешісін балаларды ұрды деп айыптады - деп хабарлайды  Tengrinews.kz агенттігі uralskweek.kz сайтына сілтеме жасап.

Тәрбиеленушілердің бірінің әкесі балабақшада қызының қолынан сызғышпен ұрғанын айтты, ол бұл туралы кездейсоқ біліп қалған.

"Өткен жексенбіде кешке отбасымызбен үйде болдық, кешке жақын әйелім қыздардың шомылып, ұйықтауы керегін айтты. Өйткені келесі күні таңертең олар балабақшаға ерте тұруы керек еді. Біздің екі қызымыз бар, үлкені жақында алтыға толды, кейінгісінің жасы сәл кіші. Мен өз бөлмемде болдым. Үлкен қызым жуынатын бөлмеге бара жатып, балабақшаға барғысы келмейтінін, өйткені онда тәрбиеші тағы да ұратынын айтқанын естідім", - деді Нұрғали Қалыбеков.


"Қызым сабақ кезінде сақинасын түсіріп алғанын айтты. Тәрбиеші осы үшін саусақтарын сызғышпен ұра бастаған. Ол жылағанын, кешірім сұрағанын айтты, бірақ тәрбиешісі қоймаған. Осылайша, оны басқа топқа апаратынын айтқан", - деді қыздың әкесі.

Тағы бір баланың анасы Маргарита Быкованың айтуынша, баласы балабақшаға екі жыл қуана-қуана барған. Бірақ топ тәрбиешісі өзгерген кезде, баланың балабақшаға баруға қызығушылығы жоғалған.

"Балабақшада ренжіте ме деп сұрағанда, балам тәрбиеші өз тобындағы бірнеше баланы жиі ұратынын айтып, сол балалардың аттарын атады", - деді Маргарита Быкова.

"Тимошка" балабақшасының директоры Динара Ісқайырова топтағы барлық ата-ананы кездесуге шақырғанын айтты. Бұл топта мектеп жасына дейінгі 17 бала бар.

"Барлық ата-ана жағымсыз пікірде болды. Маған да, мұғалімге де сөз бермей, айғайлай бастады. Аяланың әкесі тәрбиешіні көріп, оған әдепсіз сөздер айтты. Балағаттамады, бірақ өзін дөрекі ұстады", - деді Динара Ісқайырова.

Оның айтуынша, тәрбиеші Нұрғали Қалыбековтің үстінен полицияға арыз жазған. Сонымен қатар, ата-аналар жұмыс істемейтін бейнебақылау камералары үшін директорды кінәлап, мұның бәрі арнайы жасалғанын айтты.

"Бейнебақылау камералары, шынында да жұмыс істемейді. Жүйе істен шыққан, өйткені бастапқыда қызмет көрсететін компанияның қызметкерлері бейнебақылау камераларының негізгі элементтерін дұрыс орналастырмаған. Уақыт өте келе жүйе істен шықты. Мұны жақында білдім, өйткені маман емеспін. Жаңасын жүргізу үшін 250 мың теңге қажет, бақша бюджеті үшін бұл барлық ай сайынғы шығыстарды ескергенде, айтарлықтай сома. Бірақ оны бәрібір орнатамыз. Камералар жұмыс істесе, ата-аналар да, мен де не болып жатқанын көре алар едік. Бұған дейін қандай да бір сұрақтар туындаса, ата-аналарға камераларды қарауды ұсынатын едім, жағдай сол жерде шешілетін", - деп түсіндірді директор.

Полиция департаменті өкілі ата-аналардың арызы тіркелгенін, тексеріс жүргізу үшін білім бөліміне жіберілгенін айтты. 10 күн өткеннен кейін департаменттен жауап келуі керек, оның нәтижелері бойынша арыздың одан әрі заңды жағы анықталады.

Динара Ісқайырова тәрбиеші тексеріс кезінде жұмыстан шеттетілгенін атап өтті.