
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған Орал трансформатор зауытына барды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.
Орал трансформатор зауытының басқарушы директоры Ақжол Сауранбаев хабарлағандай, зауытта үш ауысымда 300-ден астам адам жұмыс істейді. Биыл 9 мың трансформатор шығару жоспарланған, бұл өндіріс өсімінің 35%-ын құрайды. Келесі жылы жобалық қуатына шығып, өндіріс көлемін жылына 12 мың трансформаторға дейін арттыру көзделген.
«Экспорт көлемі 95%-ды құрайды. ТМД елдеріне: Ресей Федерациясына, Грузияға, Әзербайжанға және Арменияға экспорттаймыз», - деді А. Сауранбаев.
Келесі жылы панельді радиаторлардың жаңа өндірісін іске қосу жоспарланған. Жоспарланып отырған өндірістік қуат – жылына 3000 тонна радиатор. Өнімдердің 30% ішкі нарыққа жіберіледі, ал 70% – экспортталады. Кәсіпорында қосымша 100-ден аса жаңа жұмыс орны құрылады.
«Алдағы 2 жылда жаңа өнім түрлерін шығару арқылы өндірісті кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл – трансформатор құрауға қажетті бөлшектер мен материалдар, панельді радиаторлар, изоляциялық қағаздар және т.б.», - деді кәсіпорын директоры.
Оның айтуынша, жобаның ерекшелігі мынада - бұл өнім түрлері 70% экспортқа бағдарланған және ЕАЭО елдерінің аумағында шығарылмайды. Шығарылатын өнімнің негізгі тұтынушылары Ресей мен Беларусьтің трансформатор зауыттары болмақ.

