20 жел, 2019 сағат 13:37

Орал қаласы мектептерінде 200-ден астам қызметкер қысқаруы мүмкін

Оралда «Білім сервис» атты жаңа коммуналдық мемлекеттік мекеме құрылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мекеме басшысы Мұрат Байменовтің айтуынша, «Білім сервис» білім саласында бухгалтерлік есеп жүргізу және техникалық мәселелерді шешумен айналысатын болады.

Бұған дейін қаладағы 50 орта мектептің әрқайсысында бірнеше бухгалтерден болды.

2017-2018 жылдары республика бойынша білім саласында 9500 тексеру жүргізілген. Соның 80 пайызында бұзушылық деректері анықталған жоқ. Алайда мектеп директорларының құжаттарды көрсетіп, түсіндіруге көп уақыты кетті. Бұдан бұлай олар мектепті жөндеу, шаруашылық жұмыстарына бас ауыртпайтын болады.

«Техникалық қызметкерлерді біздер қабылдайтын боламыз. Олар бізде штатта болғанымен, мектептерде жұмыс жасайды. Жедел топтар құрылып, мектептерден түскен ұсынысқа сәйкес бұзылған нәрселерді ретке келтіреді. Бұл 180 млн теңгені үнемдеуге мүмкіндік береді», дейді М.Байменов.

Жаңа мекеме алдағы жылдың басынан жұмысын бастамақшы.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа мекеме аппаратында 50 бухгалтер, 10 экономист жұмыс жасайтын болады. Олар білім саласында жасағандар ішінен іріктеліп алынады. Сондықтан бухгалтерлер, электриктер, сантехниктер және басқа мамандар арасынан 226-дай адам қысқартылады. Оларды жұмысқа орналастырумен, қажет болған жағдайда қайта оқытумен қала әкімдігі айналысады.

Бұған риза болмаған қала мектептерінің бухгалтерлері кәсіподаққа жүгінді.

Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Марат Даупаев мәселенің оңтайлы шешілуі үшін жұмыстанып жатқандығын жеткізді.

«Осыншама адамның қысқаруы оңай емес. Бәрі заң бойынша болуы тиіс. Біз осы мәселені «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің назарына ұсынбақшымыз.

Облыстық білім басқармасы басшысының қатысуымен қала әкімінде болып, өз ұсынысымызды білдірдік. Қала мектептерінің директорларымен де кездесеміз. Жалпы Қазақстан бойынша қолға алынып жатырған мәселе емес. Сондықтан мұның жергілікті жерде оңтайлы шешілуі біз үшін де маңызды», деді М.Даупаев.