22 нау, 2026 сағат 12:33

Операция үстеліндегі өлім: Астанадағы дәрігер ісі шешуші кезеңге жетті


Фото: Видеодан скрин


Астанада 13 жастағы Әділхан Әбілдиновтің операциядан кейін қайтыс болуына қатысты іс бойынша сотта жарыссөз кезеңі басталды. Айыпталушы орындығында – операцияға қатысқан анестезиолог, деп хабарлайды Ult.kz “Бірінші Еуразия” арнасына сілтеме жасап.


Мемлекеттік айыптаушы мен жәбірленуші тараптың айтуынша, жасөспірімнің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік болған, алайда операция кезінде жіберілген қателік қайғылы жағдайға әкелген. Ал қорғаушы тарап дәрігердің әрекеті дұрыс болғанын айтып, айыптаумен келіспейтінін мәлімдеді.


Әбілдиновтер отбасы үшін бұл сот процесі өте ауыр өтіп жатыр. 2024 жылдың шілдесінде олардың жалғыз ұлы жоспарлы операция кезінде көз жұмған. Алдын ала тексерулер қарсы көрсетілімдерді анықтамағандықтан, дәрігерлер ағзадағы өсіндіні алып тастау туралы шешім қабылдаған.


Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, бала тыныс жолдарының бітелуі салдарынан қайтыс болған. Айыптау тарабы анестезиолог тыныс жолдарын қорғау үшін қолданылатын манжетті дұрыс орнатпаған деген нұсқаны алға тартты. Ал қорғаушы тарап бұл пікірмен келіспейді және қанның басқа себеппен түсуі мүмкін екенін айтты.

Сотта айыпталушы дәрігер де сөз сөйлеп, ең алдымен ата-анасына көңіл айтты. Оның айтуынша, ол сол сәттегі клиникалық жағдайға сүйеніп әрекет еткен.


Жәбірленуші тарап оқиғадан кейінгі әрекеттерге де наразылық білдірді. Олардың айтуынша, кейбір медициналық құжаттар жоғалып кеткен, ал операция бөлмесіндегі бейнежазба сақталмаған. Сондай-ақ марқұм баланың анасы тергеу барысында іске араласу әрекеттері болғанын мәлімдеді.


Мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушыны кінәлі деп танып, екі жыл бас бостандығынан айыруды және үш жылға медициналық қызметпен айналысу құқығынан айыруды сұрады. Келесі сот отырысы 26 наурызға белгіленген. Онда айыпталушы соңғы сөзін айтады.