22 нау, 2026 сағат 12:16

Астанада Наурыз мейрамына орай дрон-шоу өтті


© Sputnik / Санат Имангалиев


Астанада Наурыз мейрамына орай ауқымды дрон-шоу өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.


Қала тұрғындары мен қонақтары қазақтың дәстүрлі мұрасын бейнелейтін жарқын композицияларын тамашалады. Аспанда киіз үй, тайқазан, шұбат құйылған тостаған, түйелі керуен және асық бейнелері көрініс тапты.


Бұл образдар көшпелі мәдениетті, береке-бірлікті, күш-қуат пен ұлттық болмысты білдіреді.


Сондай-ақ, аспанда көктемнің келуі мен табиғаттың жаңаруын айшықтайтын үш өлшемді қызғалдақ бейнесі пайда болды. Күн мен айдың көріністері күн мен түннің теңелгенін меңзейді.


Шоудың соңында "Наурыз құтты болсын!" деген жазу көрсетілді.


Еске салайық, Астанада 22 наурыз күні Наурыз мейрамына арналған ауқымды іс-шаралар жалғасады. Негізгі алаңдарда ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдары ұсынылатын жәрмеңкелер мен фуд-корттар жұмыс істейді, шеберлік сағаттары мен дәстүрлі рәсімдер көрсетіледі.


Сол сияқты қазақша күрес, садақ ату, гір спорты, қол күресі және асық ату бойынша жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталады.