Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев солтүстік өңірге қоныс аударушыларға берілетін жәрдемақы көлемін 97 230 теңгеден 194 460 теңгеге дейін арттыруды ұсынды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Ол тұрғындарды оңтүстіктен солтүстікке көшіру мәселесі ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында да көтерілгенін атап өтті.
"Мемлекет мигранттар үшін барынша қолайлы жағдай жасауы тиіс. Жақында мен Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен бардым. Өңірде демографиялық өсу бойынша ең төмен көрсеткіш бар, алайда облыс өңірге қоныс аударушыларды тарту бойынша жақсы нәтижелер көрсетіп отыр. Өңірде қоныс аударушылар үшін жаңа тұрғын үйлер салынуда", - деді Тоқаев бейсенбі күні Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.
Айтуынша, Солтүстік Қазақстанда коммуналдық инфрақұрылым жүйесі дамып жатыр, әлеуметтік маңызы бар нысандар салынуда.
Көшіп-қонушыларды ынталандыру мақсатында мемлекет басшысы қосымша шара ретінде жәрдемақы мөлшерін екі есеге, яғни 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке дейін арттыруды ұсынды.
Тоқаевтың тапсырмасына сай, үкімет бұл мәселені бір ай ішінде зерттеп, тиісті шешім қабылдауы керек.
Сондай-ақ, ел басшысы қоныс аударушылар үшін портал базасында арнайы сайт құру қажет екенін айтты. Еңбек.kz сайты арқылы көшіп барушылар мемлекеттік қолдау шаралары туралы барлық ақпаратты ала алады.
Қазақстанда қоныс аударушылардың отбасыларына мемлекеттік қолдау көрсетіледі: көшуге материалдық көмек, тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеу, қажет болған жағдайда қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберу, сондай-ақ жаңа тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы тарихи отанына оралуға тілек білдірген этникалық қазақтардың тұрғын үй мәселесін шешуді тапсырды.
Айта кетейік, тарихи отанына оралғысы келген этникалық қазақтар "қандас" мәртебесін беру мерзімі аяқталғанға дейін бір жылға ғана тұрғын үй алу мүмкіндігі бар. Азаматтық алғаннан кейін бұл мәртебе тоқтатылады және адам баспана алу мүмкіндігінен айырылады.
Осыған байланысты азаматтықты алған біздің "қандастарымыз" үшін солтүстік өңірлерге қоныс аударған жағдайда мемлекет олардың артында тұрғын үй кезегінің сақталуын қамтамасыз етуі тиіс.
Президенттің айтуынша, бұл шара азаматтарды еңбек күші тапшы өңірлерге көшіру үшін қосымша ынталандыру болады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда "оралман" термині алынып тасталды. Енді Қазақстан егемендік алған кезде республикадан тыс жерде тұрған этникалық қазақ "қандас" деп аталады.
Қазіргі уақытта көшуге отағасы мен отбасының әрбір мүшесіне бір мезгілде 35 АЕК бөлінеді.
Қазақстандықтарды көшіру "Еңбек" Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жұмыс күші артық облыстардан (Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда), сондай-ақ Нұр-сұлтан мен Шымкенттен жүргізіледі.
Айта кетейік, 2020 жылы 11 мыңға жуық этникалық қазақ тарихи отанына оралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, оларға қандас мәртебесі берілді.
2020 жылдың 1 қазандағы жағдай бойынша, 10,9 мың адам Қазақстанға, түпкі отанына оралды.