06 қаз, 2016 сағат 20:39

Шығыс өңірде инвесторларға барлық жағдай жасалған

Аймақта индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы қалай жүзеге асырылуда, қысқы жылыту маусымына әзірлік қандай, облыстық мәслихат биыл қандай шаруаларды тындырып үлгерді? Бұл мәселелер облыстық мәслихаттың селекторлық режимдегі кезекті VI сессиясында қаралды. Сессияға облыс әкімінің орынбасары Қуат Тұмабаев қатысты. 


Жобалардың 75 пайызы жоғары өнімділікке ие


Алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Мүсәпірбеков 2015-2019 жылдарға арналған бағдарламаны жүзеге асыруда тиісті басқарма мен қала, аудан әкімдері жоспарланған шаруаларды атқарып жатқандығын мәлім етті. 

Оның сөзінше, ағымдағы жылдың жеті айы ішінде негізгі капиталға инвестиция көлемі 174,6 млрд. теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 19,7 пайызға кем. Басты себеп - Аягөз ауданындағы «KAZ Minerals Aktogai» Қазақмыс корпорациясының Ақтоғай КБК құрылысына салымдарды азайтуы. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың соңына дейін Индустрияландыру картасының жобалары және өнеркәсіптік кәсіпорындар инвестициялары есебінен инвестициялар көлемінің өсімі күтілуде.

Бүгінгі уақытта облыстың Индустрияландыру картасына 19 мың жұмыс орнын құрумен 1 триллион 159,9 млн. теңгені құрайтын 82 жоба қосылған. Олардың 75 пайызы жоғары өнімділік көрсетуде. Бұл көрсеткіш - өңірдің инвестициялық белсенділігіне анық дәлел. Ал жалпы Индустрияландыру картасын іске асыру басталғалы бері 48 жоба іске қосылса, жеті мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Биыл 435 жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін жеті жобаны іске қосу көзделген. Баяндамашы бұдан өзге қалалар мен аудандарда биыл іске қосылуы тиіс ірі жобаларға да тоқталып өтті.

Сонымен бірге, ол облыста Ұлт жоспарын іске асыру аясында өткен қаңтар айында ХҚКО жанынан инвесторларға қызмет көрсету секторы құрылғанын да атап өтті. Яғни, инвесторлар енді барлық мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша автоматтандырылған жүйеде ала алмақ. Қорыта айтқанда, біздің өңір инвесторлар үшін аса қолайлы саналуда және біздің тараптан оларды тартуға барлық мүмкіндіктер жасалып отыр. Бұл мақсатта облыс әкімінің бастамасымен өңірлік кеңес те құрылған.

Облыстық мәслихаттың депутаты Болат Нұрасыл баяндамада айтылғандарды әріптестері құптайтынын айта келе, келешекте ірі жобалармен қатар, аудан-қалалардағы қаржылай қолдауға мұқтаж шағын жобаларды да ескеруді ұсынды.


Сайлаушылармен тығыз байланыста жұмыс істейді


Облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк биыл атқарған жұмыстарының есебін берді. Осымен алтыншы рет шақырылып отырған облыстық депутаттық корпус 2016 жылдың наурыз айынан бері жұмыс істеп келеді. Өңірдің барлық мәселелері депутаттар назарынан тыс қалған емес, олар сайлаушылармен тығыз байланыста болып, қажетті ақпараттарды беріп отырады. Мәселен, ағымдағы жылдың алты айында 393 кездесу өткізіп, 1659 адамды жеке мәселелерімен қабылдаған. Сайлаушыларды толғандырған өзекті мәселелер бойынша әртүрлі органдарға 146 сауал жолданса, 17 мәселе бойынша арыз иелеріне түсінік беріліп, 412 мәселе оң шешімін тапқан. Олардың 50-ден астамы материалдық және қаржылай көмек көрсету арқылы шешілген. Басқа да 149 мәселе депутаттар назарында тұр. 

Мәслихат хатшысының айтуынша, мәслихат жанында «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясы жұмыс істейді. Партия мүшесі болып табылатын депутаттар қоғамдық қабылдауға да белсене араласады. Мемлекет басшысының реформалық саясатын ұстанушылар әрі белсенді жүргізушілер болып табылатын олар аз қамтылған отбасыларға, мектептерге, балабақшаларға, зейнеткерлерге, түрлі шараларды өткізуге материалдық көмек беруден де тыс қалған емес. 


Жылыту маусымына дайындық аяқталып келеді


Аймақтың қысқы жылыту маусымына дайындығы бойынша есеп берген облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ринат Омаров дайындық белгіленген кестеге сай жүріп жатқанын атады. 

Бекітілген кестеге сәйкес биыл ЖЭО-да қазандықтарды дайындау 90, турбоагрегаттарды әзірлеу 98 пайызды құрайды. Сондай-ақ, СЭС-та 23 гидроагрегатты жөндеу қажет болса, оның 20-сы жөнделген, бұл - 88 пайыз көрсеткіш. 

Баяндамашының айтуынша, қазіргі уақытта электрмен қамту нысандары дайындығының орташа көрсеткіші - 98 пайыз. Ал білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау нысандары, тұрғын үйлер қысқа толықтай дайын. Семей қаласында «Жылукоммунэнерго» МКК меншік қаражаты есебінен 249,8 млн. теңгенің жөндеу жұмыстарын жүргізсе, «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында 2015 жылдан бастап Семей қаласын жылумен қамту нысандарын дамыту бойынша 10 жоба жүзеге асырылуда. Қазір төрт жоба аяқталған. Әлеуметтік қорғау нысандарына қажетті көмір қоры толық жеткізіліп, білім мен денсаулық сақтау саласына қажетті қатты отынның алғашқы бөліктері тасылған. Алдағы жылыту маусымын ойдағыдай өткеруді мүлтіксіз бақылауға алу және өткізуді үйлестіру басқарма басшылығына және қала-аудан әкімдеріне тапсырылды.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмасхан Сматлаев әртүрлі мәселелер бойынша баяндама жасаса, депутат, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры Жасұлан Шаймарданов жиналғандар алдында облыс мектептерін бітірген түлектердің неліктен көршілес, атап айтқанда, Ресей Федерациясының шекаралас облыстарындағы жоғары оқу орындарын таңдайтындығына ауқымды талдау жасады. Естеріңізде болса, ол облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аталған мәселе бойынша құрылған жұмыс тобына жетекшілік етуде.

Сондай-ақ, сессияда бұған дейін бірнеше шақырылым депутаты болған Нұржан Түсіпова «Қазақстанның Құрметті депутаты» атанып, арнайы төсбелгімен марапатталды. Құрметті атақты мәслихат хатшысы Владимир Головотюк салтанатты жағдайда табыстап, бұрынғы әріптестері құттықтауларын білдірді.
Сессияда қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті шешім қабылданды. 

Дәурен Аллабергенұлы, "Дидар" газеті