Бүгін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде өнеркәсіп, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, геология және жер қойнауын пайдалану салаларындағы 2024 жылғы жұмыс қорытындылары шығарылып, ағымдағы жылға арналған міндеттер белгіленді, деп хабарлайды Ult.kz.
«Мұндай өсім соңғы бес жылда бірінші рет болып отыр»
Министр Қанат Шарлапаевтың сөзінше өңдеуші өнеркәсібіндегі өнім көлемі металлургия (+6,9%), машина жасау (+9,7%), химия (+7,7%) және басқа да салалардағы өсім есебінен 5,9%-ға өсті.
«Мұндай өсім соңғы бес жылда бірінші рет болып отырғанын айта кеткен жөн. 2024 жылы шамамен 1,3 трлн теңгені құрайтын 180 жоба іске қосылып, 14,4 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Жыл қорытындысы бойынша құрылыста оң нәтижелерге қол жеткізілді. Соңғы он жылда тұрғын үй құрылысының рекордтық көлемі байқалды. Жоспар бойынша 18 млн шаршы метр болғанымен, 18,9 млн ш.м. метр жаңа тұрғын үй салынды, бұл 172 мыңнан астам үйді құрайды (нақты тұрғын үй көлемінің индексі – 106,4%)», – деді министр.
Вице-министр Олжас Сапарбеков Өнеркәсіп бойынша 2024 жылдың қорытындылары мен 2025 жылға арналған жоспарлар туралы есебінде өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі өткен жылы 5,9%-ға өсіп, 24,5 трлн теңгені құрағанын айтты.
Металлургия өнеркәсібі (+6,9%), машина жасау (+9,7%), химия (+7,7%) - есебінен қамтамасыз етіліп, қағаз (+10,1%) және жиһаз (+12,6%) өндірісі өсіпті.
Вице-министрдің сөзіне сенсек түсті металлургия өндірісі жақсы нәтиже көрсетіп жатқан көрінеді. Жалпы металлургия бойынша жылдық жоспар – 102,5%, оның ішінде түсті металлургия бойынша – 103%.
«2025 жылға арналған түсті металдарды өңдеу бойынша жоспар: мыс 19,2 мың тонна, алюминий 82,9 мың тонна, қорғасын 41,8 мың тонна», -дейді ол.
Қара металлургияға қандай жоспар?
«Qarmet» жаңғырту есебінен шойын өндірісін 0,2 %-ға (3,3 млн тоннаға дейін) және прокат өндірісін 3,4 %-ға (3 млн тоннаға дейін) ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар 2 жаңа зауыт есебінен «Qaragandy Power Silicon» және «Ekibastuz FerroAlloys» ферросплавтар өндірісін 4,8 %-ға (2,4 млн тоннаға дейін) жеткізу күтілуде.
«Осы жылға негізгі міндеттер: Болат кәсіпорындарын шикізатпен үздіксіз қамтамасыз ететін металл сынықтарын шығаруға тыйым салуды ұзарту. Бұл отандық металлургиялық кәсіпорындардың тұрақты жұмысына себебін тигізеді және жоғары қайта өңдеу өнімдерін шығаруға ынталандырады. Жалпы бұл шаралар өндірістік әлеуетті нығайтуға және қара металлургияның тұрақты дамуына ықпал етеді», -деп отыр вице-министр.
Олжас Сапарбеков автомобиль жасау саласын дамыту, машина жасауды дамыту, химия өнеркәсібін дамыту, құрылыс материалдарын өндіру туралы бірқатар оң өзгерістер бар екенін айта келе 2024 жылғы инвестициялық жобаларға да тоқтала кетті.Оның сөзінше өткен жылы шамамен 1,3 трлн теңге сомасына 180 жоба іске қосылды, 14,4 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.2025 жылы шамамен 1,5 трлн теңге сомасына 190 жобаны іске қосу жоспарлап отырмыз, 20 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 17 ірі жобаның пулы қалыптастырылды. Жалпы пулдан министрлік инвестиция көлемі шамамен 6 трлн тенге болатын 9 жобаға мониторинг жүргізуде. Бұл металлургия, машина жасау және химия өнеркәсібі салаларындағы жобалар. Осы жылы екі жобаны іске қосу жоспарлануда Kia автомобиль зауыты және Алматыда Changan, HAVAL және CHERY автомобильдерін шығаратын зауыт», -деп айтты ол.
Баспанамен бас ауыртпас үшін...
«Тұрғын үй секторында мемлекеттік тұрғын үйді қолдау шаралары халықтың әлеуметтік осал топтарына жалға берілетін тұрғын үй және кезекте тұрғандарға несиелік тұрғын үй беру түрінде қолданылады. 2024 жылдың соңына дейін тұрғын үй құрылысын ынталандыруға барлығы 893,5 млрд теңге бөлінді», – деп атап өтті вице-министр Қ. Қажкенов
Сондай-ақ ол министрлік құрылыс салушыларға қойылатын талаптарды азайтуға және жағдайды жақсартуға, үлестік қатысудың тартымдылығын арттыруға және құрылыс нарығында тең жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған шаралар әзірленгенін айтты. Бұл тәсілдер Мәжілісте қаралып жатқан Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды жақсарту туралы заң жобасында қарастырылған .
«Наурыз» ипотекалық бағдарламасы аясында 2025 жылы 290 млрд теңгеге 11 мың қарыз беру жоспарлануда. Бұл бағдарлама бойынша бастапқы жарна 20%-дан 10%-ға дейін төмендейді.
Президент бастамасымен қолға алынған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында техникалық мамандарды қолдау шараларын жүзеге асыру мақсатында «Наурыз жұмыскер» жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Бастапқы жарна 10% құрап, бұл бағдарлама бойынша 72 миллиард теңге сомасына 2,4 мың несиесі беріледі.
Өткен жылы 23 қатты пайдалы қазба кен орны алғаш рет мемлекетке тіркелген
Барлау нәтижелері бойынша алтын қорының ұлғаюы 20 тоннаны, мыс – 48 мың тоннаны, хром – 464 мың тоннаны, қорғасын мен мырыш – 290 мың тоннаға жуықты құрады.
«Министрлік жер қойнауын мемлекеттік геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеудің өңірлік жұмыстарының нәтижесінде қатты пайдалы қазбалар бойынша перспективалы 38 учаске анықталды. Олардың арасында сирек кездесетін металдар, бериллий, қоңыр көмір, алтын, цирконий, ниобий және вольфрам бар», – деді вице-министр Иран Шархан.
Вице-министр Қазақстанға жаңа компаниялар мен әлемдік алпауыттардың келгенін айтты, соның ішінде: Fortescue, Barrick, BHP, First Quantum Minerals және т.б. Мемлекетте жұмыс істеп жатқан Rio Tinto мен отандық компаниялар іздеу алаңдарын кеңейтті. Тек он шетелдік компания геологиялық барлауға 41 млрд теңгеге жуық инвестиция салуды жоспарлайды, бұл 25 мың км² астам аумақтарды барлауды қамтамасыз етеді.
1:200 000 масштабтағы жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар 2026 жылдың соңына дейін Қазақстан аумағын 2,2 млн ш. км. дейін геологиялық-геофизикалық барлаумен қамтуға қол жеткізуге бағытталған. 2024 жылдың соңында бұл көрсеткіш 2014,4 мың ш. км. дейін өсті. Министрлік 2025 жылы оны 2 038,2 мың ш.км. жеткізуді жоспарлап отыр. 3 жылға қаржыландыруға арналған бұл жұмыстардың жалпы сомасы 20 млрд теңгеден асады.
Өндірісті цифрландыру
2025 жылдың 1 қаңтарында іске қосылған Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы. Барлауға немесе өндіруге өтінім беруден бастап оның аукционына және лицензияны беруге дейін цифрлық форматта үздіксіз процесті жүзеге асырылған екен. Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы арқылы геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы 22 мемлекеттік қызмет электронды түрде қолжетімді деп отыр вице-министр Ж. Дүбірова.
Бұдан бөлек жер қойнауын пайдалану үшін алынған барлық аумақтарды қамтитын, сондай-ақ аукционға шығарылатын учаскелерді орналастыруға мүмкіндік беретін интерактивті карт іске қосылған. Одан бөлек, жасанды интеллект енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп, бірыңғай тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық платформасын құру жұмыстары да жасалып жатқан көрінеді.