21 нау, 2019 сағат 16:20

«Өнер барысы»: Жеңіл салмақта бас жүлдені Асылхан Төлепов қанжығалады

"Өнер барысы" республикалық турнирінің бас жүлдесі Асылхан Төлеповке бұйырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Турнирдің жеңіл салмақтағы бас жүлдесі үшін Қазақстан Жастар одағы "Серпер" жастар сыйлығының лауреаттары, кино актерлері Аян Өтепберген мен Асылхан Төлепов белдесті. Тартысты өткен кездесуде алдымен Асылхан бүк ұпайын еншілесе, іле-шала Аян да өз қоржынына дәл осындай ұпай сала алды. Алайда, негізгі уақытта палуандардың есептері тең аяқталды. Осыдан кейінгі белдесуде қолы белбеуден шығып кеткен Аян жеңісті Асылханға беріп қойды.

Айта кетейік, "Өнер барысы" республикалық турнирінің қола жүлдесі ауыр салмақта Еркебұлан Дайыровқа, ал жеңіл салмақта Абай Аязбаев бұйырғанын хабарлаған едік.

Естеріңізге сала кетсек, «Өнер Барысы» республикалық турнирі елордадағы "Дәулет" спорт кешенінде өтті. Турнирге жиырмаға жуық палуан қатысты. Олардың ішінде бірде-бір кәсіпқой спортшы жоқ. Барлығы да Қазақстан халқы жақсы танитын әртістер мен музыканттар, әншілер, айтыскерлер, актерлер, КТА-ға қатысушылар. Олардың қатарында Қайрат Нұртас, Абай Аязбаев, Серік Ибрагимов, Мейіржан Төребаев, Амангелді Өтешов, Асылхан Төлепов, Артур Төлепов, Аян Өтепберген, Нұрлан Мұсаев, Еркебұлан Дайыров, Әлібек Серғалиев, Нұрболат Абдуллин сынды өнерпаздар бар.