Естеріңізде болса, қазір қаладағы қоғамдық көлікте қолданылуы үйреншікті де қалыпты жағдайға айналып бара жатқан «Оңай» элекронды көлік картасы үстіміздегі жылдың 11 қаңтарында қолданысқа енгізілген болатын. Әрине, алғашқы кезде электронды билетке үйрену қала тұрғындарына оңай болған жоқ. Тек, қалалық қоғамдық көліктерде бір реттік жол жүру билеттері қайта жолға қойылған соң ғана, бұл мәселе түбегейлі шешімін тапқандай болған. Өйткені, осы орайда «Оңаймен» жол жүретін жолаушылар саны да бірте-бірте өсе түсіп, одан қала бюджетіне түскен пайда да арта бастады.
Жасыратыны жоқ, «Оңай» электронды картасымен бір мезгілде қолма-қол бір реттік «Оңай» билеттерін қолдану – жол ақысына төленген ақшаның жеке адамдардың, яғни, билет сататын кондукторлардың қалтасына түсуіне сеп болғаны байқала бастаған еді. Сөйтіп, қоғамдық көліктерде «қолма-қол билет сату» үрдісі қайтадан жандана бастағандай болды. Ал, осыны түсінген қаладағы жолаушылар тасымалы қызметтерінің басшылығы бір мезгіл «Оңай» электронды картасын қолдануды қалдырып, қолма-қол төлемді жолақы төлеу қызметінен алып тастаған болатын. Бірақ, жолаушылар арасында көпшілігі «Мен «Оңай» картасына ақша құюды ұмытып кетіппін» немесе «Жаңа ғана осы автобусқа отырудың алдында «Оңай» картама ақша құйып едім, ол әлі есептеліп үлгермей жатқан шығар» деген сияқты неше түрлі сылтаулар айта бастады.
Сондықтан да қалалық Жолаушылар көлігі басқармасы осындай сылтау айтушылардың пікірлерін ескере келе, «Оңай» картасын толтыруды «ұмытып» кетушілерге қарсы жүріп, қала қоғамдық көліктерінде қолма-қол төлем жүргізу қызметін қайта енгізуге мәжбүр болды. Сөйтіп, осының салдарынан қаладағы жолаушылар арасында «Оңай» электронды картасын пайдаланушылар саны күрт азайып кетті» деген сөздер қаулап кетті. Соған байланысты, Алматы қаласы көлік холдингі халық арасында қаулап кеткен жоғарыдағы пікірлерді жоққа шығара отырып, өз сөздерін дәлелдеу мақсатында 2016 жылғы он айдағы Алматы қаласы жолаушылар тасымалдау қызметі бойынша «Оңай» электронды картасын сатудан түскен мәліметтерді жариялады. Осылайша 2016 жылдың басынан бері «Оңай» картасын сатудан қалалық бюджетке мына мөлшерде қаржы түскен дейді:
қаңтар – 750 535 860,00 теңге;
ақпан – 1 821 666 140,00 теңге;
наурыз – 3 179 069 071,77 теңге;
сәуір – 4 508 625 245, 37 теңге;
мамыр – 5 557 979 045, 84 теңге;
маусым – 6 494 253 554, 89 теңге;
шілде –7 242 829 007, 60 теңге;
тамыз – 8 087 333 025, 06 теңге;
қыркүйек – 9 228 838 380, 35 теңге;
қазан – 10 082 056 560, 35 теңге…
Көріп отырғанымыздай, «Оңай» электронды картасын пайдалану арқылы қалалық бюджетке түскен қаржы айналымы ай өткен сайын өсіп отырған. Бұл ретте алматылықтардың жаңа реформаға қолдау танытулары да жағдайдың жетістікке жетуіне мүмкіндік берген. Әрине, жоғарыда келтірілген тізімде қараша мен желтоқсан айлары көрсетілмеген. Дегенмен, біздің өзіміз де жолаушы ретінде көзбен көргенімізді баяндасақ, бұл екі айда қоғамдық көліктерде «Оңай» электронды картасын пайдаланушылар саны кемімегені тұрмақ, қайта көбейе түскенін аңғарғанымыз жасырын емес.
Құттыбек АЙМАХАН, "Алматы ақшамы" газеті