12 сәу, 2017 сағат 08:54

Өмірі өнегелі Өзбекәлі

Ұмытпасам, шілде айы болатын. Түскі үзіліс. Жұмыс бөлмеcінде жалғыз қалдым. Әріптестерімнің біразы еңбек демалысында, қалғандары түскі асқа кетті. Біраз күн бұрын бастаған кітабымды аяқтаудың қамына кірістім. Ол Өзбекәлі Жәнібековтің «Тағдыр тағылымы» кітабы болатын. Кітапты оқыған сайын көзге жас үйіріледі. Сол себепті кітапты жалғыз қалып оқуды ұйғарғанмын. Әттең, неткен ғұмыр. Балғын балалық шақтың қызығы мен қиыншылығы қатар жүрген Өзбекәлі ағамның тағдыры осындай болған екен-ау деп те қоямын. Әке мен анадан ерте айырылған қандай қиын... Өзбекәлі ағамыз соның бәріне төтеп беріп, білімін шыңдап, өмірлік мақсат құрып, соған өзін-өзі жетеледі. Кемшіліктері үшін өзін-өзі қамшылады. Бұл тағдырдың тағылымы.

Әріптестерім түскі үзілістен келгенше кітапты оқып бітірдім. Әзбекәлі ағамның балғын шақтағы алға қойған армандарының біршамасы орындалды.  Ол қазақ халқының рухани мәдениеті мен өнерін бүкіл әлемге таныту еді. Соның жолында аянбай тер төкті. Еліміздегі көптеген мұражайларды өз қолымен жасады. Өзбекәлі ағамыз мұражай ісінің жанашыры, әрі білгірі еді.

Әулие кесенесі негізінде құрылған «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының да құрылуына Өзбекәлі ағамыздың жасаған еңбегі орасан. Кеңес үкіметінің қылышынан қаны тамып тұрған шақта кесенеде жерленген хандар мен сұлтандар, билер және батырлардың құлпытастарын мұражай экспозициясына қойды. Жерленген тұлғалар туралы әңгімелер ол өз алдына бір бөлек дүние болатын. Өзбекәлі ағамыз өзінің батылдығының арқасында аз уақыттың ішінде музей экспозициясын жасап шықты. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа еді. Сондай-ақ, атеистік қоғамда ең алдымен елімізде әулие бабамыз — Қожа Ахмет Ясауидің мұрасы мен іліміне бетбұрысты бастаған да осы Өзбекәлі Жәнібеков болатын. Көне «Диуани хикметтердің» нұсқаларын мұражай қорына жинақтай бастады және сақталған құлпытастарды оқуды да қолға алған болатын.

ХІV ғасырдың басты құндылығы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің опырылып құлау қаупі төнген бөліктері – Бас портал мен мешіт бөлмесі мығымдалды. Қабірхананың еденін бастапқы деңгейінде қалпына келтіріп, Қожа Ахмет Ясауидің еңкейіп, құлауға айналған құлпытасын түзетуге мүмкіндік берді. Кең ауқымды жұмыстарының нәтижесінде кесене-мешіттің негізгі сегіз залында, сол сияқты ХV-ХVІ ғасырларда тұрғызылып, 1975 жылға дейін жұмыс істеген Шығыс моншасында, ХІХ ғасыр Жұма мешітінде жылына 450-500 мыңға жуық келушілер тамашалайтын мұражай экспозициясы орналастырылды.

Қазақтың кемеңгер жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Ұлттық мемлекетіміздің қайтадан қалпына келтіріліп, Тәуелсіз даму жолына түсуіне де Өзағаның сіңірген еңбегі ерекше" десе, халық жазушысы Ш.Мұртаза  "Өзбекәлі Жәнібеков бүкіл саналы өмірінде қазақ халқының дүниежүзілік цивизилияцияға қосқан үлесін дәлелдеумен өтті"- деп, бағасын берді. Ғалым, профессор Мырзатай Жолдасбеков Өзбекәлі Жәнібеков жайында былай сыр шертеді:  «Нұрлы жүзді, әдемі қоңыр үнді, жаратылысы бөлек Өзбекәлі ел тарихы мен мәдениетінің білгірі, қасиеттің тұнып тұрған тұнбасы, ойдың тереңі халқымыздың кескіні менен келбеті, қайраты менен айбаты еді, арысы еді, дара тұлғасы еді, елінің асылы, баршаның жақыны еді, қайыспайтын қара нары, шалыс баспайтын кержорғасы еді, бойын жасырған тұлпар еді. Заманымыздың Бұқар жырауы, Төле биі еді» деп, ерекше бағалған екен.

Кітапты аяқтаған соң санамда терең ой туды. Қазақтың Өзбекәлісіндей дарынды, кемеңгер, батыл тұлғаның жасаған еңбектерін жас жеткіншектерге неге насихаттамасқа? Мұражай басшысына көрме ашсақ деген ұсынысымды білдірдім. Мекеме басшысы қолдау көрсететіндігін жеткізді.  Өкініштісі, мұражайда тек Өзбекәлі ағамыздың өзі өткізген кітап сөресі мен «Қоңырат» тоқыма кілемі бар екен. Екі жәдігермен көрме өткізе алмайтынымыз анық. Отыра қалып, әріптестерімнен Өзбекәлі ағамыздың үйінің телефонын алып қоңырау шалдым. Қалихан апам телефонды көтерді.

«Апа, амансыз ба? Мен Түркістаннан хабарласып отырмын. «Әзірет Сұлтан» қорық- мұражайынан есімім  Берік. Таныдыңыз ба?» Қалихан апа 2008 жылы мұражайдың 30 жылдық мерейтойының қадірлі қонағы болған болатын. Мені бірден таныды. Амандық- саулық сұрасып болған соң, «жайшылық па, балам?» деді. «Сіздің маған үлкен көмегіңіз қажет. Мұражайдан Өзбекәлі ағамызға арнап 28 тамыз күні туылған күніне орай көрме ашсақ деген жоспарымыз бар» дедім.  Қалихан апа маған Өзбекәлі ағамыз өмірден озған кезде көптеген жәдігерлерін Алматының Орталық мұражайы мен Отырар археологиялық қорық-мұражайының қызметкерлеріне бергендігін жеткізді. Бірақ өзінде сақтаған біршама заттарының бар екендігін айтты. Сөз барысында Қалихан апа менің жасымды сұрады.

Мен «жиырма жетідемін» дедім.

«Осы уақытқа дейін Өзекеңнің жәдігерлерін алған мұражайдың бірі де экспозиция, не болмаса көрме де жасамады» деп ренішісін білдірді. «Апа, көресіз, жасаймыз, ол қолдан келетін шаруа» дедім. Шыны керек, біраз сенімсіздік білдіріп, сөз соңында Қалихан апа келісімін беріп, Алматыдан біршама Өзбекәлі ағамыздың көзі тірісінде тұтынған заттарын берді. Ағамыздың кітаптарын ақтарып фотосуреттерін көрмеге қоюға шығаруды ұйғардық. Қызу жұмыстар жүргізілді. 2009 жылы 28 тамыз күні Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде «Өзбекәлі Жәнібеков — мемлекет және қоғам қайраткері» тақырыбында көрме ашылды. Бұл өз алдына басты жаңалық болды. Оған дейін Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жеке тұлғаға арналған көрме ашылмаған екен. Көрменің ашылуына Өзбекәлі ағамыздың зайыбы Қалихан Жәнібекова, ағайын туыстары мен көзін көрген азаматтар шақырылды. Сонда мінберге шыққан Қалихан апа мұражай ұжымына шексіз алғасын білдіріп, батасын берді. Мен өзімді сонда бақытты сезіндім. Ойыма алған ісімнің оңды болғандығына қатты қуандым. Адам баласына бұдан артық марапат бар ма? Сондай-ақ, 2010 жылы Қалихан апамыз Түркістанға арнайы ат басын бұрып, Өзбекәлі ағамыздың «Адырна» фольклорлы ансамбль өкілдеріне өзі тіккен көйлектерін табыс етті. Араға бір жыл салып Алматыдағы үйіне барып, Өзбекәлі ағамыздың жеке кітапханасынан 30-ға жуық кітаптары мен шапанын алып мұражайға қорына өткізілді. Қазіргі таңда мұражайда Өзбекәлі ағамызға қатысты құнды дүниелер күн санап көбейіп келеді.  

Қоғам қайраткерінің туғанына 85 жыл толуына орай, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Құжыра бөлмесінде тұрақты экспозиция құрылып, келушілерге әлі қызмет көрсетуде.

Дана халқымыз «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді. Сондықтан Өзбекәлі Жәнібековтың халқы үшін жасаған еңбектерін насихаттау сіз бен бізге ортақ абыройлы іс.  

Берік БАЙБОЛОВ,

Түркістан қаласы.

Ұлт порталы