Фото: Үкімет
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында Цифрлық штабтың кезекті отырысын өткізді, деп хабарлайды Ult.kz.
Жиында төрт мәселе қаралып, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасады.
Цифрлық штаб шешімдері бойынша:
-
мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялаудың кешенді жоспары бекітілді;
-
жасанды интеллект деректер массивтерімен жұмыс істеу ережесі мен оны жүзеге асыру жоспары қабылданды;
-
Smart Data Ukimet платформасына мемлекеттік деректерді біріктірудің мерзімдері нақтыланды (интеграция – 1 қыркүйекке дейін, барлық деректерді көшіру – 1 желтоқсанға дейін);
-
15 қыркүйекке дейін мемлекеттік қызметкерлердің AITU ұлттық мессенджеріне толық көшуі белгіленді.
Премьер-министр қабылданған құжаттардың сапалы әрі уақтылы орындалуының маңыздылығын атап өтті:
«Мемлекет басшысы Қазақстанды Еуразиядағы цифрлық хабқа айналдыруды мақсат етіп отыр. Бүгінгі шешімдер ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуге және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған», — деді Олжас Бектенов.
Ақпараттық жүйелерді интеграциялау аясында 224 жаңа құрамдас алаң құрылады. Бұл еңбек шығындарын азайтып, қайталанатын жүйелерді қысқартуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда «электрондық үкімет» шеңберінде 355-тен астам мемлекеттік және квазимемлекеттік ақпараттық жүйелер жұмыс істеп тұр.
Жасанды интеллект саласында деректер қорын қалыптастыруға бағытталған бірыңғай стандарттар енгізіледі.
AITU ұлттық мессенджері пилоттық режимде сынақтан өтті, енді ол барлық мемлекеттік органға таратылады.
