03 нау, 2026 сағат 13:24

Олжас Бектенов сұқбат берді: Сын-қатерлер дәуіріндегі жасампаз көшбасшылық


Фото: Ақорда

Жасампаздыққа жетелеген жеті жыл. Осындай атаумен бүгін «Егемен Қазақстан» газетінде Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың мақаласы жарық көрді, деп хабарлайды Ult.kz.

«Қасым-Жомарт Тоқаев тұтас ұлт тағдырын мойнына алған жеті жылда еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси даму моделінде ауқымды әрі жүйелі өзгерістер болды. Бұл жылдар жер бетін түгел жайлаған пандемия, әлемдік экономиканың баяулауы, инфляциялық және логистикалық сын-тегеуріндер, геосаяси тұрақсыздық сияқты жаһандық ахуалдың аса күрделі кезеңімен, сондай-ақ жылдар бойы жалғасқан ішкі экономикалық әрі саяси теңсіздіктерді еңсеру қажеттілігімен тұспа-тұс келді.

Күрмеуі қиын, қордаланған түйт­кілдерге қарамастан, Президентіміз тұрақтылықты қамтамасыз етіп, Қазақстан серпінді даму жолына түсті.

Көптеген сын-қатерге жауап ретінде бірінші кезекте мемлекетіміздің ұзақмерзімді орнықтылығын нығайтуды мақ­сат еткен ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Президент Тоқаев жалаң ұран мен популизмге жол берген жоқ, уақытша нәтижелерге де ешқашан иек артқан емес. Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын жақ­сартуға, экономикалық және саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған елдіктің мызғымас берік тұғырын қалыптастыру жолында еңбек етіп келеді. Мұндағы нәтиженің бәрі көз алдымызда», деп айтты ол.