16 нау, 2026 сағат 12:07

Олжас Бектенов қазақстандықтарды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады


Фото: inbusiness.kz
Қазақстанда өткен жалпыұлттық референдум ел тарихындағы маңызды саяси оқиғалардың біріне айналды. Халықтың белсенді қатысуымен өткен бұл дауыс беру мемлекет дамуының жаңа кезеңіне бастар қадам ретінде бағалануда. Референдум қорытындысы бойынша қабылданған жаңа Конституция елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды одан әрі тереңдетуге бағытталған. Бұл туралы айтқан Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов қазақстандықтарды тарихи шешіммен құттықтап, елдің жаңғыру жолындағы маңызды кезең басталғанын атап өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүргізіп отырған реформалар Қазақстанның демократиялық құндылықтарға негізделген әділетті әрі прогрессивті мемлекет ретінде дамуына жол ашады:

Құрметті отандастар!

Біздің еліміз Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен сенімді түрде дамудың жаңа кезеңіне қадам басты.

Кеше жалпыхалықтық референдумда Қазақстан азаматтары ауызбіршілік пен нағыз отаншылдықтың үлгісін көрсетіп, Мемлекет басшысының ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларына жаппай қолдауын білдірді.

Біз сіздермен бірге ауқымы мен мән-маңызы тұрғысынан ел тағдырына қатысты тарихи оқиғаның тікелей куәгері болдық.

Президентіміз  атап өткендей, қазақстандықтар жаңару мен жаңғыру үшін дауыс беріп, мемлекеттігімізді нығайтуға өз үлестерін қосты.

Әділетті әрі Өркендеген Қазақстанның жаңа тарихы ұлттық дәстүрлеріміз бен мәдениетімізді ұлықтап, тек демократиялық құндылықтар негізінде қалыптасуда.

Жүргізіліп жатқан өзгерістердің сапасы мен даму қарқынын қамтамасыз ете отырып, бәріміз бірге алға қойылған мақсат-міндеттерге қол жеткізетінімізге сенімдімін.

Барша қазақстандықтарды Отанымыздың Бірлігі мен Тәуелсіздігінің және Егемендігінің символы болып табылатын жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтаймын! 

ҚР Премьер-министрі
Олжас Бектенов