Фото: t.me/antikornews
"ӨКМ Операторы" ісі бойынша іздеуде жүрген күдікті Біріккен Араб Әмірлігінде ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикор баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұған дейін "ӨКМ Операторы" ЖШС-нің бұрынғы құрылтайшысы Ш.Мұқтароваға аса ірі мөлшерде жымқыру күдігімен халықаралық іздестіру жариялаған болатын.
Ол Дубай қаласында ұсталып, Интерполдың көмегімен Біріккен Араб Әмірліктерінің уәкілетті органдары қамауға алды", - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы оны экстрадициялау рәсімін жүзеге асырып жатыр.
"ӨКМ Операторы" ісі
Кейбір мәліметтер бойынша, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланысты "ӨКМ Операторы" утилизация алымын жинаған. Яғни болашақта көлікті утилизациялауға қажет болатын біржолғы төлемдер алып отырған.
2021 жылдың соңында мұндай ставка мен авто құнына наразылық білдірген қазақстандықтар петиция жасады. Олар көлікке утилизациялық алым төленбеуге тиіс деді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда Мәжілісте сөйлеген сөзінде "ӨКМ операторы" функциясын тоқтатуды және мөлшерлемені қайта қарауды тапсырды.
Оның пікірінше, мұнымен шет елдердегідей мемлекеттік ұйым айналысуға тиіс. "ӨКМ операторының" жұмысын енді "Жасыл Даму" компаниясы атқарады.
Айта кетейік, былтыр қаңтарда "ӨКМ Операторы" ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев қамауға алынды. Ал наурыз айында "ӨКМ Операторы" ЖШС бұрынғы бас директоры Светлана Коротенкоға қатысты тергеу басталды. Ол 2016 жылдан бастап 2021 жылға дейін кәсіпорыннан автомобильдерді утилизациялауға жоғары құн белгілей отырып, 20 миллиард теңгеден астам соманы ұрлады деген күдікке ілінді.
Сәуір айында Антикор "ӨКМ Операторы" ЖШС-ның бұрынғы басқарушы директорын ұстады. Оған 13 миллиард теңге ұрлады деген айып тағылып отыр. Заңсыз алынған ақшаны ол Recycling Company ЖШС-ға аударған.
"ӨКМ Операторы" құқықтық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Руслан Шәмшиев жұмыс кабинетінде өз-өзіне қол жұмсады.
Соттың шешімімен бұрынғы экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Медет Құмарғалиев пен Светлана Коротенко да тура сондай жазаға кесілді. Қаржы директоры болған Рустам Темірбеков екі жылға сотталды.