АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ ғимаратының алдында Қытай билігінің елдегі аз ұлт өкілдеріне қысым жасайтын саясатына наразылық акциясына бір топ қазақ қатысты.
Қазақстан туын ұстаған олар ресми Астананы өткен жылы Шыңжаңнан Қазақстанға заңсыз өткені үшін сотталған Сайрагүл Сауытбайды Қытайға бермеуге шақырған. (Қазақстан билігі Сауытбайға босқын мәртебесін беруден бас тартқан.)
Акцияға қатысқандардың бірі Ғани Абылайдың айтуынша, митингіге жиналған қазақтардың арасында Қытайдан барып оқып жатқан студент жастар да болған.
- Митингіні ұйғыр диаспорасының өкілдері ұйымдастырды. Бұл акцияда Қытайдағы аз ұлттарға қысымды тоқтатуды талап етті. Осы жиынға біз де қатысып, Қазақстан билігінен Сайрагүл Сауытбайды Қытайға бермеуді талап еттік. Жиын бір сағатқа созылды, - деді Ғани Абылай.
Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі этникалық қазақтар мен ұйғырлар және олардың шетелде тұратын туыстары Қытай билігінің аз ұлт өкілдерін "саяси тәрбиелеу лагерьлеріне" мәжбүрлі түрде қамап жатқаны туралы 2017 жылдан бері айтып жүр.
Қытайдағы этникалық азшылық өкілдеріне қысым жасалатыны жайлы бұған дейін халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері де мәлімдеген. 2018 жылы тамызда БҰҰ "сенімді дерек көзіне" сүйеніп, Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарында" еркінен тыс қамауда отырған миллионға жуық адамның көбі мұсылман екенін мәлімдеген.
Қытай билігі әуелде "саяси лагерь" барын жоққа шығарғанымен, 2018 жылы ондай арнайы орындар "діни экстремизмге қарсы шаралар" аясында құрылғанын мойындаған. Пекин әлгіндей орталыққа қамалғандар " тіл үйреніп, кәсіп меңгеріп шығады" деп мәлімдеген.
Ұйғырлар - Қытайдың батысындағы Шыңжаң өлкесін мекендеген ең байырғы ұлттардың бірі. Шыңжаңда ұйғырлардан бөлек бір миллионнан астам қазақ тұрады.