05 ақп, 2021 сағат 11:20

Нығматулин: Мәжіліс мемлекетаралық стандарттау туралы келісімді қарайды

Бүгін палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжіліс бюросы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бюро отырысында депутаттар қарауына бірқатар ратификациялық заң жобалары ұсынылды. Атап айтқанда, «Мемлекетаралық стандарттау жөніндегі құжаттарды тарату туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы. Бұл Келісімді қабылдау мемлекетаралық стандарттау бойынша қолданылатын құжаттардың дұрыстығы мен өзектілігін, ТМД-қа қатысушы мемлекеттердің ұлттық стандарттау жүйелерінің шығындарын жабуды қамтамасыз етеді. 

Алдағы жалпы отырыста депутаттар ТМД қатысушы мемлекеттердің бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды орындауды беру туралы конвенцияны ратификациялау, сондай-ақ, «2011 жылғы 22 маусымдағы Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің Біріккен алқасы туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобаларын қарайды.