13 қар, 2017 сағат 14:26

Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астана клубының отырысы басталды

Елордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астана клубының үшінші отырысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Форумның жұмысына Түркияның экс-презденті Абдолла Гүл, Чехияның экс-резиденті Вацлав Клаус, Словенияның экс-президенті Данило Тюрк, сондай-ақ көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері, әлемнің жетекші сарапшылары, белгілі саясаткерлер мен дипломаттар қатысып отыр. Бүгінгі отырыс әлемдік үрдістерді қайта пайымдауға, соның ішінде Еуразияның күнтәртібін талдауға жақсы мүмкіндік беріп отыр», - деді отырысты ашқан ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Сонымен қатар ол Астана клубы үшінші отырысына қатысуға келісімін бергені үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдіріп өтті.  

Астана клубының үшінші отырысының басты тақырыбы - «Үлкен Еуразия» трансформациясы: алдағы онжылдықта еуразиялық кеңістікті қалыптастыратын геосаяси, аймақтық, экономикалық және технологиялық трендтер. Астана клубының отырыстары «Chatham house» ережесі бойынша өткізіледі. Биылғы жылы оның белді саясаткерлер мен сарапшылардан тұратын қатысушылары жаһандық үрдістер мен Еуразияға ықпал етіп жатқан ең өзекті мәселелер бойынша шешімдер іздемек.

Астана клубы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының жетекші халықаралық ғылыми орталықтар Қытай қазіргі заманғы халықаралық қатынастар академиясы, Германия сыртқы саясат кеңесі, Ресей халықаралық істер кеңесі және Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорымен бірлесіп құрған халықаралық пікірталас алаңы саналады.

Астана клубының бірінші отырысы 2015 жылғы қарашада әлемнің 15 елінен келген 47 сарапшының қатысуымен өткен еді. Оның барысында Еуразия геоэкономикасының негізгі аспектілері, ғаламдық және өңірлік ойыншылардың мүдделері, экономикалық қауіп-қатерлер мен мүмкіндіктер мәселелері талқыланған болатын. Ал 2016 жылдың 14 қарашасында өткен екінші отырысқа әлемнің 50-ден астам сарапшысы, саяси және қоғам қайраткерлері, 21 елдің ғалымдары, сонымен бірге жетекші қазақстандық сарапшылар қатысты.