Ақтөбе қаласында «Туған жер» республикалық форумы өтті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы форум қатысушыларына құттықтау хатын жолдады. Хатты ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова оқып берді.
Хаттың толық мәтіні төмендегідей:
«Туған жер» республикалық форумына қатысушыларға!
Қазақстан қастерлі Тәуелсіздігінің үшінші мүшелін зор рухани жаңғырумен бастады.
Менің бағдарламалық мақаламның аясында еліміздің барлық аймақтарында кең ауқымды жұмыстар қолға алынды.
«Рухани жаңғырудың» негізінде жүзеге асырылып жатқан айрықша маңызды жобалардың бірі – «Туған жер».
Әркімнің кіндік қаны тамған туған жері қайда жүрсе де жүрегінің төрінде.
Біздің әрқайсымыз туған өлкемізді мақтан етеміз, алыс жүрсек сағынамыз, қамқорлық жасаймыз.
Туған жерге іңкәрлік Туған елге сүйіспеншілікпен ұласады.
Туған жерге қамқорлық Туған елге жанашырлықпен астасады.
Жалпыұлттық патриотизмнің өзегі іспетті «Туған жер» бағдарламасы осындай ізгі ниеттер мен шараларды жүйелеп, ортақ игілікке айналдыруды көздейді.
Форумға еліміздің барлық өңірлерімен қатар, 20 мемлекетте тұрып жатқан ақтөбеліктердің арнайы келуі – біздің ұлттық бірегейлігімізді, туған елге деген шынайы патриоттық сезімдерімізді айшықтай түседі.
Бүгін Ақтөбеден бастау алған игі шара еліміздің басқа өңірлерінде жалғасын табарына сенімдімін.
Сіздер шынайы патриотизм – «Мәңгілік Елдің» мызғымас тұғыры екенін бек түсініп, осынау патриоттық сезімді барша замандастарыңызға жеткізулеріңізді тілеймін!
Сүйікті Қазақстанымыз гүлдене берсін!
Мерейміз асып, бірлігіміз таси берсін!
Мәңгілік Елдің көк байрағы әрқашан асқақ желбіресін!
Қазақстан
Республикасының
Президенті
Нұрсұлтан Назарбаев
2017 жылғы 28 қыркүйек