13 қар, 2018 сағат 17:49

Нұрсұлтан Назарбаев Азиядағы ұжымдық қауіпсіздік ұйымын құруды ұсынды

Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын құру қажет. Бұл туралы бүгін елордада өткен Астана клубының жалпы отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Меніңше, Азияға ұжымдық қауіпсіздік ұйымы қажет, оның пайда болуы да уақыт еншісінде деп ойлаймын. Бүгінде Азия құрлығының 30 мемлекеті қатысатын Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі атты қазақстандық бастама болашақ Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының іргетасы бола алар еді», - деп атап өтті Елбасы.

Қазақстан Президентінің айтуынша, Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бүкіл Еураазиялық субқұрлықтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ете алар еді.

«Осынау идеяны жүзеге асыру жолындағы алғашқы қадам ретінде ЕҚЫҰ, АӨСШК және АСЕАН-ның қауіпсіздік жөніндегі өңірлік форумының бірлескен консультациялық отырысын өткізуді ұсынамын. Аталған форумның хатшылықтары ұстанымдарын салыстыру үшін кездесе алады. Біз ұстанымымызды жоғарыда атап өткен ұйымдарға ресми түрде жеткізетін боламыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Айта кетейік, Елбасы жиын барысында Үлкен Еуразияның сұлбасы қалыптасып келе жатқанын айтып, Ресей, АҚШ және Қытай арасындағы геосаяси бәсекелестікке алаңдаушылық танытты.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік державалар қарулану жарысына қайта оралуы мүмкін екендігін ескертті.