Фото: Stringer / Reuters
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Иран аумағындағы ахуалға байланысты қазақстандық азаматтарды эвакуациялау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесін жариялады. Ведомствоның мәліметінше, көрші елдердің құзыретті органдарымен келіссөздер нәтижесінде азаматтарды Ираннан қауіпсіз шығару тетіктері келісілген, деп хабарлайды Ult.kz.
Атап айтқанда, Армения, Әзербайжан және Түрікменстан тараптары қазақстандықтардың мемлекеттік шекаралар арқылы өтуіне жәрдем көрсетуге дайын екендігін растады. Сонымен қатар, жедел ақпараттандыру мақсатында министрлік заманауи цифрлық құралдарды, соның ішінде Kaspi.kz инфрақұрылымын пайдаланған.
"Атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша Қазақстанның шет елдердегі мекемелері шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен Ираннан көрші елдер арқылы азаматтарымызды эвакуациялауға жәрдем көрсету жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізді.
Армян тарапымен Қазақстан азаматтарының Армения аумағы арқылы эвакуациялануы жағдайында Иран-Армения шекарасынан кедергісіз өту мәселесі келісілді. Арменияның сыртқы саяси ведомствосының басшылығымен тұрақты байланыс сақталуда.
Осыған ұқсас жұмыс Әзербайжан тарапымен де жүргізілді, олар эвакуация мәселелері бойынша қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді. Елдің құрлықтағы шекара өткелдеріндегі өткізу тәртібі шектеулі болғандықтан, шекарадан өту үшін арнайы рұқсат қажет.
Екі азаматтың өтініші негізінде ҚР-дың Әзербайжандағы Елшілігі Ираннан «Джульфа» бақылау-өткізу пункті (Нахчыван) арқылы кіруге жедел түрде рұқсат алды.
Түрікменстан тарапы да қазақстандық азаматтардың эвакуациясы үшін мемлекеттік шекарадан өтуге жәрдем көрсетуге дайын екенін растады.
Аталған бағыттағы жұмыс үздіксіз жалғасуда, қосымша түсіндірмелер ҚР Сыртқы істер министрлігінің және шет елдердегі мекемелердің ресми ақпараттық ресурстары арқылы жарияланып отырады.
Жедел ақпараттандыруды қамтамасыз ету мақсатында Сыртқы істер министрлігі заманауи цифрлық құралдарды, соның ішінде Kaspi инфрақұрылымын пайдаланды. Компаниямен бірлесіп хабарламалар жүйесі жолға қойылып, өңірдегі азаматтардың мобильді құрылғыларына ресми ақпарат пен түсіндірмелердің дер кезінде жеткізілуі қамтамасыз етілді.
Өңірдегі жағдай толық тұрақтанғанға дейін азаматтарды сабыр сақтауға, жергілікті билік органдарының талаптары мен ұсынымдарын орындауға, тәуекелі жоғары аймақтардан аулақ болуға, сондай-ақ уақытша шектеулерге түсіністікпен қарауға шақырамыз.
Қосымша ақпарат келіп түсуіне қарай хабарланатын болады. Осыған байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігінің және шет елдердегі мекемелердің ресми хабарламаларын мұқият қадағалап отыруды сұраймыз", делінген хабарламада.
