28 қаз, 2016 сағат 20:26

«Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша бой көтерген үйлер сапасыз болып шықты

«Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша бой көтерген үйлер сапасыз болып шықты, - деп хабарлайды Хабар арнасы.

Өкінішке орай бармақ басты, көз қысты әрекеттер қай-қай салада да кездесіп жатады. Кесірі жұмыс нәтижесіне тиеді.

Өскеменде «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша бой көтерген үйлер сапасыз болып шықты. 2009-2011 жылдары салынған баспаналардың электр желілерін тарту кезінде өрескел қателіктерге жол берілген.

Салдарынан «Шығыс» ауылында 5 үй өртеніп кетті. Осыған байланысты қала әкімдігінде арнайы комиссия құрылып, баспаналардың сапасын тексеруге кірісті. 

Қайрол Өсерханның баспанасы бас-аяғы 15 минутта күлге айналған. Бірде-бір дүние мүлкі қалмаған. 

Тек өрттің арасынан құжаттарын алып үлгерген. Екі апта бұрын болған бұл тілсіз жаудың себебін қазір құзырлы органдар тексеріп жатыр. 

Жалпы «Шығыс» ауылы салынған 5 жылда 5 баспана өртенді. Тұрғындардың айтуынша, электр желілері талапқа сәйкес тартылмаған. Әрбір үйдің шатырында шұбатылған сымнан аяқ алып жүргісіз. Электр сымдары тіке жалғанып, үйдің төбесіне төселген пенопласт пен әр жерден қойылған тақтайдың үстінде ашық жатыр.

Бір қызығы, бұл баспаналар салынып болған соң мемлекеттік қабылдау комиссиясына төтенше жағдайлар қызметкерлері қатыстырылмапты. 

Рауан Қасайынов, қалалық ТЖ басқармасының бөлім басшысы:

- Тікелей Өскемен қаласының төтенше жағдайлар қызметі арнайы комиссияның құрамына қатысқан жоқ. Біз үйлерді қабылдап алған жоқпыз. 

Олжас Керейхан, тілші:

- Жалпы «Шығыс» ауылында 611 үй болса, оның тең жартысы мынадай пенопластан немесе жазғы баспаналарға арналған құрылыс материалдарынан салынған. Ал электр желілері 380 Вольттық қуат көзіне қосылған. Сондықтан өрт қауіпсіздігі көп үрей туғызады. 

Арнайы құрылған комиссия әрбір үйді аралап, тек өрт қауіпсіздігі емес, жалпы құрылысты салу кезінде кеткен кемшіліктерді тізіп жүр.

Ержан Қоңырбаев, қала әкімінің орынбасары:  

- Мына тексерілген үйлер. Зертхана жалдап, оның бәрін жасағанбыз. Шынында да электр тоғы жағынан қателік болған. Аса қауіпті жағдайы болып жатса, оны қолма-қол істейміз. 

Екі-үш жыл бұрын үйлері өртеніп кеткен отбасылар өз қаржыларына өздері баспана салып алған. Ал Қайрол Өсерханға осы ауылдан мемлекет есебінен басқа үй берілді. 

Қайрол Өсерхан, Шығыс ауылының тұрғыны:

- Қазір жылу тартып, ішін жөндеп, осы үйге кіріп, орналасып жатырмыз. Әйел, бала-шағаммен. Бәрі жақсы болып тұр.  «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша бұл ауылды салуға мемлекеттен 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Құрылысты сапасыз жүргізген мердігер мекемелердің өкілдері кейін сот алдында жауап берді. 

Тек сол кезде кеткен кемшіліктерді тұрғындар әлі түзетумен әлек.