Фото: ашық дереккөз
Танымал комик Нұрлан Сабуров 7 ақпан күні таңғы сағат 04:30-да Алматы қаласына ұшып келеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Ресейлік Telegram-арналардың мәліметінше, ол Мәскеуден Алматыға әуе билетін өз қаражатына сатып алған.
«Внуково» әуежайының онлайн-таблосындағы дерекке сәйкес, түстен кейінгі уақытта Мәскеуден Алматыға ұшатын жалғыз рейс – Scat әуе компаниясының DV 816 рейсі. Аталған рейс Мәскеу уақытымен сағат 21:50-де ұшады.
Бұған дейін бүгін Ресей Федерациясының аумағына Нұрлан Сабуровқа 50 жыл мерзімге кіруге тыйым салынғаны белгілі болды. НТВ арнасының «ЧП» бағдарламасының хабарлауынша, комик бір күн бұрын Дубайдан Мәскеудегі «Внуково» әуежайына келген. Алайда паспорттық бақылау кезінде ол жеке бөлмеге жеткізіліп, Ресейге кіруге тыйым салу туралы ресми құжат табысталған.
Құжатта шешімнің ұлттық қауіпсіздік мүддесінде қабылданғаны көрсетілген. ТАСС агенттігінің мәліметінше, тыйым салуға комиктің АӘО-ға қатысты сын пікірлері, сондай-ақ көші-қон және салық заңнамасын бұзуы негіз болған.
Айта кетейік, бұған дейін Сабуровтың мәлімдемелеріне байланысты Ресейдің бірнеше қаласында оның концерттері тоқтатылған. Сонымен қатар 2025 жылдың мамыр айында ол «Шереметьево» әуежайында Ресейде болу мерзімін асырып жібергені үшін ұсталып, 5 мың рубль айыппұл төлеп, екі апта ішінде елден кетуге міндеттелген.
Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, елге кіруге тыйым салынғаннан кейін Сабуров депортацияны күту аймағында қалып, Дубайға кері ұшуға қаражаты болмаған. Оған тегін депортация ұсынылғанымен, ұшу қолына кісен салынып жүзеге асатыны айтылған соң, ол бұл нұсқадан бас тартып, Алматыға билет сатып алған.
Сондай-ақ комиктің Ресейде жалпы құны 60 млн рубльден асатын мүлкі, бұрын концерттер ұйымдастырылған компаниясы және аз көлемдегі салық берешегі бар екені айтылады. Кей дереккөздер оның елде қалуын заңдастыру үшін делдалдар арқылы әрекет етуге тырысқанын мәлімдеген, алайда Сабуров бұл ақпаратты жоққа шығарған.
Нұрлан Сабуровтың өкілдері тарапынан әзірге ресми түсініктеме берілген жоқ.
