09 ақп, 2022 сағат 19:54

Ноғаев арендалық үйлерді жекешелендіруді талап еткен әйелдермен кездесті


Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Ақтаудан тұрғын үй қорынан жалдамалы баспана алған Жаңаөзен қаласының тұрғындары - бір топ әйелмен, сондай-ақ Ақтау қаласының көпбалалы аналарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, әкімдікке келген аналар Жаңаөзен қаласынан Ақтауға қоныстандыру бағдарламасы аясында 2019-2022 жылдары аралығында жалға берілген пәтерлерін жекешелендіріп беруді талап еткен. Сондай-ақ пәтерді жалға алу және коммуналдық қызметтер үшін төленетін төлем ақысын алып тастау туралы талап қойған.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қолданыстағы заңнамаға сәйкес жалға берілетін тұрғын үй жекешелендіруге жатпайтынын түсіндірген.

«Ақтау қаласында арендаға берілген пәтерлердің жалға алу мерзіміне шектеу қойылмайды. Егер келісімшартта тіркелген адам қайтыс болған жағдайда жалға алу келісімшарты қалған отбасы мүшелеріне ұзартылып беріледі.

Қолданыстағы «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңы бойынша сіздер тұратын пәтерлер коммуналдық тұрғын үй қорынан сатып алу құқығынсыз беріледі. Жалға берілетін тұрғын үй жекешелендіруге жатпайды. Коммуналдық қызметтерге қатысты, егер сіздің табысыңыз төлемді толық өтеуге мүмкін болмаса, онда «Тұрғын үй қатынастары» туралы Заңға сәйкес қажетті құжаттар жинап, тұрғын үй көмегін ала аласыз», - деді Нұрлан Ноғаев.

Баспананы жалдау ақысы үйдің шаршы метріне байланысты 8-ден 12 мың теңгеге дейін ауытқиды.

«Кездесуге облыстық мәслихат депутаттары да қатысып, жиналғандарды комиссия жұмысын жалғастыруға шақырды. Мәслихаттың бірқатар депутаты аналар көтерген мәселелерді қарау үшін Парламентке хат жолдады. Кездесу қорытындысы бойынша комиссия жұмысын жалғастыру туралы шешім қабылданды», - деп атап өтеді облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.