Өткен өмір деп баттитып айтар ештеңем жоқ. Екі жастың біріне де келмегенімді білесің ғой. Сөйте тұра қайдағы мен жайдағының жайлауына ерте шығарып, кеш қайтарған қайран күндердің беті сызылып, шеті кетілген, атауы өшкіндеп, әуені ескірген, кейі тіпті егіліп тұрып та еліте алмайтын күйтабақтарын бірін алып, бірін салып қопарыстырып отыратын әдетім бар-ды. Өткенді қиялдау тамақты қыжылдатып тұрып бал жалағанмен бірдей емес пе. Хош. Су бүркімесең бедері білінбестей болып таңбасы күңгірт тартқан сонау бір ескі күндердің есігінен сығалаған ем, жақтауға сүйенген күйі терезеге телміріп сен тұр екенсің. Шырт ете қалдым. Содан соң барып есіме түсті, елегізе тосып терезеден телміріп тұратынсың...
Төбең көрінгенде төзімімнің соңғы тамшысы үзіліп түсетін. Кешегі ессіз өбістің тәтті уынан әлі ес жия алмай тыздаяқтаған қиялым өзімнен бұрын лап қойып, қауырсындай қалқып барып алақаныңа құлар еді. Ал өзім неге екенін, сәл бөгеліп сыртқа беттейтінмін. Үзіле тосу мен ұзақ күттіріп қою қай қылығымыздың бодауы екен, осы? Сыртқа шыға... шалбар кигенді танысқан сәтінде-ақ шырқ айналдырып, шынжырлап ала қоятын қайсы бір құрбыларымдай елпеңдеп кеп мойыныңа асылар дәт қайда. Қымсына көз төңкеріп, жанарда тұнған сағынышымды үнсіз лақ еткізуге ғана мұрсам болатын. Сен жылы жымиатынсың. Сосын үнсіз бұрылып, иықтаса бере өзімізден көрі батылдау саусақтарымыз бірін бірі адаспай тауып, айқаса құшысқан күйі тасаға қарай жетелеп әкететін. Ондайда екеумізде ерік қалушы ма еді...
...Жанарыммен жанарың түйіскен сәттер аз. Өзіңнің де жаныңды жұлып жеп, өзгенің де ес-ақылын қайырусыз қаңғыртып жіберердей ғашықтық отына шарпылдым дей алмаспын. Жүзіңнен тек мейірім мен мұң есіп тұратыны есімде. Соның өзіне магниттей тартылып, маталып қалғанымды жасырмаймын. Өзін біреудің жантартып, жақсы көргенін білген сәтте-ақ менмендігі оянып, сол адамдағы бар асылдың күл-паршасын шығаруға құмартып, еліре бас көтеретін қорқау сезімім саған жүрмепті. Өзіңді шын сүйген шығармын.
Тас құшақтай, жел үрген мақпал шашыңа жүзімді көміп тұрып «Екеуміз мәңгі бірге боламыз!» дер едім. «Өкінесің ғой». Осылай дейсің де жеңіл күрсінесің. «Неге?» Үнсіздік. «Неге? – деймін, бұл жолы дауысым қатқылдау шығып, - Неге?» «Жә, болды, кейін көресің ғой өзің». Жеңіл күрсініс. Құшағымды қыса түсем. Бойымды қуаныш кернейді. Өкінетінім үшін емес. Әлі де бірге болатынымызды ойлап...
...Сезімім әшкере болғанда, тіпті тұсымнан өтіп бара жатып тосын әңгімені құлағы шалған көлденең кісідей елең етпедің. Құдды тумысыңнан өзіңе тиесілі дүниеңді қабылдап алғандай марғау едің. Таң қалдым. Сосын... сескене бастадым. Ия, бастапқы сабырлы қалпың көз алдымда із жасырып, бара-бара күйгелекке айналдың. Өзіңді қалай ұстарыңды білмейтін едің. Ынтықтығым асқынды дедің. Сонда барып бұйдамды қолыңа ұстатып, баянсыз болашақты бетке алғанымды ұқтым. Ұқтым да, алғашқы кемерінде көлкілдеп, бұлқынған сезімімді ендігі жерде буып ұстауға бекідім. Сен ойлағандай өзіңді бір-ақ күнде жек көріп кеткен жоқпын. Бар болғаны бойымды аулақ салуға тырыстым емес пе...
...Сенімен қалай танысқаным есімде жоқ. Қайтып табысқанымыз да. Әйтеуір табысқанымыз рас қой? Ол және жылдың қай мезгілі екенін ұмытпаппын. Қызықсыз, маңыздылау кеп. Қос қиырдан құйыла көшкен жолымыз біразға дейін бүйірлесіп кеп, кенет бет-бетіне бұрыла қашарын о баста-ақ меңзегендей. Солай. Еңкейіп барып мәңгілікке маңдай тірейтін ырғақсыз өмірдің, болмағанда көктемінде қауышып, күзінде кетісуді жазбапты, екеумізге. Кеудесінде жаны бардың жүрегін мұздатып, көңілін ел көшкендей құлазытар күзде жарастық. Екбеттеген күнінің өзі бақытсызбын деп егіліп тұрған жеріңнен естанды сезіммен тұсап, әлдебір нәзік үміттің кезегіне тұрғызып кете баратын көктемде қош айтыстық. Шамасы, бірімізді біріміз сызды жерден көтеріп ап, терезенің алдына – күншуаққа қойып кеткен секілдіміз...
...«Мәңгі бірге боламыз» дейтінсің. «Өкінесің ғой» дейтінмін. Сонда да әйтеуір бірдеңеден күдіктенбегеніңе... жыным келген жоқ. Жаным ашыды. Ұрты мен уысы тәттіге толып тұрып та, қашан табақтың түбі көрінгенше дастарханға көз сатуын қоймайтын бала сияқты едің. Тезірек бүгіннің нүктесі қойылып, тезірек ертең басталса екен деп елегізіп тұратынсың. Ал сол ертең – сен үшін емес, екеуміз үшін құрығын көлденең ұстап, жол тосқан құрдымның өзі екенін парықтап жатпадың.
Құдай тілеуімді беріп, хабарсыз кеткеніңе қуана алмадым. Өкінгем де жоқ. Қайырылмауы мүмкін емес дедім. Қайтып келмесе екен дедім. Сағындым!
...Неге екенін, сені ойласам, осыдан он неше жыл бұрын айтқан бір әңгімең есіме түседі. Тап сол сәтте қандай әсерде болғаным ұмыт. Мән бермесем керек. Асса сондағы екі кейіпкердің бірін аяп, екіншісін жек көрген түр танытқан шығармын. Әйтеуір әдепкі - қос ғашықтың ең әдемі әңгімесіне баланатын жалған үнсіздіктің алдын орау деп қана ұққаным күмәнсіз.
Хош. «Аурухананың бір палатасында екі науқас жатыпты...» деп бастадың. Ары қарай қалай еді? Ааа, ия, аурухананың бір палатасында екі науқас жатыпты. Екеуі де сал. Немесе соған жуық. Қайткенде де төсектен тұра алмайды. Және бастары төрге қарап қатар, не табан түйістіріп ұзындарынан жатпаған. Орын біреуіне терезенің алдынан, екіншісіне босағадан бұйырыпты. Демек екеуінің палатаға қатар келіп түспегені анық. Ал енді, қарақұсы қарадай ұйып, жамбасын төсек қажаған науқас не істейді? Ештеңе де істей алмайды. Бар қайран – кеше, алдыңғы күні, ана бір кезде, баяғыдаааа бастан өткен, қисынды-қисынсыз, дәмді-мәнсіз оқиғалармен құлақ сарсытып жатып қалғып кету. Бұл екеуінің де амалы осы. Тек тыңдаған кісісін елітіп әкетер ұзақ-сонар әңгіменің айташысы – төрдегі науқас. Босағадағысы – тыңдаушы. Бір қызығы, жастығын биіктетіп ап, терезеге ұзақ телміріп жататын көршісінің аузындағы сөз де сырттағы - ауруханамен жапсарлас аула тұрғындары бастан кешіп жатқан үйреншікті өмір болатын. Ал қашан жазылып, қашан орнынан тұрып кетерін өзі тұрмақ дәрігер де болжап біле алмаған байғұс тыңдаушы соның өзінен әжептәуір ләззат алып, қарадай желпініп қалушы еді.
«Құдай көктемді аса бір махаббатпен жаратқан-ау ә? – деп бастар еді, - Қарашы... Кешір!» Көршісінің мүсәпір кебі есінен шыға қалғанына ыңғайсызданған кейіппен сәл кібіртіктеп барып, ары қарай сөйлеп кетеді. «Жер-дүние бауырына жан бітіп, бусанып жатыр». Бағанадан жүзін теріс бұрып, тымырая қалған тыңдаушы елең етіп, бері қарайды. «Тегінде, адамның мейірімді болмағына, жарықтық, табиғаттың да әсері бар шығар?» Тыңдаушы енді танауы делдиіп, «ия, рас айтасызға» көшеді. Содан соң көрші ауладағы көктем туралы ұзақ, тәтті әңгіменің тиегі ағытылар еді...
Осылай сыртағы бақытты тұрғындар өмірлерінің ең мамыражай жазы мен, алтын күзін де өткереді. Оны әрине тыңдаушы өзі көре алған жоқ. Тек көршісінің әсерлі әңгімесі арқылы қаныққан.
Екеуінің науқасы ұзаққа созыла берді.
...Тыңдаушы түн ортасында кенет көзін ашып алады. Көршісі қысылып жатыр екен. Көше шамының жарығы тура бетіне түсіп тұрды. Тер көміп тұтыға қарауытқан жүзі мен оқшырая төңкерілген көздері аса үрейлі еді. Босаға жақтағы науқастың қолы жетер жерде екі тетік тұратын. Біреуін басса шам жанады. Екіншісі кезекші дәрігерді шақыруға арналған. Тезірек соны басып, дереу дәрігер шақыру керек. Тап осы сәтте бұның қаушағына қайдағы бір сайтан ой сап ете түседі. «Егер дәрігерді көмекке шақырсам, көршім аман қалуы бек мүмкін. Ол әрине бұл жақсылығымды өмір бойы ұмытпайды да. Ал егер кезекшіге хабар берме-ақ қойсам? Онда... сөз жоқ - өлім! Көршімнің өлімі. Несі бар, бұл да көмек. Иә-иә, мұндай азаптан өліп қана құтыла алмақ. Есесіне терезе түбіндегі босаған төсек маған тиеді. Сөйтіп сырттағы тіршіліктің бар қызығын енді өз көзіммен көретін болам. Ғажап емес пе!» Өз ойынан өзі ләззат алған тыңдаушы, осы соңғы шешімге тоқтайды.
Не керек, көршісі сол түні көз жұмды. Мұны расында да көтеріп апарып оның төсегіне жатқызды. Ал бұл болса жаңа орынға жамбасы тиер-тиместен терезенің ернеуіне жармасып, ырсылдай емінген күйі далаға көз тастаған. Және сол сәтінде-ақ жүзі қуарып сала берді. Сыртта... аурулар мекенін сау дүниеден бөліп тұрған биік бетон дуалдан басқа түк те жоқ еді!