Бұған дейінгі мақалаларымызда еліміздегі агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасы әзірленіп, осының негізінде саланы дамытудың жаңа көкжиегі белгіленгендігін, бағдарлама бойынша ауылдардағы үй шаруашылықтарына мемлекеттік қолдау көрсетілетіндігін, бұл шара оларды кооперативтерге біріктіру негізінде жүзеге асатындығын кеңінен баяндаған болатынбыз.
Аталған жұмыс қанатқақты жоба негізінде биылғы жылдың өзінде басталып кетті. Қанатқақты жобаны жүзеге асыратын аудан ретінде Қарағанды облысының Нұра ауданы таңдап алынды. Бұл таңдаудың да себептері аз емес секілді. Біріншіден, Нұра ауданы Астанаға таяу орналасқан. Бар болғаны 100 шақырымдай жерде ғана тұр. Екіншіден, Нұра ауданы мал шаруашылығымен қатар, егіншілік саласы да жақсы дамыған аудандар қатарына қосылады. Яғни, мал шаруашылығымен шұғылданатын кооперативтерді сапалы мал азығымен қамтудың мол мүмкіндіктері бар.
Егер Нұра ауданының жағдайына аздап тоқтала кететін болсақ, бұл ауданда 250 мың гектардан астам егіндік, 114 мың гектар шабындық, 3 миллион 616 мың гектар жайылымдық жер бар. Ірі қараның саны 40 мыңға жуық. Мұның сыртында 100 мыңға тарта қой-ешкі, 25 мыңнан астам жылқы, 15 мыңнан астам шошқа бар.
Құтты өзен айналайын – Нұра атыңнан,
Күркірей көк толқыны – көкке атылған.
Ақ төсін аймалаған анасындай,
Мың-мың мал су ішуге шұбатылған, – деп халық ақыны Жолдыбай Нұрмағамбетұлы жырға қосқан атақты Нұра өзені осы ауданнан Астанаға ағып келіп, оның айналасын көгалдандыруға жағымды ықпал етуде. Енді осы ауданнан мемлекетіміз қолға алып отырған үй шаруашылықтарын кооперативтендіру шарасының негізінде мол мал өнімдері әзірленіп, осы арқылы Астананы сапалы етпен және сүтпен қамтамасыз ету мәселесі шешімін табатын болса, мұның өзі елорданың айналасында азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету ісіне қосылған үлкен үлес болар еді.
Нұра ауданы аталған істе қанатқақты жобаны жүзеге асырушы аудан ретінде таңдап алынғаннан кейін аудан әкімі Ниқанбай Омарханов бастаған жауапты адамдар Астанаға, Ауыл шаруашылығы министрлігіне шақырылып, жобаны жүзеге асырудың жолдары жан-жақты тиянақталды. Осы бойынша шаралар тізбесі белгіленіп, оларды іске қосудың мүмкіндіктері мен қаржылай тетіктері айқындалды.
Жақында осы ауданға орталық бұқаралық ақпарат құралдарының бір топ журналисінің баспасөз туры ұйымдастырылды. Соның құрамында осы мақаланың авторы да болды.
Біз барған кезде аудан басшылығының аталған мақсат бойынша халықпен кездесуі төрт ауылда болып өткен екен. Бесінші елді мекен Майоровка ауылындағы аудан әкімі Ниқанбай Омархановтың халықпен өткізген кездесуіне біз де қатыстық. Сонда шараны жүзеге асырудың біраз сырларына қанығып, тиісті ақпараттарды алдық.
Ниқанбай Омарханов – осы уақытқа дейін облыстың Қарқаралы, Ақтоғай аудандарын басқарып, жұмыста мол тәжірибе жинақтаған білікті басшы. Қазақ, орыс тілдерінде бірдей сөйлейді, әрі айтар ойын халыққа түсінікті тілмен жеткізе біледі. Міне, әкімнің білікті басшыға сай осындай қасиеттерінің арқасында жиынға қатысушылар үй шаруашылықтан кооперативтендіру жұмыстарының өздеріне пайдалы екендігін жақсы түсініп, осы іске қуана қолдау білдіріп жатты. Енді біз Нұра ауданында осы мәселеге байланысты қандай жұмыстар жүргізілетіндігіне әкімнен алған деректерімізге сүйене отырып тоқтала кетейік.
«Кооператив» сөзі латын тілінде «ынтымақтастық» деген ұғымды білдіреді екен. Бір сөзбен айтқанда, бірігіп ынтымақтаса отырып еңбек ету дегенге келіп саяды. Кооператив тек қана ерікті түрде, яғни адамдардың осындай ұйымға қосылуға өз ықыласының негізінде құрылады. Нұра ауданында құрылуы қолға алынған мал шаруашылығы саласындағы үй шаруашылықтарының кооперативтері екі бағытта жұмыс істейтін болады. Ол бағыттар сүт және ет өнімдерін жинастырып, тиісті орындарға тапсыру арқылы жүзеге асады. Яғни, қолдағы мал біріктірілмейді, тек олардан алынатын өнімдер ғана біріктіріледі. Бірақ, олардың пайдасын қосқан өнімінің сапасы мен көлеміне сәйкес әрбір үй шаруашылығы өзі көретін болады.
– Біз қазіргі күні бірінші кезекте сүт жинау мәселесін ұйымдастыру жұмыстарын қолға алып отырмыз. Бұған ауданымыздың неғұрлым малы көп және жол бойында орналасқан 12 ауылы таңдап алынды. Бұл ауылдар сонау Кеңес одағы кезінен бастап нақ осы жұмыспен шұғылданып келген ауылдар. Бірінші кезекте әрбір ауылда кооператив құрылады. Кооператив атану үшін оған ең кем дегенде 20 үй шаруашылығы бірігуі керек. Кооперативтің өзіндік жарғысы мен құрылтайшылық құжаттары болады. Осы шаруаны тындырып алған соң біз олардың қолындағы сүтті жинау ісін ұйымдастыратын боламыз. Оның әзірлік жұмыстары да қазірдің өзінде жүріп жатыр. Сүтті қабылдайтын 7 сүт зауытымен келісімге келіп отырмыз. Бұл іске еліміздің басқа өңірлеріндегі сүт қабылдаушы ұйымдар да қызығушылық танытуда. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысынан кәсіпкерлер келіп, біздің аудан орталығымыз Киевка кентінен сүт зауытын ашатындықтарын айтып кетті. Біз оларға келісімімізді бердік, – дейді аудан әкімі.
Әкімнің айтуына қарағанда, жоғарыдағы 12 ауылда 3 мың халық тұрады. Олардың қолында 1500 бас сиыр бар. Одан бір жылда кем дегенде 10500 тонна сүт өндіруге болады. Бұл сүттің елеулі бөлігі халықтың өз қажеті үшін жұмсалды дейік. Сонда 4200 тонна сүтті пайда табу мақсатында сүт қабылдайтын пункттерге тапсыруға болады. Демек, бір жылда кооперативке біріккен үй шаруашылықтары кемінде 320 миллион теңге кіріс қарата алады. Аудандағы мамандардың есептеуі бойынша, әрбір үй шаруашылығына сүт тапсырудан бір жылда түсетін кіріс көлемі 300 мың теңге мен 1,5 миллион теңге аралығында болады.
Үй шаруашылықтарынан сүтті тұрақты түрде қабылдап отыру үшін әрбір кооперативтің қасынан жабдықталған сүт қабылдау пункті құрылады. Ол тоңазытқыш, сүтті өлшеу, сапасын анықтау аспаптары секілді тиісті құралдармен, сонымен қатар, сүт тасымалдайтын арнаулы техникамен қамтамасыз етіледі. Мұны ауылдарға несие есебінде «ҚазАгро» құрылымдары әкеліп орнатады. Несиеге кепіл есебінде сүт қабылдау пунктінің өзі қойылатын болады. Бұл істе мемлекеттің жасайтын тегін көмегі де бар. Мәселен, сүт қабылдау пунктін ашу бөлінетін инвестицияның 30-40 пайызын Үкімет субсидиялайтын болады.
– Егер кооператив мүшелері қажет ететін болса, оларға сүт сауатын аппараттарды да сатып әперуге болады. Мұндай жағдайда сиырларды сауу жұмысы әлдеқайда жеңілдей түседі және жылдам жүреді, – дейді аудан әкімі.
Әрбір кооператив мүшесі, яғни оның құрамында әрбір үй шаруасының иесі Қазпоштадан өзінің есепшотын ашады. Оның тапсырған сүті үшін сүт зауытының төлейтін ақшасы осы есепшотқа аударылып отырады.
Кооперативке төраға сайланады. Кооператив арқылы өткізілетін әрбір литр сүтке Үкімет 10-15 теңгеден субсидия төлейтін болады. Бастапқы кезеңде осыдан түскен қаржы жұмысты ұйымдастыру шығындарына, кооператив төрағасының жалақысына жұмсалады.
Мұнан кейін кооператив қолындағы малды асылдандыруға, сапалы мал азығымен қамтамасыз етуге көңіл бөліне бастайды. Осы үшін субсидия берілетін болады. Кооператив қолындағы малдар тек қолдан ұрықтандырылады. Қазіргі зерттеулерге қарағанда, малдан мол өнім алудың 70 пайызы оның жемазығына, 20 пайызы тұқымдық қасиетіне, 10 пайызы тазалығы мен күтімі секілді мәселелерге байланысты болады екен. Кооперативті заман талабына сай ұйымдастыру нәтижесінде осы мәселелер шешімін табатын болса, онда оның құрамындағы үй шаруашылығындағы малдардың сапалық қасиеті де әлдеқайда жақсара түсетіндігі анық.
Майоровка ауылында үй шаруашылығы кооперативін құру жөніндегі жиынға қатысқандардың барлығы бұл істі жарқын жаңалық ретінде бағалап, қуана қабылдады. Бізге солардың кейбіреуінің шаруашылықтарында болып, әңгімелесудің сәті түсті.
Соның бірі ауыл тұрғыны Мұрат Бастенов кооперативтің өздеріне беретін пайдасы үлкен екендігін айтады.
– Бұрын біздің ауылда сүт қабылдау ісі ұйымдастырылмағандықтан, сауын сиыр өсірушілер өз өнімдерін қайда өткізерлерін білмейтін. Енді осы іс талап деңгейінде ұйымдастырылмақ. Бізге берілген мәлімет бойынша сүт зауыттары қабылданған әрбір литр сүт үшін 70-80 теңге ақша төлейді. Сонда күніне 10 литр сүт тапсырған адам 700-800 теңге ақша алып отырады екен. Ал құрылатын кооперативіміз кем дегенде күніне 2000 литрге дейін сүт тапсыра алады. Осылайша біздің қолымызда ақша пайда болады, – дейді ол.
Ауылдың тағы бір тұрғыны Ерден Дүйсенқұловтың қолында 40 басқа жуық ірі қара малы бар екен. Ол бұрын сауын сиырларынан тұрақты түрде өнім ала алмаған. Себебі, сауылған сүтті тапсыратын жер жоқ. Сондықтан тек қана өзі қажет еткен шамада ғана сүт сауғызып келген. Енді бұл отбасы сауын сиырларынан сүт өндіру мәселесіне белсене кіріспек.
– Сондықтан біз ауылымызда кооператив құрылып, сүт қабылдау пунктінің ашылатындығына өте қуаныштымыз, – дейді ол.
Майоровкалық тағы бір тұрғын Иван Кильбтің мұнда тұрып жатқанына 20 жылдан асыпты. Қазір өзі зейнет жасында. Бірақ соған қарамастан қора толы мал ұстап отырған жайы бар.
– Сүт жинау дегеніміз – бұл өте дұрыс дүние. Өйткені, бұрын мен тек оны қаймақ пен кілегей күйінде ғана тапсырып келдім. Енді таза сүтті тапсыратын болсам, бұл менің жұмысымды жеңілдетеді. Әрі одан жақсы пайда көремін, дейді ол.
Дәл осындай жиын осы күні Майоровкаға көршілес Шахтер ауылында да болып өтті. Ондағы тұрғындар да кооперативтің құрылуына қызу қолдау білдірді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»