18 қыр, 2019 сағат 15:24

Нұр-Сұлтандағы дамыту орталығында 10 бала уланып қалды

Нұр-Сұлтандық дамыту орталығында 10 бала тамақтан уланып қалды. Оқиғаның болғанын Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елорда әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте тілшілердің сұрағына жауап бере келе Әнуар Жанғозин қалалық дамыту орталығында бірнеше баланың уланғанын растады.

«Балалардың улануы бойынша айта кетейін. Біз бұйрық шығардық, тиісті комиссия құрылды. Тексеру жүргізіп жатырмыз. Жұмысқа қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің де өкілдерін тарттық. Қорытынды бойынша тиісті шаралар қабылданады. Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар жеке кәсіпкерлік кодексі бойынша жұмыс жүргізеді. Егер нақты ескерту беретіндей кемшілікті анықтасақ, ары қарай тиісті шара қабылдаймыз. Бұл жерде әңгіме 8-10 баланың улануында болып отыр», - деді Әнуар Жанғозин.

Балалардың нақты неден уланғаны белгісіз. Білім басқармасы басшысының айтуынша, оның бәрін комиссия анықтайды.