
Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жаңа туған сәбиін өлтіру қылмысына кінәлі деп танылған елорда тұрғыны, азаматша С-ға қатысты айыптау үкімін шығарды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық соты мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қалалық сот мәліметінше, 2020 жылдың 22 тамызында азаматша С. пәтерінде бала туған.
Осыдан кейін психологиялық ауытқуға ұшыраған ол сәбиін тұншықтырып өлтірген.
Сот азаматша С-ның іс-әрекетін қорқу сәтіндегі психологиялық ауытқу жағдайында ананың өз баласын өлтіруі ретінде жіктеді.
Өйткені, ол өз күшімен жуынатын бөлмеде босанған. Ал көрші бөлмеде ағасы, енесі және анасы болған.
Оның мұндай жай-күйін сот психологиялық-психатриялық сараптама қорытындысы мен сарапшылардың куәлігі де нақтылаған.
«С. орташа ауыр қылмыс жасағанын, жасаған іс-әрекетіне өкінгенін, денсаулығының жай-күйін (1 санаттағы диабет, семіздік, 140 келі) ескерген сот оның бас бостандығын 2 жылға шектеді» делінген қалалық сот таратқан ақпаратта.
