13 мау, 2019 сағат 11:57

Нұр-Сұлтанда алғаш рет «Шыңғысхан» спектаклі көрсетіледі

Елорда әкімдігінің «Наз» мемлекетік би театры жастар жылы аясында және қала күні мерекесіне арнап «Шыңғысхан» хореографиялық спектаклінің премьерасын өткізеді.

«Бұл қойылым Азиядағы тұңғыш біртұтас мемлекет құрушы, өз заманының аса ірі әскери және мемлекет қайраткері Шыңғысханның (Темүжін) өмірі мен ерен еңбегіне арналады. Қойылымда аңыз-әңгімелерге сүйене отырып, Шыңғыс ханның бала кезінен бастап, ер жетіп, ел билеген кезеңдері қамтылады. Өзінің әскери талантының арқасында кең-байтақ терриорияны басып алып, жарты әлемге билік жүргізгені хореография тілінде көркем бейнеленеді. Қойылым кәсіби мамандардың орындауда арнайы жазылған музыкамен, көркем декорациямен, сол дәуірдің ғажайып костюмдерімен көрерменді баурап алары сөзсіз» - дейді ҚР еңбек сіңірген қайраткері спектакльдің қоюшы хореографы Қадиша Ағымбаева.

Костюмдерін, реквизиттер мен әшекейлерін моңғолиялық дизайнер, тарихи өнімдердің маманы Batbileg Lkhagvasuren әзірлеген. Спектаклдің дайындығы Монғолияның кәсіби хореографы Тугсуу Тумурхуягпен бірге өткізілді.