30 там, 2020 сағат 13:30

Нұр-Сұлтан қаласында инженерлік желілер цифрландырылады

Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласында Инженерлік желілерді цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл цифрландыру жөндеу жұмыстарын уақтылы жүргізуге, қажет болған жағдайда қуатты ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл жайлы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов хабарлады, - дeп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Ресми ақпаратқа сәйкес, астана көшелері мен даңғылдарының астында мыңдаған шақырым инженерлік желілер бар. Олардың барлығы – су, электр, кәріз, байланыс желілері. Қаланың тыныс-тіршілігі, тұрғындардың тұрмыс сапасы осы су, электр, кәріз, байланыс желілерінің үздіксіз жұмыс істеуіне тікелей байланысты.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, қазіргі кезде осы желілерді цифрландыру жұмыстары жүріп жатыр.

Қағаз жүзінде инженерлік желілердің орналасқан жері мен жай-күйі туралы мәліметтер әрдайым сәйкес келе бермейді. Осыған байланысты тұрғындар арасында сусыз, электр жарығынсыз қалып жатады. Бұл жұмыстың мақсаты – соның барлығын цифрландыруға көшіру. Цифрландыру барлық инженерлік желілерді ашық көруге мүмкіндік береді. Сол арқылы желіге түсетін салмақ пен ахуал анық көрінетін болады. Сол арқылы желілерді жөндеу жұмыстары дер кезінде жасалады, әрі қуатты ұлғайтуға, тәуекелді азайтуға және жаңа нысандарды инженерлік желілерге қосу процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Ғимараттарды салу кезінде ұзақ және маңызды шаралардың бірі – инженерлік желілерге қосу.

Қала әкімінің айтуынша, бұл жұмыстармен қатар ғимараттарды, жер учаскелерін цифрландыру жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде жер учаскелері мәселелері бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету онлайн режимінде өтетін болады. Сол арқылы ғимараттарды, жер учаскелері онлайн форматта бақылауға алынады.

Сонымен қатар астананың 3D моделін құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ал ресми ақапартқа сәйкес, дәл қазірге дейін қаланың 50% цифрландырылды. Бұл құрылыс процестерін модельдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, аудандарды мектептермен, балабақшалармен, ауруханалармен және басқа да маңызды нысандармен қамтамасыз ету біркелкі бөлінетін болады.

Инженерлік желілерді цифрландыру жұмыстары арқылы төтенше жағдай департаменті қауіп қатерлерді болжау карталары жасалады, кәсіпкерлер үшін инвесткарта, ПИК  үшін шатырды, коммуникация желілерін жөндеу бойынша жұмыстарды жоспарлау жүзеге асатын болады. Сол арқылы жердің астында не болып жатқанын біліп отыруға мүмкіндік жасалады.

Көлгіновтің айтуынша, Цифрландыру – барлық реформалардың негізгі элементі.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында азаматтарға жағдай жасау үшін төлемдерді цифрландыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар цифрлық әлеуметтік әмиян енгізу керек екенін айтты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, цифрлық даму министрлігі бірқатар қызметті онлайн форматқа өткізді. Тіпті Egov-та (электронды үкімет порталы) мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдету үшін биометрия бойынша бір қадам арқылы тіркелу жүзеге асырылады. Сол арқылы кез келген азамат биометриялық сәйкестендіруден өтіп, өзіне қажетті қызметке қол қоя алады.