26 жел, 2017 сағат 10:52

«Нұр Отан» партиясы жас өнертпақыштарды марапаттады

«Нұр Отан» партиясы жас өнертапқыштар арасында өткізген NURINTECH-2017 республикалық инновациялық жобалар байқауының қорытындысын жариялады.

Бұл жоба өткен жылы Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған болатын. Оның басты мақсаты – ел жастарының ғылым-білімге және инновацияға деген қызығушылығын арттыру.

Бүгін байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед арнайы марапаттады. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары отандық жас ғалымдар мен өнертапқыштар Елбасымыздың инновацияны дамытуға бағытталған саясатының басты қолдаушылары және негізгі жүзеге асырушылары болуы тиіс екенін атап өтті.

Биыл екінші рет ұйымдастырылған байқауға қатысуға ниет білдірген мыңнан астам өтініш келіп түсті. Ниет білдірушілер IT және әуеғарыш технологиясы, энергетика, энергия көзін сақтау, химиялық технология, нанотехнология, агроинновация, табиғи қорды тиімді пайдалану, ресурстарды сақтау, робототехника, 3D индустрия және тағы басқа түрлі салалар бойынша өздерінің инновациялық жұмыс жобаларын жолдады.

Жеңімпаздарды анықтау үшін арнайы Байқау комиссиясы құрылып, оның құрамына Қазақстанның белгілі ғалымдары, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастық өкілдері енді. Барлық жұмысты тыңғылықты зерттеу нәтижесінде ең үздік әрі сұранысқа ие, экономикалық жағынан тиімді 25 жоба таңдалып алынды.

Нәтижесінде «Қазақстанның ең үздік жас ғалымы» аталымында металлургия саласында ресурстарды сақтау технологиясын ойлап тапқан Қарағанды облысының өкілі Ербол Шабанов жеңімпаз атанды. Ал аса тиімді күн коллекторының жобасын ұсынған жамбылдық Гауһар Смағұлова екінші орын алса, кесу құралдарын бекітетін инновациялық технологияны ойлап тапқан шығысқазақстандық Бауыржан Рахадилов үздік үштікті түйіндеді. Одан бөлек, «Техностарт», «Жастардың инновациялық жобасы», «Перспектива», «Әлеуметтік маңызы бар инновация» аталымдары бойынша да жеңімпаздар анықталды. Байқаудың арнайы сыйлығы Mbionics компаниясының негізін салушы, жасанды қол жасаумен айналысатын 23 жастағы Мәулен Бектұрғановқа берілді.

Сонымен қатар биыл байқаудың маңызды бағыттарына қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне байланысты латынша жазуға қатысты бағдарламалар мен қосымшалардың инновациялық жобалары да қосылды. Одан бөлек, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің өтуіне орай «жасыл» энергетика мен экологиялық инновацияға бағытталған жобалар да байқауға қатысты.

Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Әр аталымда топ жарған жеңімпазға – 1 миллион теңгеден, екінші орын иелеріне – 500 мың, ал үшінші орын алған жастарға 250 мың теңге көлемінде сыйақы берілді. Жас ғалымдардың өздері мұндай байқаулар жаңа биіктер мен белестерді бағындыруға ерекше күш беретінін айтып, жастарды үнемі қолдап келе жатқан Елбасына шексіз алғыстарын білдірді.