Қатты нөсерден Шымкент көшелерін су басты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шымкентте қатты жауын-шашын салдарынан қала көшелерін су басып, жүргіншілерге көп кедергісін келтірді. Жерасты жолдары мен аулалар, көлік жолдары суға толды.
Қала аумағындағы жаңбыр суын сору жұмыстарын үйлестіру бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің Дағдарыс орталығында жедел штаб құрылды.
«Жалпы су сору жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 113 қызметкер және 39 техника, 38 мотопомпа, 1 жылжымалы, 255 қапталған құм, жергілікті әкімшіліктен 14 водовоз, 2 мотопомпа жұмылдырылды. Жалпы 6834 текше метр су сорылды. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ, жеке тұрғын үйлерді су басуы орын алмады» - делінген Шымкент қаласы ТЖД қоғаммен байланыс тобы таратқан хабарламада.
Жаңбыр суын сору жұмыстарын жүргізу үшін 44 мекенжайға күштер мен құралдар жіберілген. Қызметкерлер түнгі сағат 4-ке дейін жұмыс істеп, көшелерді судан тазартты. Жеке сектордағы үйлерді су алмауы үшін, қапқа салынған құмдар арқылы бөгеттер жасалды.
«Қазір қалада жағдай тұрақты. Жерасты жолдарының барлығы судан тазартылды. Түнімен жеке құрам кезекшілікпен жұмыс істеді. Бүгінде дауылды ескерту және нөсер жауу туралы ескерту берілген. ТЖД қызметкерлері кезекшілікті жалғастыруда», - деді Шымкент қаласы ТЖД қоғаммен байланыс тобынан.