Ноғай ишан мешіті Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында орналасқан. Нысанның құрылыс жұмысы 1902-1903 жылдар аралығында жүргізілген.
Мешіт 1981 жылғы 29 қаңтарда Шымкент облыстық халықтық депутаттар кеңесі Атқару комитетінің №61 шешімімен мемлекеттік қорғауға республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші ретінде алынған.
Ноғай ишанның азан шақырып қойған есімі Шаһиахмед. Қазақ даласына ислам дінін насихаттаушы Шаһиахмед мырза Меккеге барып қажы атанып, сол сапарында ілім-білім алып, «ишан» дәрежесін иемденеді. Шаһиахмед қазақ еліне татар елінен келгендіктен ел «Ноғай ишан» деп атап кеткен.
Мешіттің ғимараты бір қабатты, жер бетінен биіктігі 12,2 м. Мешіт ғимараты солтүстік-батыс жағынан биіктігі 4,9 м болатын айванмен жалғасады. Ноғай Ишан мешіті күйдірілген кірпіштен тұрғызылса да оның көптеген құрылымдарына ағаш пен темір пайдаланылған. Құрылыстың жалпы ауданы 32*15 м. Мешіттің оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс бөлігіндегі қасбеті тіктөртбұрышты және көлденең белбеулермен безендірілген. Мешіт лоджиясы шынысының тор түрінде сүйір кескінмен орындалғандығымен және күмбезінің ішкі бөлігінде салынған өрнектерімен ерекшеленеді. Бүйірінде шағын мұнаралары бар кіреберіс порталы өте қызықты. Оның қуыс-дәлізінің үстінде ағаштан түйін түйгендей етіп аса шеберлікпен жасалған тор терезелі лоджиясы бар. Ғимараттың ортасында үлкен намаз оқу залы орналасқан. Ол шығысындағы айван-галереямен есік ойығы арқылы байланысады. Галерея төбесінің өрнектелген қарыларын ағаш бағаналар тіреп тұр. Намаз бөлмелерінің үстіңгі бөлігі өрнектермен нақышталған. Пияз іспетті күмбезшемен аяқталатын шатырлы төбе бас залдың төрт қырлы пішінін асқақтатып тұр. Мешіт сәулетінде мұсылман әлеміне тән дәстүрлі пішіндер ХІХ-ХХ ғасырлар аралығына тән сәулет өнері элементтерімен үйлесімді ұштастырылған.
Мешіт 1896 жылдан 1928 жылға дейін жұмыс істеген. 1928 жылдан бастап 1993 жылға дейін астық қоймасы, клуб ретінде пайдаланылған. 1993 жылдан бастап мешіт қызметін атқарып тұр.
Мешітте 1989 жылға дейін ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылып келген. Ал 2017 жылы мешітті толық қайта жаңғырту жұмысын қазіргі «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны атқарды.
«Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мамандарымен мешіттің сыртқы бөлігіндегі кірпіштері және айван еденінің кірпіштері ішінара алмастырылды, осыған қоса, айван құрылымы қайта қалпына келтірілді. Шатырдың жарамсыз күйге түскен бөліктері жаңартылып, шатыр беті ескі бояудан тазартылып, қайта боялды. Мешіттің терезелері де алмастырылып, сырланды. Суағар құбырлар толығымен алмастырылды. Ғимараттың сыртқы қабырғасындығы кірпіштердің жіктерін әрлеу жұмысы, ішкі қабырғасын ескі сылақтан тазалау және қайта сылау жұмыстары толығымен жүгізіліп аяқталды.