Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдегі халықты еңбекпен қамту мәселесіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Иә, өңірде жұмыссыздық мәселесінің бары рас. Бірақ, мәселе мемлекеттік бағдарламалардың аясында шешімін тауып жатыр. Сол сияқты барлық маңғыстаулықтарды немесе жаңаөзендіктерді мұнай-газ саласына жұмысқа кіргізу мүмкін емес. Кезінде облыс әкімдігі, «ҚазМұнайГаз» АҚ және жергілікті мұнай-газ өңдеу компанияларымен бірлесіп бос жұмыс орнына қабылдаудың алгоритмі әзірленіп, қабылданды. Уақыт өте келе ол алгоритм өзінің тиімділігін көрсетті. Біз сол бағыттағы жұмысты жалғастыратын боламыз», - деді Нұрлан Ноғаев онлайн өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, облыс басшысы өңірде жұмысқа орналасу бойынша проблеманың барын айтты.
«Кейде бос жұмысқа орналасу ашық түрде өтпей жатады. Немесе жауапты тұлғалардың қызметін асыра сілтеп пайдаланып жататын сәттер де бар. Сондықтан біз жоғарыда аталған жұмысқа тұру алгоритмін қайта қарап, мәселені назарда ұстаймыз. Солайша жұмысқа орналасуда ашықтықты қамтамасыз етпекпіз», - дейді ол.
Маңғыстау әкімінің айтуынша, алдымен еңбекпен қамту орталығында ресми тіркелген азаматтар жұмыспен қамтылады.