11 қаз, 2016 сағат 08:11

Нобель сыйлығы – 2016. Адонис «кезекте» тұр…

«Поэзияның басы да, аяғы да жоқ. Ол – шексіз.  Сол себепті оның шеңбері жайлы ойланудың қажеті шамалы. Оны жаттаудың  да керегі жоқ. Поэзиямен бірге жүру керек. Өлеңнің  әр жолын көзбен сүзіп, зымырап жөнелгеннен ада болып, алдыңда ашық кеңістіктің тұрғанын елестету қажет. Міне, өлеңді осылай оқу керек!» – Адонис. 

 

adonis-1084«Кезекте» тұрған ұлы ақын

Нобель сыйлығын алуда жолы болмай жүргендердің бірі – осы Адонис. Ол – араб поэзиясының классигі. Суфистік мистикалық шешімдерді қолданатын эстетикалық революционер. Асадтық саясаттың құрбаны. Адонис бірнеше онжылдықтар бойы эмиграциялық өмір кешуде (Ливан, Париж). Араб біртұтастығын армандайды.  Нобель сыйлығына бұдан артық адам табудың өзі қиын болып көрінеді. Бірақ… Өкінішке орай, басылым беттерінде Адонистың есімі аталған барлық мақалада оның Нобель сыйлығына «кезекте» тұрған адам ретінде жазады. Менің ойымша, бұл сириялық ақынның лайықты бағасы емес.

Өмір бойы Адонис Құдайдың есімін серік қылған сириялық ақын табиғаттағы ой, сөз бен тілдің, өлім мен өмірдің өзгермейтін қағидасын шығармашылығына арқау  етті. Ол классикалық араб поэзиясынан жаңашылдыққа дейінгі жолды жүріп өтті һәм сол жолға қайта оралды.  Соңғы кездерде әдебиеттегі басты сыйлыққа (Нобель сыйлығы) үміткерлер қатарынан көрініп жүрген ақын, швециялық академия «табалдырығын» аттай алмай жүргеніне де біраз болды.  Биыл да Мураками (жапониялық жазушы) екеуі  «жұлдызды» үміткерлер қатарында. Осы орайда,шамамыздың келгенінше қазақ оқырмандарына бейтаныс ақынның өмірімен шығармашылығын сараптау көруді жөн көрдік.

 

Әли Ахмадтан Адониске дейін

1930 жылы шииттердің отбасында дүниеге келген Адонис (Әли Ахмад Саид Асбар), бала күнінен алқапта жұмыс істеген. Әкесі оған, былайша айтқанда зорлықпен, өлең жаттатқан екен. Уақыт өте ол өзі өлең жаза бастапты. Ал, 1947 жылы Сирия президенті Шукри Әл-Куатлиге өлең оқу мүмкіндігіне ие болған. Дамасктағы университеттердің бірінде оқып жүрген кезінде бірнеше газет пен журналдарда редактор ретінде қызмет атқарыпты. Мына қызықты қараңыз, Әли Ахмад Саидтың өлеңдерін қабылдамаған газеттер, кейіннен Адонистың өлеңдерін газетке шығаруға келіскен екен. 1956 жылы саяси жағдайларға байланысты Ливанға қоныс аударады.  1957 жылы Ливан азаматтығын алады. Дегенмен, ол әлі күнге дейін сириялық ақын ретінде танымал. Жә, бұл тек оның өмірінен қысқаша мағұлмат қана. Енді оны шығармашылығына көшейік…

Адонис 1970 жылы әдебиет саласындағы  сирия-ливандық  сыйлыққа иелік еткен.  Қазіргі араб ақындарының ішінде де ойып тұрып орын алған әдебиетші. Оның шығармашылығына франциялық поэзия мен еуропалық сюрреализмнің  және мифологиялық образдардың әсері мол екені де айтылып жүр. Еуропа тілдеріне өлеңдері аударылып үлгерген ақын эскпериментке де көп барады. Поэтика мен нақыл сөздердің және өмір философиясының синтезін өлеңге сыйдыруға тырысады. Онысы сәтті шығады да. Адонистың өлеңдері 1984 жылдары Еуропада таралды.  80-ші жылдары ол Парижге қоныс аударып, ЮНЕСКО-да кеңесші ретінде жұмыс істеді. 2011 жылы үш жылда бір рет берілетін Гете атындағы сыйлыққа иелік етті. Оған дейін ол Еуропада әдебиетші ретінде бірнеше мақала мен ғылыми еңбек даярлады. 1959 жылы «Жаңа поэзияны» анықтауға тырысу» бағдарламалық мақаласында ол поэзия мен прозаның айырмашылығы тек ұйқас пен көлемінде ғана емес, жеке адамның өмірге деген көзқарас тәжірибесінде,  яғни, ойдың  шексіз түсіндірілуі мен өрбуі (interpretatio) екенін айтады. Өзінің өлеңдерінде  исламға дейінгі Жерорта мәдениетінің (шумерлік, финикийлік, вавилондық, грекиялық) шуағы бар екені сезіледі.  Ол өлеңде өмірді өзі жасайтынын, яғни, әр адамның ой сабақтастығы бейсаналық деңгейде  өмірді өзінше көретінін білдіргісі келетіндей (Әр адам өз өмірінің Құдайы – автор). Оның өлеңдерін франция тіліне Эжен Гильвик пен Этель Аднан аударған. Гильвик «Адонис кеңістігі» деген өлең жазып, ол жерде ақынды өз әлемдерін тудырушы Құдайға теңеген.  Жоғарыда жазғанымыздың бір кепілі десек болар… .

 

Әдеби басылымдардың бірінде былай деп жазыпты:

 «Иә, кейде Нобель сыйлығын тамаша авторларға береді – Марио Варгас, Джон Кутзее (Дж.Кутси – автор), Теодор Моммензу, Альбер Камью, Йосиф Бродский және т.б. Дегенмен, көп жағдайда Лев Толстой, Владимир Набоков, Хорхе Луис Борхес, Зебаль секілді мықты жазушыларға берілмейді. Қазір әділдік пен әдлетсіздік жайлы сөз қозғаудың қажеті жоқ. Әдебиет  – футбол емес. Нобель сыйлығы әлемде бар жүздеген сыйлықтардың біреуі. Оның лауреаттар тізімін сараптау кейде қызық екені рас. Тек әдебиет жағынан емес, нақты бір қоғамдық сананың жұмыс істеуін түсіну үшін ғана. Сонымен қатар, Нобель сыйлығының зияны да бар. Ол кітап пен жазушының арасын алшақтатады. Соның кесірінен, қоғамда көптеген қауесет пен күлкі тудыратын пікірлер қалыптасады. Кейбір жазушылар басылым беттерінде «Жиырма жылға жуық Нобель сыйлығына кезекте тұр» деген сияқты мақалалардың кесірінен дәл осы сыйлықтың қамауында қалып қояды. Бұл күлкілі. Ұлы жазуышылардың бұндай мақала беттерінде аты жазылғанының өзі олар үшін намысқа тиерлік жағдай емес пе?! Олар дүкенде кезек күткендей күйде болатыны анық».

Несі бар, біз де осы оймен келісеміз!

Абзал СҮЛЕЙМЕН

"Қала мен Дала"