Нұрсұлтан Назарбаев. Ұлы дала ұлағаттары
Н.Назарбаев. Ұлы дала ұлағаттары (2-бөлім)
Туған тілдің тұғыры
Қазақ елі барда, қазақ тілі де өмір сүреді.
Өседі. Өркендейді. Ұлтымыздың ұлы тілі – мәңгілік!
Тіл туралы сөз – ең жанды жеріміз. Алаш арысы Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» дейтін сөзі бар. Арғы-бергі тарихты адақтап, әлемдегі мемлекеттердің тіл туралы тұжырымдарына зер салсақ, өзінің тілін «Ана тілі» деп дәріптейтін де, ардақ тұтып қадірлейтін де жұрттың бірі біздің халқымыз екен. Ата-бабаның ұлы дәстүрін, тарихы мен шежіресін, әні мен жырын туған тілінде тыңдап, жүрегіне ұялатып өскен ұрпақтың өкілі ретінде қазақ тілінің бүгіні мен болашағына ерекше мән беремін.
Әрине, оның кешегі кеңестік кезеңде жолы тар, орны төменде болғанын бәріміз білеміз. Отарлық құрсаудың темір қақпаны ана тіліміздің адымына шідер салып, дамуына кедергі келтірді. Тіл шұбарланды, онымен бірге діл тұманданып, сана күмәнданды. Сана сергітер саңлақ тіліміздің тұсалған кезі еді ол. Оны бүгінгі ұрпақ – біз ұмытсақ, келер ұрпақ одан әрі жаңылып, жаза басуы мүмкін. Ұлттың ұлы қазынасы – Ана тілін жаңа ғасырдың биігіне абыроймен алып шығу – бүгінгі ұрпақтың парасатты парызы.
Кеңестік кезеңде, одан бергі тәуелсіздік таңы тұсында, ақын сөзінің астары басқаша ашылып, шындығында да, «сөз өнері – дертпен тең» жағдайға жеттік. Ұлтымыздың ұлы тілі басқа шауып, төске өрлеген өктем тілдің шылауына айналып, өз жерімізде баспалап сөйлейтін кезеңге келдік. Отарлық езгінің қаруын қолға ұстаған дүмділер тілді бұғаулау ғана емес, ойды тұсау, ұлттық ділді шеттету идеясын мықтап қолға алып, ата мен бала, келін мен ене жат тілде шүйіркелесіп, отбасының өзара үндесуі де өзге тілге ойысып бара жатты.
Біз кейде тәуелсіздікті «оңай алдық, дайын күйде кезіктік» деген солақай пікірлерді де естіп қаламыз. Бұл – тіптен қате байлам. Тәуелсіздік берген ең құнды, ең бағалы бір жетістік – туған тіліміздің мәртебесін көтеріп, оны Конституциямыздың 7-ші бабында «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп бекем түрде бекіттік. Тілімізге теңдік тиді, қапияда жоғалған құны қайта қалпына келіп, төрге шықты, төрелікке қол жеткізіп, заңдық негізге ие болды.
Ата Заңның айбарында мемлекеттіліктің мәртебесі мен мерейін көтеріп тұрған бұл баптың бабын таба алмай, баянын орната алмасақ, өзімізге ренжиік. Өз тілін өгейсініп, өзге тілдің ығына жығылғандардың қарасы қазіргі кезде біртіндеп азайып келеді. Бірақ ондайлар мемлекеттік қызметте әлі көптеп кездеседі. Абайлай жүріп, ақылға жүгінсек, оның да ыңғайы келіп, реті табылар. Жаңа, жас толқын келіп, тілдің мәртебесін бұдан жоғары сатыға көтерер. Әрі солай болатынына күмән келтірмейміз.
Бір қызық парадокс: біз өз мемлекетімізде Конституцияда жазылған заңдық күші бар бапты басшылыққа алмай, қыздырманың қызыл тіліне еріп, шапқылай береміз. Іс басында, әсіресе халықтың көз алдындағы жауапты қызметте отырған қазақтардың өздері мемлекеттік тілді менсінбей, өзге тілде сөйлеуге құмар болса, оған халық та, тіл де кінәлі емес. Кінәлі – ұлттық намыстың аздығы, ерсі әрекетке еліктегіштік, ұлт дәстүріне енжарлық.
Осы жағдайды саралай келе, он бес жылда аю да мемлекеттік тілді үйреніп алатын уақыт болды деп айтқаным бар. Бұл сөзді қазақ тілді басылымдар қанатты сөздің қатарына қосып, біраз ұшқындатты. Бірақ бұл қанатты сөзден гөрі тіл тағдырына алаңдаудың, намысты қайраудың бір жолы еді. Бұл ыңғайдағы тығырықтағы тірліктің иіні түзелер деген үміт сөзі болатын.
Тәуелсіздікке дейін біздің көптеген аға қаламгерлеріміз, халық жазушылары мемлекеттік тілді қолдау мәселесіне барынша атсалысты, оны қорғап, күресті. Халық жазушысы Ғабит Мүсірепов денсаулығы сыр беріп, қуаты қайта бастаған кездің өзінде Қазақстан Жазушылар одағының арнайы пленумында туған тіліміз туралы баяндама жасады. Сондағы біраз қаламгерлердің көркем шығармаларын оқып шығып, қазақ тілінің баяны мен байлығын қалай бағалау жөніндегі ағалық ашық сырласу сөзі әрбір қазақ баласының есінде үнемі жүрерлік тәлім болды.
Оның «Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың мәңгілігінің мәселесі. Кеше болмағанның бүгін болуы мүмкін, бүгін болмағанның ертең болуы мүмкін, бірақ ана тіліне мән бермеушіліктің, оны құрметтемеудің орны толмас олқылықтарға соқтыратыны сөзсіз. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» деген сөзінде терең мән жатыр.
Қазына қарияларымыз бір кезде «тыңдаушысы жоқ болса – сөз жетім» деп мақалдаған. Абайға бақсақ, «сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деген еді. Санаға салмақ салғанда, «сөзді ұғатын кез келді» деп айтылып жүрген пікірдің салмағы орасан зор екенін мемлекеттік қызметте жүрген замандастарымыздың, қатар жүрген әріптестеріміздің үнемі естерінде ұстағаны жөн. Әр азамат әуелі туған тілге деген құрмет пен жауапкершілікті өзінен бастауы керек. Отбасынан бастауы керек. Отбасындағы оңды тәрбие ана тілі арқылы жүзеге асса, одан әрі жас ұрпақ өмірдегі өз қажеттілігін өзі табады, адаспайды.
Бұдан он жылдай бұрын, кезекті бір басқосудың алдында, «Ана тілі» газетінің тілшісіне арнайы сұхбат бергенмін. Сондағы негізгі әңгіме мемлекеттік тілдің бүгінгі жай-күйі, оның даму, пайдаланылу, қолдану аясын кеңейтудің жолдарын қарастыру, қабылданған заңдар мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы, ең бастысы, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген берік те баянды байламды халықтың назарына ұсынып, бағыт-бағдар сілтеу болатын.
Бізде әлі де бойымыздан арылмай келе жатқан бір жаман әдет бар. Ол әуелі бастамаға бірден үн қосып, дүркіретіп әкетеміз, сосын уақыт өте келе істің аяғын сұйылтып, тіпті әрі-беріден соң кейбір қажетті іс-шаралардың ізіне су құямыз. Азаматтың қандай екені оның бастаған ісінен ғана емес, аяқтаған ісінен көрінеді. Бұл тұрғыдан келгенде, мойнымыз жар бермей, жарты жолда солықтап, іс аяғын ақсатып кететініміз бар. Осы кемшіліктен арылу керек.
«Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөзді айтқаныма да он бес жылдан асып барады. Қазақ қазақпен өзге тілде сөйлессе, жат жұрт не демейді? Он бес жыл аз уақыт емес. Не өзгерді? Қандай белеске жеттік? Ұлтымыздың жанын баурайтын сөздің мән-мазмұнын ел жүрегіне жеткізе алдық па?
Әрине, бұдан жиырма бес жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда, бұл бағытта көп нәрсе алға жылжыды. Ұтқанымыз да, ұққанымыз да баршылық. Өкінішке қарай, ұмытқанымыз да жетіп жатыр. Ұтылмайтын жерде ұтылып, тұтылмайтын жерде тұтылып жататынымыз да жоқ емес.
Мемлекет дамуындағы маңызды мәселенің бірі – үш тұғырлы тіл мәселесі десек, артық айтқандық болмас. Жаһандану жағдайында жалғыз тілмен қала алмайсың. Әлемдік ақпарат, технология, жаңа инновациялық индустрия ағылшын тілінде жүріп жатыр. Демек бұл тілді де біз еркін меңгеруіміз керек. Ұлтаралық қатынас тілі – орыс тілі де ел дамуында өзіндік рөлін жоғалтқан жоқ. Оны тарихымыздан сызып тастай алмаймыз. Бұрын көп тіл білушілік мақтан болса, енді ол қажеттілікке айналды.
Қажеттілігі сол, көп тіл білсең, көп ақпаратты игересің, өзгелердің озығы мен тозығын айырасың. Бүгінгі уақыттағы экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық пәрмені бар, қуатты дамып келе жатқан мемлекеттердің үлгі-өнегесін танисың. Бәрімен санасуға тура келеді. Оны заман айқын көрсетіп отыр. Жас ұрпақ осыны терең түсініп, жан-жақты болуы шарт. Көп тіл білгеннің зияны жоқ. Досың да, әріптесің де, жолдасың да көп болады. Алайда, қандай жағдайда да туған тіліміз – қазақ тілі өз мәртебесін жоғары ұстауы тиіс. Туған тілдің туы қашанда биік болуы қажет.
Тілдің қолданылу аясына байланысты ортаға салар бірталай жайттар да бар. Тіл дамуы үшін тілдік орта қажет. Бұл – ең бірінші шарт. Сосын тілге деген қажеттілік керек. Үшінші шарт, ана тіліңді ардақтайтын ұлттық намыс керек. Қандай заң болса да оның өмір сүру, қызмет ету аясы уақыттың құзырына тікелей тәуелді болып жатады. Мұндай жағдай тәуелсіздігін енді алған, дамудың жаңа, өзіндік жолына түскен мемлекеттердің тарихында көп кездеседі. Біздің де әп деп азаттық алған тұсымызда туындаған, қабылданған көп заңдар уақыт өте келе сапалық өзгерістерді бастан кешті. Олар жетілдірілді, толықтырылды, өзгерістерге ұшырады.
Мемлекеттік тілдің алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі оның жаңа әлеуметтік-мәдени болмысты бейнелеудегі мүмкіндіктерін кеңейту қажеттігі болып отыр. Бұл бағытта нақты, нысаналы ғылыми жұмыстар, сараптамалық іс-шаралар жүргізілуі тиіс. Әлі орыс тілінің білім мен ғылым, әлеуметтік-тұрмыстық салаларда басымдығы анық байқалады.
Заң бізге тікелей тіл үйретіп бермейді. Бірақ заң білген адам заманның қиындығынан аса абыржи қоймайды. Жағдайдың жөнін біледі. Одан шығатын жолды жаңылмай таба алады. Әрине, жұрттың бәріне заңды жатқа біл, баптарын басыңда ұста деп талап ете алмайсың. Бірақ Қазақстан заңы әрбір отандасымыздың арын арлап, барын қорғауға қызмет ете алады. Соның ішінде тіл туралы түйткілдердің өзін заңдық, құқықтық деңгейде толық реттеуге болады.
Ана тіліміз бәрімізді өмірге әкелген ардақты анамыздың ақ сүтімен бойымызға сіңген. Іңгәлап жатқанда айтылған анамыздың бесік жырымен жүрегімізге енген. Әкеміздің жанында құлдыраңдап жүгіріп, қамшысын әкеліп, қолғанат болып жүргенде санамызға ұялаған. Мектеп қабырғасында жүргенде ұстаздарымыздың ұлағатты сабақтарында халқымыздың қазынасын – ұлт тіліндегі әдебиетін оқығанда көкейімізге тұнған. Бозбала болып, балауса қыздарға көз сала бастаған шақта ақындардың ғашықтық жырлары арқылы жігіттік жадымызға жазылған.
Қазақ тілінің қанық бояулары – халық әндерінде. Шіркін, біздің халық әндері, нағыз қазынамыз ғой. Біздің халықтай мыңдаған мазмұнды әні, күмбірлеген күйі бар, даласының таңғажайып үні бар халық жер бетінде некен-саяқ шығар. Кейде бір ой үстінде отырған оңаша сәттерде, алыс жолдан елді сағынып келе жатқанымда қолыма қалам алып, көкейге келген ұйқастарды қағазға түсіріп қоятыным бар. Сондай бір кезекті алыс сапардан көңіл күйім көтеріліп, жаным жадырап келе жатқанда ұшақ ішінде «Елім менің» деген өлең өмірге келді.
Арайлап таңым, асқақтап тауым,
Ән ойнап көгім, күй тартты көлім.
Қол жетті, міне, аңсаған күнге,
Жасай бер, жаса, қазағым менің!
Осы алғашқы шумағы туғанда бастан кешкен сезімім керемет еді. Ұшақтың терезесінен елімнің байтақ даласына тебірене көз салып, жаным әндетіп тұрғандай-тын. Аңсаған күнге жеттік қой деген телегей сезім бойымды қалай шымырлатты десеңізші…
2005 жылдың желтоқсан айының соңғы күндерінде тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі мемлекеттік гимнді ауыстыру туралы идеяны тиісті жауапты қызметкерлермен, белгілі музыка және көркемсөз мамандарымен ақылдаса отырып жүзеге асыруға шешім қабылдадық. Сонда композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» әнінің мәтінін жаңа заманға лайықтап, оның мазмұндық тініне зиян келтірмей, лексикалық негізін қалдырып әрі тәуелсіздік талаптарын сақтай отырып, аздаған өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар болды. Бұған белгілі ақындар да, маман тілші-ғалымдар да тартылды.
Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның талқылауына, белгілі мамандардың сараптауына сәйкес мен ұсынған қосымша мәтін жаңа уақыт талабына сай деп табылды. Бұл жерде елбасылық төрелігімді пайдаланып, ешкімге салмақ та салмадым, жақсы атақ, арзан беделге де ұмтылғаным жоқ. Мен де елімнің қатардағы қарапайым бір өкілі ретінде осынау тарихи сәтте одан қалыс қала алмадым. Ойымды тербеп, жанымды кернеп жүрген сөздердің ең көркем кестеленген түрі деп сезініп, сөзімді көп талқысына ұсындым.
Осы мәселеге қатысқан атақты ақындар мен сөз мамандары, тіл ғалымдары мен ұсынған қосымшаны қоғамдық-саяси, идеялық-көркемдік жағынан ұтымды, орынды, Әнұранның бұрынғы желісіне толық сай келеді деп тапты. Мұны өзімнің өмірімдегі ең бір қуанышты да салтанатты әрі бақытты сәтім деп ойлаймын. Өз еліңде болып жатқан тарихи жаңалықтарға сол елдің перзенті ретінде үлес қосу, шамаң келгенше өз қолтаңбаңды қалдыру – әрбір азаматтың арманы. Ең бастысы, бұл – мемлекеттің мүддесі. Мемлекеттік Гимннің мәртебесі мемлекеттік тілдің де жоғары дәрежесі болып қабылданады. Туған тіліміздің асқақтығы мен абыройы да осы Гимннен анық көрінеді деп білемін.
Дін мен дәстүр
Дін – рухсыздық пен қанағатсыздықтың алдына қойылған ең берік қамалдардың бірі.
Дін туралы сөз, сайып келгенде, адамның жан дүниесінің тазалығы мен адамгершілігі туралы сөз. Дін – адамның өмір сүру шартының қалыптасқан қағидаттары әрі адамзат дамуының құбыланамасы.
Діни наным-сенім адамзатпен бірге пайда болған. Адамның табиғат тылсымдары мен жұмбақтарын қабылдау кезіндегі алғашқы іс-әрекеттері оның танымын туғызды. Діннің қайнар көзі сол бағзы замандардан бастау алып, уақыт өте келе ол әртүрлі ағым, сан-салалы сенім сүрлеуі ретінде қалыптаса бастады. Дінді зерделеу, оны түсіну бағытындағы бастапқы ізденістер алғашқы қауымдық құрылыс кезінде қалыптаса бастағаны даусыз. Біздің заманымызда ол орасан зор ғылыми-әлеуметтік нысанға, философиялық категорияға айналып, есепсіз ғылыми еңбектер мен сан жетпес сараптау-пайымдаулар жарияланып жатыр.
Жалпы, шариғат туралы қазір бірнеше ағым бар сыңайлы. Солардың бірі – құдайсыздық пікірін ұстанатындар. Екіншісі, ислам дініне таза ұлтшылдық тұрғысынан қарайтындар. Енді біреулері – ислам дінінің негіздерін халықшыл-мемлекетшіл тұрғыдан терең түсініп, оның қадірін білетіндер. Осы үш бағытта да үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатыр.
Қазір алғашқы екі бағыттың ішінде діни ағымдарды дәріптейтіндер, ол турасында өте жиі жазып, тынбастан қызмет жасап жүргендер көп. Бұлардың кітаптары мен жинақтарын оқып алған діни сауаты әлі кемшін адам негізгі дін осы екен деп ойлайды. Содан қателікке ұрынады. Өйткені, діни сауаттың аздығы, діни орындардың таза дінді жалған діннен ажырату бағытындағы дәрменсіз жұмыстары осындай жағдай туғызып отыр.
Ислам дінін, ондай елдердегі тұрғындар толық хабары болмағандықтан, құбыжық дін, зорлық-зомбылықты ұстанатын ағым деп қабылдайды. Сырттан таңылған насихат та соны уағыздауда. Араб әлемін айтпай-ақ қоялық, өзіміз білетін дерекке жүгінсек, ислам діні туралы: тарихы мен философиясы, құқығы мен экономикасы, өркениеті мен өнері, мәдениеті мен әдебиеті деген тақырыптық-танымдық әрі ғылыми-сараптамалық еңбектер әлі жан-жақты талданып, жарық көрген жоқ. Біз Аллаға құлшылықтың жалпы бастауыш канондары негізінде жүріп жатырмыз. Халықтың ислам діні туралы білім-түсінігі әлі алғашқы кезеңде қабылданғаннан көп аса қойған жоқ. Діни сезімнің балаңдығы күнделікті өмірде әркез бой көрсетіп жатады.
Халықтың діни санасы берік, көзқарасы тұрақты әрі сенімді болған жағдайда, оның ынтымағы мен бірлігі, өз елінің бүгіні мен ертеңіне деген сенімі берік бола түсіп, бір мақсатқа жұмылудың негізгі ұстанымы қалыптасады. Біз халықтар достығын дамудың алғышарты ретінде ұстанып келеміз. Бұл да – берік тұжырым. Енді осыны діни наным-сенімдер тұрғысынан бекіте түссек, халықтың патриоттық сезімі жалаң ұраннан гөрі жалынды рухқа айналар еді.
Келешектен күдер үзбеу сияқты өткендегінің бәрін бірдей өзекке тебуге де болмайды. Ислам дініне дейін де осынау байтақ далада имани ниет пен адамгершілік ізгі қарым-қатынастар болған. Ежелгі Ғұн патшалығынан бермен қарай еліміз көк Тәңіріне табынып өмір сүрді. Мұның дәстүрлі элементтері халқымыздың өмірінде әлі де бар.
Нанымымыздағы табиғатқа деген құрметті көзқарас, күн мен айды қасиет тұту біздің ата-баба дініміздің тарихи көрінісі ретінде әлі күнге халқымызбен бірге жасап келеді. Біз бұл наным-сенімдерді өз өмірімізден сызып тастай алмаймыз. Қисындық және өміршеңдік жағынан оның қазақ баласын жақсылыққа, ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеудегі рөлі өзінің рухани күшін жойған жоқ. Рухани тазалығымызды сақтаудағы тәңірлік түсініктерді әлі де ізгі діннің амалдары ретінде тұтынудамыз.
Бұл жағынан келгенде, ислам дінінің негізгі қағидаттары мен ұстанымдары біздің бабаларымыз ұстанған наным-сенімдермен ұштасып жатады. Сонымен қатар ислам дініндегі қонақжайлық, меймандостық, кемтар мен кедейге көмек қолын созушылық, бауырмалдық секілді жақсы әдеттерді өзгелерге өнеге ретінде айтып жеткізу жағы да үндес келеді. Әрі олардың мұсылмандық қағидаттармен сәйкес келетіндігінің өзі керемет емес пе?! Менің білуімде, Мұхаммед Пайғамбарымыздың хадистерінің бірінде Құран сүрелері мен аяттарында нақты амалы айтылмаған мәселені ұлттық дәстүрлерден іздеген жөн дегенге саятын ұғым да бар. Демек, аруақты құрметтеу, бейіт басына барып дұға бағыштаудың, Наурызды қуана қарсы алып, жаңа туған аймен амандасудың дін алдында ешқандай да айыбы жоқ. Бұлардың қай-қайсысы да Алла тағаланың өзі жаратқан игіліктеріне жасалатын дәстүрлі құрмет қана.
Данышпан Абайдың «Құдайшылық – жүректе. Қалпыңды таза сақта» деуі де содан.
Бұл мәселені де біздің дінбасылар мен осы саламен айналысып жүрген теолог мамандарымыз дендеп ашып, дәйектеп, деректеп беруі қажет.
Көне тарихи ислам дінінің өркениеттік, гуманистік қалыптарын жан-жақты білмегендіктен, оны тек күш көрсету, зорлық жасау діні деп түсінушілік ерте заманнан бар екенін айтады. Бұл – білместік салдары. Бұған біз өре түрегеліп дау айтпай, қайта байыпты, тарихи, ғылыми тұрғыдан дәлел келтіріп, парасатты деңгейде түсінік беруіміз керек. Мұндай жаңсақтық қазіргідей терроризм мен экстремизм секілді жаңа ғасырдың жойқын індеттері өршіп тұрған кезде тіптен қауіпті.
Ислам діні ешқандай да құбыжық дін емес. Бұл пікірді кез келген мұсылман баласы қандай жерде, қандай жағдайда болмасын, айтып, түсіндіруі керек. Бұл – имандылық парызы.
Өз дініңді қорғап, оған дәлелсіз келтірген зиянды түсінікпен қайтару мақсатында игі әрекет жасасаң, бұл – үлкен сауап. Бір адам бір мұсылманды өлтірсе, ол жер бетіндегі барлық мұсылманды өлтіргенге тең деген қағидатты Құран айтады. Сол секілді ислам дінінің ізгі жағы мен игі қасиеттерін айтқан әрбір мұсылман барлық мұсылманға тиесілі сауапты алады. Біз осы пікірді үнемі назарымызда, жүрегімізде ұстауымыз керек. Бірақ бұл ислам діні басқа діндерден жоғары тұрады деген біржақты көзқарасты білдірмейді. Алайда, біздің дінімізге беріліп жатқан жосықсыз баға мен жөнсіз ойларды ауыздықтау үшін әрбір мұсылман бұларды білуі қажет.
Қазір исламдағы екінің бірі білмей айтып жүрген мәселе: жиһад туралы мәселе. Жиһад – ислам дінінде айтылатын ұғым екені рас. Бірақ мұның аясын тек қана лаңкестікпен шектейтін болсақ, қатты қателесеміз. Оның қазақша ұғымы белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін күш-қайрат жұмсау, ынта-жігер таныту, мақсат үшін күресу деген мағынаны білдіреді. Бұл сөзді қазір қару алып соғысу, өзін құрбандыққа шалу мағынасында қолданып жүр. Құранда «жиһад» сөзі 35 жерде кездеседі. Соның төртеуінде ғана «соғыс» ұғымында қолданылған. Көп адам өзін мұсылман санағанмен, Құранның жалпы мән-мазмұнымен де толықтай таныс емес. Сондықтан шолақ түсінік шала ұғымды туғызады.
Діни ғұламалардың еңбектерінде ол сөз Алланы танудың жолындағы сапар, ұмтылыс ретінде беріледі. Осы мағына шындыққа жақын. Кеңінен тұжырымдағанда оның мағынасы адамның өзімен күресі, өз бойындағы жағымсыз әрекеттерді жою, надандықпен майданы, тұрмыстың жақсаруы жолындағы ерік-жігер, сананың сілкінуі секілді қасиеттер болса керек. Шариғатта ол сөз Жаратушының шапағатын сезіну деп те қолданылады. Иман заңдылықтарын зерттеушілер «жиһад» мәжбүрлік жағдайдан да болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Міне, осы жағдай келе-келе қит етсе, қару алып соғысып, жазықсыз жандардың қанын төгіп, ауыр күнә арқалаудың сипатына айналды. Біз мұндай түсінікті қылмыс әрі күнә деп есептейміз. Демек, бұл тұрғыда надандыққа қарсы әрекет жасағанымыз абзал.
Кеңестік кезеңдегі қызыл террордың халықтарды қуғын-сүргінге ұшыратудағы зорлық-зомбылығын өз өміріндегі тұрмыстық тауқыметтермен бірге бөліскен қазақ халқының сол кездегі жан дүниесіндегі үнсіз қарсылығы болады. Қазақтардың босып келген халықтарды паналатуы мен адамгершілік қолын созуы сол нәубетке іштей қарсылық болған шығар? Қара күшке қарсы қарапайым ақыл-парасатты қолдану – ұлы күрес, имани майдан. Демек, біздің халқымыз – зайырлы жиһадтың үздік үлгісін көрсеткен жұрт. Бұл біздің бүгінгі ұрпақ үшін мәңгілік мақтан, өмірлік өнеге болса керек.
Исламдағы сол әдемі әдіпті қазір дін бұзарлар мен бас бұзарлар мүлдем теріс қолданып жүр. Жиһад – адамды өлтірудің амалы емес, дұшпандық жағдайларда да жол табудың қиянаттан тыс әрекеті болуы тиіс. «Жеке адамның жиһады» деген ұғымның өзі тым шартты. Бір ел немесе мемлекет ресми түрде екінші бір елге соғыс жариялағанда болатын ерекше іс-әрекетті соған жатқызуға болатын шығар, ал жеке адамның озбырлығы болмаса адам өлтіру әрекеті шариғатқа сай келмейді. Әлемдік лаңкестік өрши түскен қазіргі жағдайда ұжымдық ұрысқа шықтық деп жүрген озбыр тобырдың тағылық әрекетін ешбір діннің заңдылықтарымен ақтап алуға болмайды.
Кейінгі кездерде сырттан енген сан түрлі ағымдардың ауанымен бас-көзге қарамай елді, жұрт мүддесіне қызмет етіп жүрген жеке азаматтарды айыптау, тіпті тұқырта есе қайтару сияқты келеңсіз әрекеттер бой көрсетіп қалып жүр. «Жаманды жасыр, жақсыны асыр» демей-ақ қояйық, бірақ көпке күл шашуға болмайды ғой. Жауырды жаба тоқудың да қажеті жоқ. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегенді де естен шығармау керек. Яғни, айтылған сын-ескертпе салиқалы болып, оның қоғам дамуына септігі тигені жөн. Ал көлгірсіген сын-сымақ көлденең көк аттының аужайында адасып, солардың ұпайын түгендеп жатса, ол – барып тұрған қылмыс. Соны ойдан шығармау керек.
Содан кейін, демократия деген тек қана құқықтар емес, сонымен бірге айтарлықтай міндеттер жүктейтінін де ұмытуға болмайды. Ендеше, әркім ағат басқан арандату әрекеті үшін жауап беруге тиіс. Игілікті іс қана ізгілікті мұратқа жеткізбек. Мемлекет маған көмек көрсетпеді деп кінәлаудан бұрын, «мен қоғамға қандай қолдау көрсеттім?» дегенді ой елегінен өткізіп алудың да артықтығы жоқ.
Осындайда әлемдік деңгейдегі әйгілі ақындардың бірі А.С.Пушкиннің: «Мен өз Отанымды, жеме-жемге келгенде, жерден алып, жерге салуым мүмкін. Бірақ оны бөгде ешкімнің тілдеуіне ешқашан да жол бере алмаймын!», дегені еріксіз еске оралады. Ал оралатын себебі, жат жұрттықтар кінә тағып, күндейтін емес, таңданып, мүлтіксіз мойындайтын ел болсақ екен деген арман ұлттың имани ізгі қасиеттерін көрсетудің үлгі-тұғыры болуы шарт.
Осыларды сонау Сирияда содырлардың сойылын соғып, тек өзі ғана емес, бүкіл отбасын құрбандыққа шалып жүрген, жер-жерлерде қолдарына қару алып, ел аман, жұрт тынышта мойындарына қан жүктеп жүрген, еңбек етпей-ақ жақсы тұрмыс кешкісі келіп, қылмысқа барып, адасып жүрген жансебіл жастар ұқса игі еді. Оларды тек телеарналар мен интернеттен, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарынан құйылып жатқан әсіре мәнсіз мәліметтер тәрбиелемесе екен. Тепсе темір үзетін жігіттің қолына қандыауыз қару алып, оқ жаудыруы, сөйтіп, қоғам тыныштығын бұзуы кімге қажет? Бейкүнә жандарды жер жастандырып, ананы жесір, баланы жетім атандырғанда олар не опа таппақ? Өзінің адамгершілікке, имандылыққа жат қылығымен, жантүршігерлік жауыздығымен ондаған отбасының шаңырағын ортасына түсіре ойрандап, қайғыдан қан жұтқызған пенденің күнәсін Құдай қалай кешіреді?!
Мұндай жағдайлардың алдын алудың қандай алғышарттары бар және жастар арасындағы жұмысты жетілдіре жүргізудің қандай тиімді тетіктері бар деген сұрақтар кім-кімді де толғандыратыны сөзсіз. Бұл тұрғыдағы іс-шаралар мен оның мемлекеттік идеологиясымен еліміз жан-жақты әрі тұрақты түрде айналысатын болады. Әйтсе де, кәмелетке толған әрбір азамат өзінің кез келген әрекетін ойланып істеуі, қоғамдық тәртіп нормаларына бұқпантайсыз бағынуы тиіс. Ешкімнің де обал мен сауапты, заңдылық пен адамгершілікті ұмытып, нақақ көздің жасынан өз жағдайын жақсартуға құқы жоқ!
Қазақстан тәуелсіздік жылдарында бес рет әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің съездерін өткізді. Мұндағы мақсатымыз, ең алдымен, қазіргі өзгермелі әлемдегі түрленіп жатқан адам пиғылын ізгілендіру болатын. Ол үшін классикалық діни ағымдардың бірлігі мен ынтымағын қалыптастырып, адамзаттың ортақ құндылықтары негізінде бір арнаға жұмылдыруды мақсат тұттық. Бұл тұрғыда атқарылған жұмыстарды біз адамзат өмірін жақсы жағынан түзеуге бағытталған адами іс-әрекетке қосқан Қазақстан халқының үлесі деп бағалаймыз. Зор да сауапты іс атқардық деп мақтанбай-ақ қоялық, бірақ діндер арасындағы дипломатияның тілі ізгілік пен имандылық екенін түсіндіруге барынша әрекет жасадық.
Қазақстан – өзінің Ата Заңында ашық жазғанындай, зайырлы мемлекет. Дін мен мемлекет бір-бірінен тәуелсіз. Бірақ қандай дін болмасын, ол сол аймақтағы мемлекет дамуына өзінің теріс әсерін тигізетін болса, біз бұған жол бере алмаймыз. Біз үшін мемлекеттің тұрақтылығы, тыныштығы, береке-бірлігі – ең басты құндылық. Қай діннің де ізгі де игі қасиеттерін пайдалана отырып, халықтың бейбіт өмірі мен қалыпты тұрмыс-тіршілігі үшін ортақ мәміле жолында жүйелі жұмыстар жүргіземіз. Бұл міндетті орындауға тек биліктің күшін ғана емес, ақылдың ісін, парасаттың пайымын пайдаланамыз.
Біз 2015 жылдың қарашасында Парижде болған, 2016 жылғы шілдеде Ниццедегі, сонымен қатар әлемнің әр шалғайында жиі қайталанып жатқан террорлық қантөгісті оқиғаларды дер кезінде батыл айыптай отырып, әлемдік лаңкестік пен терроршылдыққа қарсы күресте бітіспес қағидат ұстанатынымызды ресми түрде мәлімдейміз. Бұл жекелеген қаскөй жандардың жауыздық әрі надандық әрекеті деп түсінеміз. Сол кездің өзінде, ашық айтқанымыздай, бұл жерде исламның еш кінәсі жоқ. Исламда мұндай жосықсыз әрекеттерге бару ең ауыр күнә деп саналатынын әрқашан атап айтудамыз. Қазақстан бұл тұрғыдағы өзінің ұстанымын қашанда білдіріп келеді. Қазақстан – террорлық теріс әрекеттердің кез келгеніне уақтылы әрі тайсалмастан қарсы тұратын мемлекет.
Бала жастан әке-шешеден көрген тәрбиеміз бар, алған тәліміміз бар, біздегі түсінік ислам дінінің негізгі шарттары мен қағидаттарына толық сай келеді. Қай дін болсын, оның қай-қайсысында да адамға арналған игі қасиеттер анық жазылған. Бір діннің екінші діннен басымдығы жоқ. Бірақ дінаралық келіспеушілікті қоздыратын дінсіздер, өзінің жеке басының мақсат-мүддесін көздеген көрсоқыр жандар діннің атын жамылып, зорлық-зомбылық жасап, күпірлікке барады. Жалғандық секілді жағымсыз әрекеттерді ақтап алуға тырысады. Бұл әдет қазіргі лаңкестік дерті өршіген тұста тіптен ушыға түсті. Халықаралық терроризм термині сөздік қорға түпкілікті кірген кезде оған қарсы жеке мемлекеттің қауқарсыздығы да анық көрініп отыр.
Жалпы, қандай да бір бастаманың мәні мен мақсаты ізгілік пен игілікті көздесе, оны түсінбейтін адам, тыңдамайтын құлақ болмайды. Әлем тарихында дәстүрлі діндердің басшылары бір жерде отырып, бір жеңнен қол шығарып, діннің адамзат өркениетіндегі гуманистік қызметін қайтадан жаңғырту, дінаралық араздықты жою, дінаралық үнқатысуды бүкіл адамзатқа пайдалы пікірлестер алаңына айналдыру тұрғысында ұжымдық ұлағат таныту – бұрын болмаған тарихи оқиға.
Біздің халқымыз ежелден ізгілік пен адамгершілікті бойына сіңірген, жақсылық пен бауырмалдық сезімін жоғары қойған. Ешкімнің ала жібін аттамаудың қағидатын бала жастан жадына сіңірген, ата-бабаның ұлы тәлім-тәрбиесін ұрпағына аманаттап, салт-дәстүрдің озық үлгісін ұстанған халық. Қазақтың бала тәрбиесіне байланысты айтылған сөздері мен ырым-ниеттерін қарап отырсақ, мұнда тек жақсылық пен ізгілікке тәрбиелеу ғана бар. Терең адамгершілік, байыпты имани қасиет, кімге де болсын, адами қамқорлықпен қарау халықтық қағидалардан бастау алып, ғасырлар бойы ұлтымыздың ұғымы болып жалғасып отырды.
Мүмкін, біз осынау алып аймақта, ата-бабаның бізге қалдырған ұлан-ғайыр жерінде өз тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, тыныштықта бақытты ғұмыр кешіп жатсақ, сол жақсылықтардың қайтарымы, Алланың бізге берген ризашылығы мен мархабаты шығар. «Жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көрсем – өзімнен» деп өскен халықтың баласымыз. Осы дәстүрді ұстана берсек, кең болсақ, кем болмаймыз.
Әлем күн сайын құбылып жатыр. Күш көрсету көбейіп, зорлық-зомбылықтың қара ниеті қатыгез сипат ала бастады. Діни экстремизм деген дерт шықты. Лаңкестіктің жазықсыз жандарды құрбан етуі кезекті бір қызықты оқиға ретінде қабылдана бастады. Ең алаңдатарлығы, әлем бұған елеңдеп, бұл неге бұлай болады деп қатал сауал қоймай, әр ел өзіміз ғана аман болайық деген тоңтеріс саясат ұстана бастады.
Терроризм – әлемдік дерт. Бұл зауалға қарсы адамзат баласы, барлық мемлекеттер мақсатты түрде күш біріктіріп, қарсы тұрмаса, жағдай жыл өткен сайын, тіпті ай өткен сайын ушығып, дүние өрт құшағына айнала береді. Қайғының бұлтын жамылып, қарақан басыңның қамымен бүркеніп ғұмыр кешетін бейтарап саясат енді орынды амал, орайлы іс-әрекет бола алмайды. Әлемдік тажалға бара-бар қарсылық, дін тілімен айтқанда, зұлымдыққа қарсы зайырлы жиһад қажет.
Қазір өркениеттер қақтығысында ислам фундаментализмі туралы алыпқашпа сөз көп. Адамзат исламнан үрейлене бастады. Бұрын «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деуші еді, енді Құдайдан қорқатындардан қорқу басталды. Бұл – кереғарлық. Лаңкестерде ұлт, дін болмайды. Олар дін атын жамылады, бірақ жүректерінде имани қасиеттер жоқ. Бары – сөнген. Жүректегі ізгілік сөнген кезде өшпенділік бас көтереді. Өшпенділіктің өктем күші имани құндылықтарды қиратып, адам санасын теріс әрекеттер тұйығына әкеліп тірейді. Тұйықтан шығудың жолы – имани тұрақтылық, діни салауаттылық.
2001 жылғы 11 қыркүйектен кейін жаңа дәуір басталды деген ұғым пайда болды. Шынымен солай ма? Бұған кең ауқымда қарау керек. Қазір діни әрекеттен де сорақы жағдайлар болып жатыр. Гендік инженерия, адамды клондау, бактериологиялық, химиялық жойқын қарулар секілді адамзаттың жер бетіндегі тірлігіне аса қауіп төндіретін имансыз жағдайлар ғылымның жетістігі деп бағаланып, осыдан шаш етектен пайда тауып жатқандар көп. Құранда бұлардың бәрі күпірлік, күнә деп саналады. Алла құдіретіне шек келтірудің орынсыз көрінісі де осы болар. Адам адамға дос деген ұлы қағиданы ұстану – Аллаға мәңгілік мадақ айтудың айрықша көрінісі.
Американы абыржытып, дүниені шулатқан қыркүйектің қанды оқиғасы бұрынғы діни фундаментализм деген терминді ислам фундаментализмі деген ұғымға ауыстырды. Тарихқа жүгінсек, фундаментализм исламға ғана емес, католикке де, христиандыққа да қатысты. Орта ғасырлардағы Еуропа тарихын еске алсақ, небір сұмдық жағдайлар бой көрсетіп шыға келеді. Сол кездегі діни соғыстар адам санасында жүрді. Араб әлемін, Иранды нағыз ислам фундаментализмі деп қабылдау үрдісі кейде шындық шекарасынан асып кетіп жатты. Өйткені, жалғызкіндікті әлем бақылаудан шығып барады.
Әлемдік дәстүрлі діндердің, жалпы діни ағымдардың канондары ұқсас. Олар – өлтірме, өтірік айтпа, нәпсіңді тый, адамға жақсылық жаса. Көктен түскен төрт кітаптың да негізгі ұстанымдары осы. Олар заманына қарай бір-бірін толықтырып, дамып отырған. Бұл асыл жинақтардың негізгі шарттары, тұжырымдары, жалпы идеясы, діни уағыздары бірін-бірі толықтыра отырып, Ұлы Жаратушының ұлық пәрменімен соңғы кітаптың – қасиетті Құран Кәрімнің түсуіне жол ашты. Айқын нәрсе – дін адамзаттың имани қасиеттерінің шапағатты шындыққа бейімделген тұжырымдамасы.
Осы орайда және бір айта кететін мәселе де бар. Қазіргі жастар имани шапағатты қасиеттерді қалай түсініп, қандай деңгейде қабылдайды? Қазір елімізде мешіттер көбейді. Сонымен бірге, мешітке баратын, намазға жығылған жастарымыз да молайды. Ислам дінінің сан тарау сүрлеулері бар. Оның бәрін ақылмен таңдамай, жүрекпен талғамай қабылдай беру де бой көрсетіп жатыр. Алла да, иман да – жүректе. Ең алдымен, жастар жүрегін таза ұстауы қажет. Әрине, жас кезде еліктеу басым болады. Бірақ жат діни ағымға еліктеу, елігу қауіпті екенін ұмытпаған жөн.
Ата-баба дәстүрін әлдебір жат ағымға мансұқ етіп, діни теріс ағымның байыбына бойламай, өз ұстанған бағытын дұрыс деп қабылдайтындар пайда болды. Көпке топырақ шашып, көкіректерін теріс пиғыл-ниетке жүгіндірген жастардың рухани-имани көздерін ашу – бәріміздің, соның ішінде осы салаға тікелей жауапты жандардың абзал борышы. Адасқанды дұрыс жолға салу, күмәндіні ақиқаттың арнасына бағыттау тұрғысында біз атқарар жұмыстар қазір орасан зор. Бұл – әрі парыз, әрі міндет, әрі сауап.
Кейбір жастарымыз жиһадтың негізгі шарттарын білмегендіктен арам ойлы топтардың ықпалына еріп, отбасынан безіп, тіпті ата-анасынан бойларын аулақ салып, лаңкестік немесе содырлық әрекеттерге баратын жерлерден табылып, жаңылуда. Араб әлемінде болып жатқан қанды оқиғаларды дұрыс деп санап, сондай жанкешті әрекеттерді шариғатпен ақтап алуға тырысушылық діннің адамгершіл қағидаттарымен мүлдем қабыспайды.
Діни мейрамдарда, құрбан айт, ораза айт, Қадір түнінде мешітке келетін халықтың қарасы қазір өте көп. Бұл – жақсылық. Бұл – имандылық. Намазға жығылған жастарды қарап тұрсаңыз, олардың да ұстанған діни наным-сенімдері әркелкі екенін байқауға болады. Жастарға айтарымыз: өз дініңді қадір тұт, өгей дінге бас ұрма. Алла – адал ниетте, жүрегіңді таза ұста. Ізгілікті қайырымдылықпен ұштастыр, игілікті еліңе жаса. Топшыл болма, көпшіл бол, халқыңды қадірле, жұртыңның салт-дәстүрін құрметте. Дін – ғылым, жан дүние жарасымын табиғатпен үйлестір. Ғылымның ғибратты жолын таңда, біліміңді жақсылыққа пайдалан. Заманның болмысын аңда, тойшыл болма, ойшыл бол.
Ұрпаққа деген алғаусыз мейірім мен ыстық ықылас бізге күн сайын ғана емес, сағат сайын қажет. Ол үшін адамгершілік қасиеттерді әуелі өз бойымызға жинақтап, содан соң сол имани қасиеттерді періште пейіл перзенттеріміздің санасына сіңіруге тиіспіз. Сонда ғана жас жеткіншек қайсібір қарабайыр қателіктерден ада боп, қатыгездіктен алыс жүрер еді. Тек сондай ұрпақ қана обал мен сауапты санасында салмақтай алмақ.
Бұлардың барлығы да білгенге – маржан, білмеске – арзан. Арзанды қымбатқа айналдыратын – ақыл мен парасат. Жаратушы бізді ақыл мен парасаттан айырмасын. Сонда ғана досқа күлкі, дұшпанға таба болмаймыз.
«Егемен Қазақстан» газеті