1930 жылдары СССР-да болған «Үлкен террор» - саяси қуғын-сүргінді іске асырған НКВД қызметкерлерінің тізімі жарыққа шықты. Жобаны «Мемориал» халықаралық құқық қорғау қоғамы іске асырды. Тізімде Қазақстанда репрессия жүргізген жендеттердің де аты-жөндері берілген.
«Мемориал» халықаралық құқық қорғау қоғамы «Үлкен террор» заманындағы НКВД қызметкерлерінің тізімін жариялады. Тізімде СССР бойынша НКВД-ның жеке құрамында 1935-1941 жылдары жұмыс істеген 41 668 адамның аты-жөндері жарияланып, оның 39 950-і туралы қысқаша мағлұмат берілген.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ НКВД-НЫҢ 15 ПАЙЫЗЫ - ҚАЗАҚ
Осы тізімнің ішінде сталиндік репрессияны Қазақ АССР-і (1920 жылы құырлды - ред.) мен Қазақ ССР-і (1936 жылдан бастап - ред.) аумағында жүзеге асырған мыңнан аса НКВД жендеттерінің аты-жөні жарияға шықты.
Азаттық тілшісі «Мемориал» сайтында жарияланған бұл қызметкерлерді санап, олардың 1080-дей адам екенін анықтады. Оның ішінде 170-тей қызметкердің аты-жөні қазақ екендерін білдіреді.
Мәселен, Қазақстанға қатысты бөлімде есімі жұртқа белгілі дегендердің ішінде Шәкәрім өлімімен байланысты аталатын Абзал Қарасартов; 1940-50 жылдары Қазақ ССР-і басшысы болған Жұмабай Шаяхметовтің есімдері аталады.
«Мемориал» сайтында Абзал Қарасартовқа 1936 жылы сәуір айында СССР НКВД-сы бұйрығымен «кіші лейтенант» шені берілгені, ұлты қазақ екені, 1906 жылы дүниеге келгені, НКВД-дан 1937 жылы қараша айында басқа жұмысқа ауысқан сәтте Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында шұғыл уәкіл болып тұрғаны жазылған. Тізімде Абзал Қарасартовтың өлімі туралы ақпарат жоқ екені де айтылады. Азаттыққа белгілі мәліметтер бойынша, Қарасартов 1979 жылы қайтыс болған.
Ал Жұмабай Шаяхметовтің 1938 жылы мамырдың 9-ы күні ВЧК-ОГПУ-дің (НКВД-ның контрреволюция және саботажбен күрес бөлімі) «Құрметті қызметкері» белгісімен марапатталғаны жазылған. Шаяхметовке 1940 жылы қарашада «мемлекеттік қауіпсіздіктің капитаны» деген шен берілген.
«Мемориал» сайты жариялаған бұл тізімге қарағанда, Қазақстандағы репрессияны іске асырған НКВД қызметкерлерінің 15 пайыздан астамының ұлты қазақ болғаны аңғарылады.
Кейбір тарихшылар Қазақстанда 1928-1929 және 1937-1938 жылдары 120 мыңдай адам репрессияға ұшырап, 25 мыңдай адам атылды деген дерек айтады.
НКВД БҰЙРЫҚТАРЫ НЕГІЗІНДЕ ЖАСАЛҒАН ТІЗІМ
«Мемориал» құқық қорғаушылары анықтамалықтың (тізімнің - ред.) СССР НКВД-сының жеке құрамы бойынша шыққан бұйрықтар негізінде құрылғанын жазады.
Анықтамалықта НКВД қызметкерлеріне арнайы шен беру, НКВД-дан жұмыстан шығару туралы бұйрықтардың нөмірлері мен шыққан күні, жұмыстан шыққан сәтте атқарған қызметі, мемлекеттік наградалары туралы мәліметтер келтірілген. Бұйрықтағы ақпарат өзге дереккөздерден алынған өмірбаяндық деректермен толықтырылған.
Құқық қорғңаушылар бұл тізімнің 15 жыл бойы дайындалғанын айтады. Деректерді интернетте жариялар кезде 4500-ге жуық өмірбаяндық анықтамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Халықаралық «Мемориал» ұйымының тең төрағасы Ян Рачинский анықтамалықты құрастыру жұмысы қалай жүргені жайлы және ол кімдерге пайдалы болуы мүмкін екенін айтып берді.
- Әлгі анықтамалық - Андрей Жуковтың көп жылғы жұмысының нәтижесі, ол қауіпсіздік комитетінің арнайы шендері енгізілген 1935 жылдың аяғынан бастап үлкен террор дәуірінің аяғына дейінгі, тіпті одан да ұзақ - 1939 жылдың орта шеніне дейін әлгі арнайы шендерді алған адамдардың барынша толық тізімін құрастырғысы келген. Ол бұл жұмыспен өте көп жыл айналысты. Бұл - өте қиын жұмыс, өйткені НКВД-ның жүздеген томды құрайтын қисапсыз көп бұйрықтарын зерттеп, СССР Жоғарғы кеңесіне қарасты наградалар бөліміндегі көптеген құжаттарды ақтарып шығуына тура келген. Орасан көп ақпарат қаралған. Ал совет заманындағы ақпарат көздері өте жұтаң болғаны әрі мұрағаттардың көп бөлігі, әсіресе НКВД құжаттары (қазір НКВД құжаттары ІІМ мен ФСБ мұрағаттарында сақтаулы) әлі күнге дейін ашылмай жатқаны белгілі, сондықтан әлгі анықтамалық бірден-бір ақпарат көзі, - дейді Ян Рачинский.
Андрей Жуков - тарихшы емес, ол МГУ-дің (Мәскеу мемлекеттік университеті) заң факультетін бітірген, бірақ Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында өзінің айтуынша, тарихты жақсы көретін ол мұндай ақпаратты жинаумен ашық ақпарат көздері болмаған совет кезінен – 1979 жылдан бері айналысқан. Жуковтың айтуынша, ол зерттеулерін НКВД-дан емес, репрессияға ұшыраған Жұмысшы-шаруалардың қызыл армиясы (РККА) құрбандарынан бастаған. Сосын НКВД қызметкерлері туралы мәліметтерге көшкен, ал кейінірек «Мемориал» қызметкерлерімен танысып, олар бірлесіп жұмыс істеуді ұсынған. Ян Рачинский жобаның кімдерге арналғанын:
- Бұл әуелі тарихшыларға керек. Өйткені құжаттарда, оның ішінде мұрағаттарда сақталған тергеу істерінде әдетте адамның тегі мен шені ғана көрсетіледі. Әдетте есімі мен әкесі атының, тіпті басқы әріптері де жазылмайды. Сондықтан оның кім екенін, қандай адам болғанын, оның іздерін қайдан іздеуге болатынын анықтау өте қиын. Әлгі анықтамалық НКВД-ның арнайы шенін алғандардың кімдер екенін, ол шенді қашан алғанын, қандай бұйрық бойынша және қай аймақ бойынша алғанын анықтауға көмектеседі. Бұған қоса, көбінің туған күні мен туған жеріне қатысты қосымша ақпараттар табудың сәті түсті, енді қилы құжаттардағы деректерді байланыстырып, әлгі адамның кім болғанын, не істегенін, кейінгі тағдырының әлдебір тізбегін құрастыруға болады. Меніңше, бұл кез келген мемуар үшін, көптеген құжаттар үшін таптырмайтын аса құнды ақпарат көзі болады, - деп түсіндірді.
Мамыр айында «Мемориал» анықтамалығының компакт дискіге көшірілген нұсқасы шыққан.
- Әлгі дискіге жұрт үлкен қызығушылық танытты, бүкіл тираж тарап кетті, одан қазір ештеңе қалған жоқ. Ал интернетте жарияланған нұсқасы қомақтылау – шамамен 4,5-5 мың өмірбаяндық анықтамаға толықтырулар, нақтыланған деректер, түзетулер енгізілді. Қосымша ақпарат көздері табылды. Меніңше, анықтамалықтың практикалық және өзге мәні зор. Бір жағынан, оның моральдық мәні зор, өйткені әр адам ісіне өзі жауап беретінін, бәрі мәңгіге құпия қалады деген бос үміт екенін түсінуі тиіс. Кім болсын, бәрібір тарих алдында түбі жауап береді, - дейді Рачинский.
Оның айтуынша, «Бізде қылмыс құрбандары бар да, қылмыскерлер жоқ сияқты болып көрінетін». Енді тергеу жүргізген, айыптарды ойдан құрастырған, тұтқындарды азаптаған 40 мыңнан аса жендеттің аты-жөні белгілі болып отыр.
- Облыстық басқармаларды басқарған негізгі басшылардың жүздеген есімдері аталып келді, бірақ тергеуді олар жүргізген жоқ қой, олар тергеу амалдарымен, істерді ойдан құрастырумен тікелей айналысқан жоқ, бұл шаруамен қарамағындағы қызметкерлер айналысқан, ал олардың есімдері белгісіз болып келді. Енді, міне әлгі 40 мың есімнің арасында тергеу жүргізгендердің, ойдан айыптар құрастырғандардың, әлгі қылмысты жасағандардың (ату жазасын орындағандардың - ред.) бәрінің аты-жөні бар, - дейді белсенді.
Рачинский НКВД репрессиясына қатысқан, адамдарды саналы түрде азаптап, қылмыстық айыптауларды саналы түрде ойдан құрастырғандарды да ауыр қылмыскерлер, үлкен террорға жауапты деп біледі.
Оның ойынша, Сталин, жарлық қағазға қол қойған адамдар, бұйрық берген істі қарау тәртібін жеңілдету туралы заңды ойлап тапқан жендеттердің қылмысы осы жарлықтар мен заңдарды орындап, айыптауларды ойлап тапқан, адамдарды тікелей азаптағандар қылмысы бір.
- Айыптаулар мен бұрықтарды қағазға терген қыз-келіншектер мен адамдарды жазалау орнына тасыған шоферлер, ату жазасын орындаған атқыштардың кінәсі алдыңғыларға қарағанда аздау деп есептеймін. Олардың көбінің интеллектуалдық деңгейі төмен болған, әйтпесе мұндай кәсіпке бармас еді, - дейді белсенді.
Рачинский бұл тізімнің жариялануы полиция қызметкерлеріне сабақ болуы керек деген де ой айтады. «Қазір бұйрықты ойсыз орындап жүргендер жеке жауапкершілік деген бар екенін, 20, 50 немесе 70 жылдан кейін бәрібір жауапқа тартылатынын білгені дұрыс. Осы тұрғыдан да сталинизм тарихы, большевизм тарихы бізге сабақ болуы тиіс» дейді ол.
Любовь Чижованың мақаласы орыс тілінен аударылды. Мақаланы Азаттықтың қазақ тіліндегі сайтына бейімдеуге Рахат Мамырбек қатысты.