23 там, 2019 сағат 08:14

Нейробиологтар адам миындағы сигналдарды жазба мәтінге айналдырады

Әйгілі ғалым, космолог Стивен Хокинг сөйлегісі келген кезде өзінің жақ сүйегіндегі бұлшық ет қозғалысын бақылайтын синтезатордан сөздер мен әріптерді таңдайтын. Бірақ бұл Хокинг үшін өте ыңғайсыз құрылғы еді. Ал жақында дәрігерлер адамның дауыс сигналдарын тікелей ми қатпарларынан шығарудың жолын тапты.

Бұл бағдарламаның ең үлкен жаңалығы – адам миында пайда болған сөз сигналдарын шынайы диалог жылдамдығындай уақытта мәтінге айналдыруында болса керек. Қазіргі уақытта адам миын оқитын бағдарлама оған енгізілген сөздік қормен ғана жұмыс істейді. Бірақ ғалымдар бағдарламаны жақсарту арқылы пациент айтқысы келген барлық сөздерді табан астында мәтінге айналдыруға болатынына сенеді.

Калифорния университеті дәрігерлері сал ауруына шалдыққан адамдармен қарым-қатынас орнататын жаңа құрал ойлап табуға шындап кіріскен. Ал қазір қолданылып жүрген көз бен бұлшықет қозғалысын тіркеп отыратын виртуалды пернетақталар аса тиімді болмай тұр.

Өнертапқыш ғалым, нейрохирург Едвард Чаң: «Қазіргі уақытта сал ауруына шалдыққан адамдармен жылдам диалог құруға мүмкіндік беретін жасанды құрылғылар жоқтың қасы», - дейді «Nature Communications» журналына жариялаған мақаласында.

Бұл бағдарламаны жасауға эпилепсиямен ауыратын және миына операция жасалуы керек үш пациенттің де үлесі болды. Операциядан бұрын олардың ми қабығына кішкентай электрод жабыстырғыш орнатылған. Жабыстырғыш мидағы эпилептикалық талманың негізгі ошақтарын анықтауы керек болды.

Пациенттер бір апта бойы ауруханада болып, Чаң мырзаның зерттеуіне қатысуға келісім берген. Дәрігер электродтардың көмегімен әр пациентке тоғыз категория бойынша сұрақтар қойып, болуы мүмкін 24 түрлі жауапты оқытқан кездегі ми белсенділігін жазып отырған.

Жиналған жазбаларды Чаң мен оның жұмыс тобы сұрақ-жауап кезінде пайда болған ми сигналдарын компьютерлік модельдерге айналдырды. Нәтижесінде, бағдарлама пациенттің сұрақты естіген кездегі миындағы сигналдардың мәнін 61% және 76% дәлдікпен анықтап берген.

Зерттеу тобының мүшесі Дэвид Мусс: «Біз бірінші рет мидағы сигналдарды сөздер мен тіркестерге айналдырдық. Біз бұны тек бағдарламаға енгізілген шектеулі сөздік қормен іске асырдық. Болашақта пациенттің айтқысы келген сөздерін анық және дәл жеткізуді мақсат етеміз», - дейді.

Алғашқында бағдарлама пациенттің жақсы көретін музыкасын, хәл-жағдайын, бөлме температурасы мен оның жарықтығын және қашан оларға тексеріс жасауға болатыны жайлы қарапайым сұрақтарға жауап алды. Алайда, өнертабыстың әлі де жақсартатын тұстары бар. Бағдарлама мидағы сигналдарды күрделі мәтінге айналдыруы қажет. Ол үшін әр пациенттің миында пайда болатын ауызекі сөздерді компьютердік алгоритмдерге айналдырып, бағдарламаға жүктейді.

Ғалымдардың тағы бір мақсаты – адамның «ой-қиялын» оқу. Қазіргі таңда бағдарлама тілді қозғалтып, жақты ашуды қажет ететін, яғни механикалық мәтіндерді ғана анықтайды. Бірақ, кейбір пациенттермен қарым-қатынас құру үшін ол жеткіліксіз болуы мүмкін, сондықтан мидағы күрделі сигналдарды да оқитын әдістерді дамыту қажет.

Дегенмен, аталмыш өнертабыс болашақта бірқатар әдептілік мәселесін де қозғауы мүмкін. Бұған қатысты нейрологиядағы әдеп маманы Уинстон Чёң соңғы жазған мақаласында «нейропротездер» адамның ішкі ойларын әшкерелей ала ма деген сұрақты көтерді.

Ал бағдарлама авторы Чаң мырзаның айтуынша, біреудің айтқысы келген сөзін шифрлаудың өзі үлкен қиындық туғызған кезде, адамның ішкі ойларын ашу мүмкін емес. Аталмыш бағдарлама тек ауыз қуысы бұлшықеттерін қозғауға арналған мидағы сигналдармен ғана жұмыс істейді. «Бұл мүмкін болған күнде де, біз адамның ішкі ойларына қол сұғудан аулақпыз. Бірақ сөйлеу қабілетінен айырылған адамға басқалармен қарым-қатынас құруға көмектесуді ғалымдар мен дәрігерлердің міндеті деп санаймыз», - дейді ол. 

Мақалының түпнұсқасы: theguardian.com