10 там, 2021 сағат 11:35

Несіпбек Айтұлы: Абайдың өнегесі – ұлттық идеологияның өзегі


Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы барша қазақстандықтарды айтулы дата – Абай күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елордадағы Абай ескерткішінің алдына айтулы күнге орай тағзым ету үшін келген ақын Несіпбек Айтұлы ойшыл ақынның атымен аталатын мерекенің неліктен 10 тамызға дөп келгені туралы ойын айтты. 

«Абайдың туған күні туралы әркім әр түрлі пікір айтып келді. Бірақ былтыр ел болып осы тамыздың 10-ына тоқтадық. Өйткені М.Әуезов солай деп айтып кеткен. Әузовтен артық Абайды кім біледі? Бұл күн – ұлы күн. Біздің Алладан кейін аузымызға түсетін есім – Абай. Абай қазақтың төлқұжаты деуге болады. Абай жырлары, өсиеті арқылы біз бүкіл қоғамды тәрбиелеп отырмыз. Мынау заман өткен сайын, күн өткен сайын Абай уақытпен бірге үреді. Себебі Абай – мәңгілік», - дейді көрнекті ақын.

Қоғам қайраткері тәуелсіз Қазастанның мемлекеттік, ұлттық идеологиясының өзегінде Абай өнегесі жатқанын айтады.

«Абай бағдарлап кеткен бағыттан, Абай салып кеткен жолдың сорабынан адаспайтын болсақ, адамдықтан, парасаттан, ұлттың ұлы қасиетінен біз ешқашан ажырамаймыз. Сондықтан бүкіл қазаққа Абай атамыздың туған күні, Абай күні құтты болсын дегім келеді. Қазақ барда – Абай бар, Абай барда – қазақ бар», - деді Несіпбек Айтұлы.