04 шіл, 2020 сағат 10:00

Назарбаевтың үш стратегиясы

Сингапурлық ұлы реформатор  Ли Куан Ю өзінің «Үшінші әлемнен бірінші әлемге. Сингапур тарихы» деген еңбегінде үй салайын немесе қозғалтқышты жөндейін десең кітаптан қарауға болатынын, ал мемлекет құру туралы кітап жоқтың қасы деп жазады.

Қазақстан атты жаңа мемлекетті құрған кезде де ешқандай да оқу құралының болмағаны белгілі. Бүгінгі еліміз қол жеткізген табыстар Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланысты екені сөзсіз. Алпауыт Кеңестер Одағының көлеңкесінде құрылған жаңа мемлекетті басқаруда Назарбаевтың нақты стратегиясы болды ма?Болса, ол оны қалай әзірледі?

Алғашқы стратегия

1991 жылғы 16 желтоқсанда егемендік алғаннан кейін Қазақстан өзінің ресми саяси бағыты ретінде реформаларды жариялады. Осы сәттен бастап елде кеңестік үлгідегі саяси жүйеден демократиялық принциптерге негізделген жаңа жүйеге біртіндеп көшуді жүзеге асыру басталды. Біз «алға жылжу» бастаған кезде бізді қоршаған факторлардың көпшілігі қолайсыз болды. Ел жүйелі әлеуметтік-экономикалық дағдарысты бастан кешірді, соның салдарынан өнеркәсіпте құлдырау, гиперинфляция орын алды. Экономикалық формацияны ауыстыру  халықтың өмір сүру деңгейінің күрт төмендеуіне әкелді. Бұл ретте, саяси реформаларды жүзеге асырудың алғышарттарының бірі нарықтық экономиканың жұрнағы да болған жоқ.

Тәуелсіздік алумен бірге көптеген проблемамен бетпе-бет келген бұрынғы кеңестік жас республикалар стратегия ойластыруға ерте екеніне, алдымен күнделікті тіршілік қамын жеңе білу қажеттігіне назар аударады. Ал оларға қарама-қарсы көзқарас ұстана отырып, негізінен күнделікті мәселелерді шұғыл шешумен айналысса да, 1992 жылдың басында Н.Назарбаев  «Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуы» атты бағдарлама дайындауға кіріседі. Бағдарламаны әзірлеуге әртүрлі мамандар тартылып, тәуелсіз мемлекеттің алғашқы стратегиясы 1992 жылдың 16 мамырында жарияланды. Бұл құжат Қазақстанның жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға көшетінін көрсетті. Сол кездегі Жоғарғы Кеңестегі стратегияны талқылау бойынша пікірталастар өте қызу болды. Қазақстан Республикасының алғашқы даму стратегиясы кеңестік идеология күйреген аймақта құрылған қатерлі вакуум жағдайында жасалғанын айта кетуге тиістіміз. Басқа республикалардың тұрғындары сияқты, қазақстандықтар да абдырап, торығуға түсті, жаңа бағдарлар мен идеалдарды аңсау орын алды. Олардың ұсақ, бір сәттік пайдаға ден қойып, елдің болашағы мен өмірдегі өз орнын жоғалтуына жол беруге болмайтын еді.

 Жасы 50-ден жаңа асқан, амбициясы күшті Назарбаев 1994 жылы астананы ауыстыру туралы сол кезең үшін «ақылға сыймайтын» идея ұсынды. Жан басымен қайғы болып отырған ел үшін бұл «қияли» идея болды. Сол кезеңдегі депуттардың қарсылығын түсінуге болатын еді. Қазіргі күн белесінен сол кездерге көз тастайтын болсақ, рубльге тәуелді экономика, мемлекеттік бюджеті қаңырап бос тұрған, өндірісі құлдырған, арқа сүйетін армиясы құрылмаған, заңдары қабылданбаған, басқа ұлт өкілдері өз тарихи отандарына көз тігіп, қыр қазағы қалаға бет бұрып, ауыл қаңырап бос қалған аласапыран заман болған екен. Қазір әрине бұл идеяның қаншалықты қажет болғанын түсінеміз. Ал ол кезде бұл идеяны қабылдау өте қиынға соқты.

Қазақстанды әлем елдері мойындай бастады, өз армиямызды құрдық, дербес валюта, конституциямыз және мемлекеттік нышандарымыз да қабылданды. Бұл кезеңде жүргізілген саяси реформалардың логикасына көз тастайтын болсақ, іс жүзінде парламенттік республикадан күшті президенттік республикаға айналған кезең болды.  Әрине, сынаушылар бұл кезеңде Н.Назарбаев суперпрезиденттік басқару жүйесіне қол жеткізді деп айтады. Дегенмен де сол кезеңдегі қарқынды реформаларды жүргізу үшін президенттік басқару нысанының күшейтілуі өте қажет болды. Осы реформалардың арқасында кезек күттірмейтін мемлекеттік басқару шаралары орындалды.

1995 жылы жаңа Конституция жобасы жасалып, 30 тамызында жалпыхалықтық референдумда халықтың 90 процентке жуығы оны мақұлдап дауыс берді. Осылайша мемлекеттік құрылыс сенімді саяси-құқықтық негізге ие болды. Конституцияға сәйкес, тәуелсіз Қазақстан демократияшыл, зайырлы, унитарлы, әлеуметтік-құқықтық мемлекет, президенттік республика деп жарияланды. Президент ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын нақтылайтын ең жоғары лауазымды тұлғаға айналып, жоғары заң шығарушы орган - Сенат және Мәжілістен тұратын жаңа кәсіби парламент құрылды.

1992 жылғы стратегия ел үшін аса қатерлі әлеуметтік сценарийге қарсы маңызды тетік болды. Жас мемлекеттің жаңа саяси бағытын алғаш қалыптастырған 1992 жылғы стратегия одан кейінгі жылдардағы мемлекеттік құрылыстың іргетасына айналды. Сол құжатта көрсетілген көптеген стратегиялық бағыттар, одан кейінгі экономика мен саясаттағы тұрақтылық пен бетбұрыстар жүзеге асқан кезеңде, толық мәнінде дамытылды. Бұл алғашқы стратегияны «жан сақтау» стратегиясы деп бағалауымызға болады.

«Ес жинау» стратегиясы

1997 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессия сында сөйлеген сөзімнде ел дамуының алдағы жиырма-отыз жылға арналған бағдарламасын құруға тапсырма берді. 1997 жылдың 10 қазанында «Қазақстан-2030: барша қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты бағдарламалық қоғам стратегияны үлкен үмітпен күтті. Бұл уақытта әлем экономикалық даму жолында үлкен секіріс жасаған «азиялық жолбарыстар» – Оңтүстік Корея, Тайвань, Сингапур, Малайзияның табыстарына қайран қалып жатқан еді.  Осы елдердің табыстары жігерін қайраған Елбасы қазақы ұғымға сәйкес, Қазақстанды - аспантаулардың қарлы шыңдарын мекендейтін текті және киелі тау барысына балады.

«Қазақстан-2030» стратегиясының басты мақсаты – халқының әл-ауқаты жақсы, ынтымағы мықты, саяси тұрақтылығы мығым тәуелсіз мемлекет құру болатын. Жаңа стратегия қоғамға, бизнеске дем берді, сондай-ақ әлемдік нарық сәт сайын құбылып тұрған кезде мемлекеттік сектордың өз бағыт-бағдарын айқындауына жәрдемдесіп, дағдарысқа қарсы тиімді құралға айналды. 2030 стратегиясында ұзақ мерзімге жоспарланған жеті негізгі бағыт бөліп көрсетілді. Олар: ұлттық қауіпсіздік; ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның тұтастығы; қазіргі нарықтық қағидаларға сәйкес шетел инвестицияларының жоғары қарқыны және ішкі қорлардың көмегімен экономиканы одан әрі көтеру; денсаулық, білім беру мен қазақстандықтардың әл-ауқаты; инфрақұрылым, әсіресе көлік және байланыс; кәсіби мемлекетті нығайту болды.

Сол кездерде күнделікті мәселелерді жаһандық мақсаттарды ескере отырып шешу қажет еді, осылайша тактика стратегиямен берік байланыста болды. «Қазақстан-2030» стратегиясында халыққа дамудың тың, озық үлгісін ұсынылды. Елдің алыс келешегіне бастар алдын ала болжанған, кең, айқын жолдың көкжиегі ашылды. Бұл – үнемі әлемдік дамудың соңынан еріп отыратын ескі сүрлеу-соқпақтан батыл түрде бас тартып, тыңнан жол салу еді. Қазақстан бұрынғы КСРО-ның жаңа тәуелсіз мемлекеттері арасында бірінші болып аса ауқымды стратегиялық жоспарлауға кірісті. Тәуелсіздік алған елдердің көпшілігі тек бірнеше жыл өткен соң ғана осындай ұзақ мерзімді бағдарламаның қажеттігін түсініп, біздің үлгіге ойысты.

1997 жылдың 20 қазанында Н.Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» қаулыға қол қойды. Бұл қаулы «Қазақстан-2030» Жолдауын жария еткеннен кейін тура 10 күн өткен соң қабылданды. Осы қаулыға сәйкес, Ақмола 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап республика астанасы болды. 8 қараша күні қалаға Қазақстанның мемлекеттік символдарының эталондары: Мемлекеттік ту, Елтаңба және Президент байрағы салтанатты түрде әкелінді. Көп ұзамай-ақ жаңа астанаға заман талабына сай жаңаша ойлайтын, ұйымдасып, тез, жанын салып жұмыс істей алатын білікті мамандар жеделдетіп келе бастады. Елорданы көшіру жаңа мемлекетіміздің өмір жолындағы маңызды белес болғанын айтуымыз қажет.  Қазақстанның жаңа әкімшілік және саяси орталығының құрылысы бүкіл қоғамның, экономика мен қоғамның барлық салаларының дамуына жағымды әсер етті.

Елбасы стратегиялық курсты қабылданғаннан кейін 10 жылдан кейін оны іске асырудың негізгі қорытындысын шығарған кезде: «... Біз үшінші әлемнің мемлекеті болудан бас тарттық... халықаралық әріптестермен сындарлы қатынастар; саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа негізделген аймақтық көшбасшыға айналдық» деген екен. Бұл стратегия Қазақсатнның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 экономиканың қатарына қосылу мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік берді. Реформалар тездеді, мемлекеттік билік нығайып, халықаралық ынтымақтастық жанданды. Мемлекет «ес жинап», алдына жаңа мақсаттар қоя алды.

«Қалыптасқан мемлекеттің жаңа стратегиясы»

Әр дәуірдің өзіне тән стратегиясы болады. Елбасы 2012 жылғы 14 желтоқсанда жарияланған «Қазақстан-2050» cтратегиясы. Қалыптасқан мемлекеттің жаңа стратегиясы» ұлттық тарихымыздағы жаңа дәуірдің қақпасын ашты. Жолдаудың негізгі қағидаты: «Қазақстан енді – қалыптасқан мемлекет». Қалыптасқан мемлекет қана алдағы көптеген онжылдықтарға бағытталған және тіпті тұтас ғасырды қамтитын стратегияны жүзеге асыруға қабілетті. «Мықты мемлекет – күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақ мерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысады» – cтратегияда айтылған бұл сөздер оның алғышартын дәл айғақтайды.

Елбасы елімізді бұдан әрі дамытудың жеті басым бағытын анықтап берді: 1. Экономикалық саясат – пайда табу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген жалпыға ортақ прагматизм. 2. Кәсіпкерлікті – ұлттық экономиканың жетекші күшін жан-жақты қолдау. 3. Әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаттары – әлеуметтік кепілдіктер және жеке жауапкершілік. 4. Білім және кәсібилік – заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары. 5. Мемлекеттілікті нығайту және демократияны дамыту. 6. Дәйекті сыртқы саясат – ұлттық мүдделерді ілгерілету мен аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту. 7. Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі.

Н.Назарбаев ұсынған «Қазақстан-2050» стратегиясының ерекшелігі – даму мәселелерін теңгерімді және жүйелі түрде қарастырады. Оның негізгі экономикалық, әлеуметтік, саяси, дүниетанымдық бөліктері өзара байланысты әрі өзара сабақтас, ал біздің еліміздің одан әрі өркендеуін осы жеті басымдықтың тұтастығы қамтамасыз етеді. «Қазақстан-2050» стратегиясының негізінде барлығын қамтитын прагматизм қағидаты жатқандықтан, экономиканы және басқаруды қоса алғанда, барлық шешімдер экономикалық мақсатқа және ұзақ мерзімді мүдделерге сәйкестік тұрғысынан қабылдануы тиіс.

Берекелі еңбек қоғамына негізделген, мықты экономиканың негізінде әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруге бағытталған бұл стратегия Қазақстанның экономикалық, саяси және қоғамдық салалардың өзара жүйелі жаңғыруын іске қосты. Осы үдерістің құрамдас бөлігі мемлекеттік басқару аппаратын жаңғыртуға, азаматтық және құқықтық институттардың жұмысын жетілдіруге, экономиканы одан әрі индустрияландыруға бағытталған Бес институционалдық реформа мен "100 нақты қадам" Ұлт жоспары болды.

Жалпы кез келген стратегияның табыстылығының өлшемі - оның іс жүзінде жүзеге асуы. Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған әр стратегия заман талабынан туындаған қажетті құжаттар болды. Әр стратегия жаңа бір модернизацияның негізіне айналды. «Қазақстан-2050» страгиясының орындалуы барлық қоғамның мобилизациясын қажет етеді. Бұл шараларды орындау науқаншылдықты емес, жүйелі жұмысты талап етеді. Осы стратегияның орындалуынан біздің болашағымыз байланысты болмақ.

Елдос Жумагулов, политолог