06 жел, 2017 сағат 12:34

Назарбаев: "Жұрт бізде ЭКСПО өткенін ұмыта бастады, ал мен ұмытқан жоқпын..."

Бүгін ұлттық телекөпір барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев "ЭКСПО" көрмесінде таныстырылған жобаларды енгізу толықтай үкіметтің жауапкершілігінде екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мемлекет басшысының айтуынша, халықаралық көрме алаңында таныстырылған жаңашылдықтарды енгізу және пайдалану бойынша үкімет жүйелі жұмыс жүргізуі керек екенін атап өтті. 

"Біз "ЭКСПО" халықаралық көрмесін сәтті өткіздік. Көрме алаңында баламалы жаңартылатын энергетика саласында 140 ғылыми әзірлеме таныстырылды. Екі ай өтті, адамдар бізде "ЭКСПО" болғанын ұмыта бастады, бірақ мен ұмытқан жоқпын. Біз көрмені не үшін өткіздік, не үшін осыншама ауқымды жұмыс атқардық? Әлем елдері бізге келіп, баламалы энергетика саласындағы ең үздік технологияларын таныстырды. Үкімет осы жаңашылдықтарды енгізу, пайдалану бойынша жүйелі жұмыс жүргізуі керек. Сол елдерге барып, технологиялардың оларда қалай жұмыс істейтінін, оны біздің елге қалай енгізу керектігін ойластыруы қажет. Яғни, жаңа жобаларды Қазақстанда енгізу мен пайдалану бойынша барлық жауапкершілік үкіметтің мойнында", — деді Президент.

Сөз соңында Мемлекет басшысы "ЭКСПО" көрмесі аумағында "Астана" халықаралық қаржы орталығы құрылатынын, ауқымды жұмысқа үкімет те, парламент те, барлығы бір адамдай атсалысуы керектігін айтты.