13 қар, 2018 сағат 16:02

Назарбаев: Жекелеген елдердің санкциясы - Еуразияның геоэкономикасының басты проблемасы

Жекелеген елдердің экономикалық санкциясы Еуразияның геоэкономикасының басты проблемасы болып отыр. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Астана клубының жалпы отырысында ҚР Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз қолданатын коммуникациялардың қауіпсіздігі тағы да бір маңызды сын-тегеуірінге айналады. Елдер үшін тежеуші фактор жаһандану нәтижесінде қалыптасқан тығыз экономикалық өзара тәуелділік болып саналады. Дегенмен, сауда соғыстары мен санкциялар бұл фактордың мәнін шайып жібереді», - деді Елбасы.

Қазақстан Президентінің пайымынша, айқынсыздық жағдайы барлық елдердің жаңа «қырғи қабақ соғыс» шегінде ауытқып жүруіне мәжбүрлеп отыр. Мұндай «соғыс» барлығына тек жеңіліс әкеледі.

Мемлекет басшысы Еуразияның геоэкономикасы үшін жекелеген мемлекеттердің біржақты тәртіппен және қарымта жауап санкциясы ретінде енгізіп отырған экономикалық санкциялары маңызды проблемалардың біріне айналып отырғанын баса айтты.

«Үлкен Еуразияның кейбір бөліктерінде кең ауқымды әскери тайталастың жоғары варианттылығы қалуда», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, Елбасы жиын барысында Үлкен Еуразияның сұлбасы қалыптасып келе жатқанын айтып, Ресей, АҚШ және Қытай арасындағы геосаяси бәсекелестікке алаңдаушылық танытты.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік державалар қарулану жарысына қайта оралуы мүмкін екендігін ескертті.